Айтулы жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған Алматы облысының тумасы Елдана Тәліпова екені баршаға мәлім. Аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан қазақ қызы ширек финалдық сайыста Украинаның өкілі Виктория Левчукті екінші раундта есінен тандырып, жартылай финалға жолдама алды. Бірақ бұл межеде Елдананың жолы болмады. Аса шиеленісті өткен бәсекеде ол Молдова боксшысы Дария Козорезге есе жіберіп, қола медальды қанағат тұтты. Десек те, Тәліпованың Польшадағы өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Кеше Елдана Тәліпованың алғашқы бапкері Дархан Қабыланбековпен жолығып, айтулы былғары қолғап шебері жайында біраз мағлұмат алдық. Дарханның өзі де кезінде осы спорт түрімен шұғылданып, азды-көпті табыстарға қол жеткізген екен. Сонымен қатар кикбокс және қоян-қолтық айқастан да түрлі жарыстарда өнер көрсетіп, біраз жарыста қанжығасы майланыпты. Қазіргі кезде Дархан өзінің досы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасовпен «Дарын» промоутерлік компаниясын құрып, отандық кәсіпқой боксты дамытуға барынша атсалысуда. Айтулы промоушеннің ұйымдастыруымен Жетісу өңірінде бірқатар дүбірлі доданың ұйымдастырылғанын жанкүйерлер жақсы біледі.
– Мен бірер жыл Алматы облысының Іле ауданында бапкер болып еңбек етіп, бокс өнеріне аңсары ауған жастарды жаттықтырдым. Солардың қатарында Елдана Тәліпова да бар. Мен оны «Қазциктегі» орта мектептің сегізінші сыныбында оқып жүрген кезінде байқадым. Өз құрбыларынан бойы едәуір ұзын қызға бірден назарым ауып, оған бокспен айналысу жайында ұсыныс айттым. Алдымен Елдананың апасы Жұпар Омаровадан рұқсат сұрап, сол кісінің ақ батасын алдым. Содан жаттығу жұмыстарына кірісіп, шәкіртімнің шеберлігін әбден шыңдадым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Елдана өзі қатысқан жарыстардың барлығында жүлделі орындарды иеленіп, үнемі жеңіс тұғырына көтерілді. Міне, енді жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медальды мойнына ілді. Мен шәкіртіме дән ризамын. Алдағы уақытта Елдананың бағындырған белестері бұдан да биік болатынына өз басым еш шүбә келтірмеймін, – деп Дархан Қабыланбеков ағынан жарылды.
Айтқандай-ақ Елдана Тәліпова қысқа ғана мерзім аралығында өз құрбыларының алды болды. Орта мектепте оқып жүрген кезінің өзінде бірқатар республикалық және халықаралық турнирде атой салды. Әлі есімізде, 2017 жылы 15 жастағы Елдана Швецияға сапар шегіп, «Алтын қыздар» деп аталатын дүбірлі додада алтыннан алқа тақты. Финалдық сайыста ол ирландиялық Лорен Лайонды 90 секунд аралығында ұрып жыққаны жайында сол кезде барлық газеттер жарыса жазған еді. Содан кейін Украина, Ресей және тағы басқа мемлекеттерде жалауы желбіреген жарыстарда Тәліпова бас жүлдені олжалады.
Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы Қазақстан біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген Елдана Тәліпова биыл Польшада өткен әлемдік додада Қазақ елінің намысын қорғады. Жауапты жарыста ол жанкүйерлер сеніміне селкеу түсірмей, елге қола медальмен оралды. Елдананың ендігі мақсаты – Қазақстанның қыздар құрамасы сапына еніп, байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғау.