Мемлекет басшысы бірінші кезекте мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымның бірін Атыраудан бастағанымды білесіздер. Мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігі, тұрғындардың әл-ауқаты әрдайым менің жіті назарымда. Жалпы, өңір қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі жалпы өніміндегі облыс экономикасының үлесі 10 пайыздан асты. Елімізге тартылған инвестицияның 30 пайызға жуығы осы аймаққа тиесілі. Қазақстанның өнеркәсіп өнімінің жалпы көлеміндегі Атыраудың үлесі 20 пайызға жетті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыста түйіні шешілмеген мәселелердің де бар екенін еске салды. Мысалы, былтыр аймақта өнеркәсіп өндірісі мен тұрғын үй құрылысының көлемі, шағын және орта бизнес өндіретін өнім мөлшері азайып кеткен.
Мемлекет басшысы Атырау облысының жағдайы туралы барлық баяндамаларды тыңдап шыққаннан кейін, аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді атады.
– Індеттен туындаған қиындыққа қарамастан, ел экономикасын қалпына келтіруге күш жұмылдыруымыз қажет. Қазір бүкіл әлем дамудың дағдарыстан кейінгі кезеңіне қадам басты. Біз осы үрдістен қалып қоймауымыз керек, – деген Мемлекет басшысы ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажет екеніне тоқталды.
– Атырау облысы – еліміздегі ең үлкен индустриялық өңірдің бірі. Аймақтың мұнай-газ өнеркәсібі шетелден инвестиция тарту саласында көш бастап келеді. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі инвестициялық имиджін арттыруға септігін тигізуде. Облыс республикалық бюджетке және Ұлттық қорға қомақты қаржы құйып отыр.
Үкімет өңір әкімдігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын уақтылы жүзеге асыруды бақылауға алуы тиіс. Болашақта кеңею жобасын уақтылы аяқтау маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеру керек. Сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 млн тоннаға арттыруға болады. Нәтижесінде, жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аймақтағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының жұмысына қатысты біраз мәселе бар екенін айтты. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы аталған нысанды дамытуға 162 млрд теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған. Президент осы олқылықтарды тез реттеп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы басымдық берген тағы бір мәселе – автожолдарды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отырғанын айтты. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған.
– Аймақтағы республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызы және облыстық маңызы бар жолдардың 61 пайызының ахуалы орташа немесе жаман емес деуге болады. Бірақ бұл – орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі.
Облыста жол апатының жиілеп кетуі бәрімізді, ең алдымен, жергілікті азаматтарды алаңдатады. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан 69 адам, соның ішінде 6 бала қайтыс болды. Мұндай ахуал жыл сайын қайталануда. Әсіресе, «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн.
Өкінішке қарай, бұл жол адам өміріне үнемі қауіп төндіріп отыр. Биылғы екі ай ішінде осы жолдың бойында 7 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам қазаға ұшырады. Сондай-ақ, 15 адам зардап шекті. Бір ғана жол апатынан 15 бала жетім қалды. Бұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Үкімет пен өңірдегі әкімдіктердің міндеті – жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, «Орал-Атырау» тас жолының аймақ үшін стратегиялық маңызы зор. Барлық жолаушы және жүк тасымалы осы жол арқылы өтеді. Автожолдың бойында көлік тұрағы жоқтың қасы. Шын мәнінде, жолдың сапасы көңіл көншітпейді.
– Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруі тиіс. 2019 жылдан бастап еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек, – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент мемлекеттің тапсырысын орындаймын деп келген кез келген мердігердің басты міндеті – сапалы жұмыс болуы керек екенін атап көрсетті. Президенттің айтуынша, мердігерлерге қойылатын талап та қатаң болуы тиіс, бұған Үкімет жауапты.
Орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын айтты. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Бұл жұмыс Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы қажет екенін ескертті.
Президент Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды.
Кеңесте Президент көтерген мәселенің бірі – жұмыспен қамту. Бүгінде Атырау облысындағы тұрмыс деңгейі еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда жоғары. Орташа жалақы 358 мың теңге, бұл – жалпы республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары. Дегенмен өңірде жүзеге асырылып жатқан «Болашақта кеңею» жобасы жақында аяқталады. Алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайды. Облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін атап өтіп, Үкіметке тиісті шара қабылдау керектігін айтты.
Жиында денсаулық сақтау жүйесін нығайту мәселесі де кеңінен сөз болды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын алуды және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырды.
– Коронавирус індеті қайтадан өршіп, эпидемиялық ахуал күрделеніп барады. Бұл ретте, аймақтың ерекшелігін ескеріп, еңбек ұжымдарындағы ахуалға айрықша назар аудару керек. Облыс кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болуда. Облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын-алу және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырамын. Вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажет.
Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр. Бұл ахуал адам өлімінің күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент облыс басшылығына емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен және медициналық құралмен қамтамасыз етуді жеке бақылауға алуды, сонымен қатар, анестезиология және жан сақтау бөлімдерін толық жабдықтауды, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу міндетін жүктеді.
Президенттің айтуынша, Ресеймен шекарада автокөлікпен өтетін бекеттің болуы өңірдің эпидемиологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.
– Автокөліктер өтетін шекара бекетінде жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, жұрт шекарадан автокөлікпен өтетін орындарға қатаң санитарлық-карантиндік бақылау орнатуды тапсырамын.
Іссапарға шығатын санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарының қызметіне барлық жағдайды жасауды жүктеймін. Қазіргі таңда әртүрлі штамдар пайда болып, кеселмен күрес қиындай түсті. Өкінішке қарай, қауіпті дерттің кесірінен ұлтқа берері көп танымал тұлғалардан да айырылып қалып жатырмыз. Бұл – бүкіл еліміз үшін орны толмас қайғы. Мемлекет үшін әр адамның өмірі қымбат. Сондықтан барша жұртты жауапкершілік танытуға, сақ болуға шақырамын.
Коронавирусты жеңудің ең тиімді жолы – вакцина салу екенін үнемі айтып келемін. Біз қазір халықтың жаппай вакцина алуын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмыста ірі кәсіпорындар басты назарда болуы тиіс. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән беріңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кеңесте өңірдегі денсаулық сақтау нысандары ескіргенін, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, көпбейінді аурухана, психикалық денсаулық орталығын және заманауи қалалық емханалар салу мәселесін шешуі керектігін айта келіп:
– Айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мектеп түлектері дәрігер мамандығы бойынша білім алуы үшін грант санын көбейту қажет. Сонымен бірге, өңірде медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау керек.
Қоғам өкілдері бірнеше жылдан бері облыс орталығында спортқа ерекше қабілеті бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу мәселесін көтеріп жүр. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп бұл мәселені де қарастыруды тапсырамын, – деді.
Президенттің сөзіне қарағанда, өңірдің табысты дамуы үшін аймақты энергиямен тұрақты түрде қамтамасыз ету маңызды. Дегенмен бұл бағытта да әлі пысықтайтын жұмыстар бар. Сондықтан Үкімет бұл тарапта кешенді шаралар қабылдауы қажет.
Кеңес барысында өзекті дүниенің бірі ретінде өңірді сумен қамтамасыз ету мәселесі қозғалды.
Су – аймақтың орнықты дамуы үшін қажетті басты ресурстың бірі. Алайда Жайық өзені қатты тартылып, оның экологиялық ахуалы күннен күнге нашарлап барады. Бұл мәселе онсыз да ауыз суға мұқтаж болып отырған жергілікті тұрғындарды толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де үлкен қиындықтарға тап болып жатыр.
Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге, Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, өңір халқының бір бөлігі мен мұнай өндіретін компаниялар «Астрахань–Маңғышлақ» су құбырынан ауызсу алып отыр. Бүгінде бұл су құбырының тозығы жеткен. Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Әлі күнге дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауызсу жетпеген. Президент Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді.
Азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы экологиялық ахуалға тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тарапта Атырау облысы мақтанарлық жағдайда емес. Былтырдың өзінде өңірде ауаны ластаған 160 жағдай тіркеліпті.
– Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы қастерлі әрі тарихи орындардың бірі ежелгі Сарайшық қаласы жайында айта келіп, оның маңыздылығы мен танымалдылығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет екенін айтты.
– Біздің бабаларымыз қала салып, жаңа мәдениетке жол ашқан. Әйгілі Сарайшық – соның айқын дәлелі. Мұнда Алтын Орда дәуірінің хандары және қазақтың ұлы ханы Қасым хан жерленгені белгілі. Жалпы, ұлан-байтақ жеріміздегі көне шаһарларды, мемлекеттігіміздің тарихында айрықша орны бар Алтын Орданы жан-жақты зерттеп, ғылыми ақпараттық жұмыстарды жүйелі жүргізу керек. Сол арқылы елдік шежіремізді кеңінен таныта аламыз. Осыны жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек.
Сарайшықтың маңыздылығы мен танымалдылығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ келісімін әлі алмаған. Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңірдің даму барысын және барлық мәселелердің уақтылы шешілуін өзі тікелей бақылауда ұстайтынын атап көрсетті.
– Менің тапсырмам бойынша Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалды. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеміз.
Жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталады. Атап айтқанда, көпбейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан бой көтереді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы салынады. Бұдан бөлек, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы жаңа баспанаға ие болады.
Жалпы, кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Оны іске асыру үшін 9 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар жоспарға сәйкес бюджеттен 800 млрд теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 млрд-қа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады. Мәселе – бөлінген қаражатты тиімді жұмсауда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кеңестегі сөзінің соңында басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын және әл-ауқатын арттыру екенін жеткізді.
Үкіметке осы жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, оны бір айдың ішінде бекіту тапсырылды.
Кеңесте Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады.