Қазақстан • 22 Сәуір, 2021

Тариф тұрғындарды тығырыққа тіремеуі тиіс

1077 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгідей қиын кезеңде монополистердің тарифті көтеруіне жол жоқ. Ел Үкіметі осыған ерекше назар аударып отыр.  Монополистердің қызметін Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді. Комитет төрағасының орынбасары Асхат Жапсарбайдың айтуынша, мұндай бизнестің қызметіне мемлекеттің араласуы қалыпты дүние.

Тариф тұрғындарды тығырыққа тіремеуі тиіс

– Кез келген мемлекеттің экономика­лық саясаты қолайлы инвестициялық ахуал құруды, мемлекет-жекешелік әріптестік­ті дамытуды, экспортты ынталандыруды көз­дейді. Мұның түпті мақсаты – экономи­ка­­лық әлеуетті арттыру. Бұл ретте, біздегі эко­но­мика секторларының дамуына және бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға әсер ете­тін фактордың бірі – табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді жұмыс істеуі. На­рық­тық экономикадағы табиғи монополия тиімді бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Сол себепті оның қыз­метіне мемлекет араласады. Олар қоғамға қажетті дүниені ұсынып отыр. Оны алмастыратын басқа өнім жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан бақылаудың болғаны дұрыс, – дейді А.Жапсарбай.

Негізінде табиғи монополия субъектілері макроэкономикалық маңызды функцияны іске асырады. Мәселен, нарықта олардың өніміне деген сұраныс үнемі артып отырады. Сұраныс артқанымен, өндірістің оған шамасы келе бермейді. Сондықтан табиғи монополия ішкі нарықтың сұранысын реттейді. Бұл өте маңызды.

– Табиғи монополия субъектілері нарықтық қатынастар аясында экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда олардың тарифін реттеу іскерлік белсенділікті ынталандырудың пәрменді құралы саналады. Бұдан бөлек, олардың ірі салық төлеуші екенін де ұмытпаған абзал, – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Бұл ретте, тұрғын үй-коммуниалдық инф­­ра­құрылымның дамуы тікелей тарифке бай­ланысты. Өйткені халықтың өмір сүру дең­гейінің, тұрғын үй жағдайының аталған сала­ға тікелей қатысы бар. Бүгінгі таңда тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сы табиғи монополия субъектілерінің тарапынан дұрыс қаржыландырылмайды. Н­егіз­гі желі­лер әбден тозған. Салдарынан энер­гия мен судың біраз бөлігі ысырап бо­лып жатыр. Жалпы, табиғи монополия субъек­тіле­рі­­не қатысты мәселелер көп. Кадрлардың же­­тіс­­­пеушілігі, жинақтаушы материалдар құны­­ның өсуі секілді мәселелерді атап өтуге болады.

– Табиғи монополия саласындағы кә­сіп­орындардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды кәсіпорындардың қаржылық қыз­метін басқару кезінде міндетті түрде ескеру керек. Сондықтан басқару моделін рефор­малаған кезде кешенді реттеу шараларына мән берілуі тиіс. Ол ұсынылатын қызмет­тер­дің сапасын, субъектілер қызметінің эко­но­ми­калық тиімділігін арттыруды ынта­лан­дыруға бағытталуы маңызды. Сонымен қатар жабдықтар мен техниканың тозуына, нормативтік құқықтық базаның жетілме­генді­гіне байланысты проблемаларды шешу де назарға алынуы керек, – дейді А.Жапсарбай.

Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасында табиғи монополия саласындағы реттелетін қызметтерді дамыту, оларды көбейту және баға белгілеу мәселелері өзекті болып отыр. Егер жиынтық әлеуметтік өнімді көбейту жайын қарастырсақ, онда оған табиғи моно­полиялар саласы да қатысуы керек. Материалдық тауарлар сияқты реттелетін қыз­меттер де тұтынылады. Тиісінше ол көбейтілуі қажет. Мәселен, су мен энергия­ны алайық. Олар тұрақты түрде көбейтіліп оты­руы керек. Әйтпесе, жүйедегі кідірістер қо­ғам­дағы жағдайға теріс әсер етеді.

– Табиғи монополиялар субъектілері өндірістік активтерінің басым бөлігі тозған. Сондықтан реттелетін салаларда өндірістік қуат пен ресурстарды тасымалдау желілерін жаңартуға бағытталатын инвестиция жыл сайын көбеюде. Жағдайды реттеу үшін та­риф­ті көтеру керек. Бұл да өз алдына бөлек проблема. Жоғарыда кадр жетіспеушілігі мәселесін айттым. Бұл Қазақстанның бар­лық өңірі үшін өзекті болып отыр. Себебі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сын­дағы қазіргі келеңсіз жағдайдың бір ұшы білікті кадрлардың жетіспеушілігінде, сон­дай-ақ қызметкерлер арасындағы буын сабақ­тастығының сақталмауында жатыр. Оның үстіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жоғары технологиялық сала болғандықтан, мұндағы мамандар үнемі біліктілікті арттырып отыруы керек. Ал бұл шаруаға мүлдем мән берілмейді де, – дейді ол.

Мәселелерді шешу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Атап айтқанда, субъек­тілердің инвестициялық бағдар­лама­лар­ды іске асыруындағы тиімділіктің бірқатар жаңа өлшемшарттары мен көрсеткіштерін ен­гізу қажет. Мәселен, реттеліп көрсетілетін қыз­мет­тердің шикізат, материалдар, отын, энергия шы­ғындарын төмендету керек. Сондай-ақ негізгі құралдардың тозу деңгейін азайту қажет.

– Әлбетте, инфрақұрылымға қаражат са­лынған соң, табиғи монополия субъектілері мін­детті түрде тарифті көтеруге тырысады. Мұ­ны жасырудың қажеті жоқ. Өйткені бәрі де жұмсаған ақшасын кері қайтарып алуға тырысады. Осы орайда, біздің комитет бірнеше жылдан бері халық үшін тарифтердің өсуін тежеу саясатын жүргізіп келе жатыр. Әсіресе, пандемия кезінде адамдар жұмыссыз әрі табыссыз қалған уақытта тарифті өсіру қисынға келмейді. Сондықтан комитет субъектілердің тарифті көтеру туралы өтініштерін кері қайтарады.

Субъектілер тарифті көтеру арқылы жи­нал­­ған қаражатты мақсатты түрде жұм­сауы керек. Яғни тарифтер коммуналдық қызмет­тер саласының инфрақұрылымын ұстау­ға және жаңартуға бағытталатын шы­ғын­дар дең­гейіне тікелей байланысты. Өкі­ніш­ке қарай, субъектілердің барлығы бірдей осы бір саясатты адал орындамайды. Тиі­сінше, тарифті реттеуші ретінде біздің ведомство тарапынан осындай іс-әрекеттері үшін жазаланады. Бұл жердегі маңызды мә­селе – тариф саясатында тұтынушылар мен қыз­мет көр­сетушілер мүддесінің теңгерімін сақ­тай оты­рып, халықты оңтайлы жағдаймен қам­тамасыз ету, – дейді А.Жапсарбай.

Бұдан бөлек, табиғи монополия субъек­тілері басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру маңызды. Яғни көрсетілетін қызмет пен қызметкерлердің жұмыс сапасы үшін алдымен бірінші басшы жауап беруге тиіс. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мамандардың біліктілігіне міндетті талаптар енгізу керек. Субъектілердің басшылығына мамандарды тұрақты түрде оқытуды міндеттеу қажеттігі жиі айтылады.

Бүгінгі таңда табиғи монополия саласында импорттық құрауыштардың жоғары құбылмалылығына қатысты проблема да жоқ емес. Бұған әсер ететін көптеген фактор бар. Мәселені шешудің жолы – отандық өндірушілерді ынталандыру, ел аумағында жаңа кәсіпорындар құру, импортты алмастыру саясатын дамыту. Импортты алмастырудың табысты стратегиясын қалыптастыру үшін екі базалық шарт қажет. Біріншісі – ішкі нарықтың ауқымдылығы, екіншісі – ішкі шикізат пен қаржы ресурстарының молдығы.