Жалпы, тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш жақсы болғанымен, мәселені толық шеше алмайды екен. Яғни облыстағы 2 млн жанның басына шаққанда алғашқы медициналық көмек көрсететін орындардың тапшылығын жою үшін әлі де біраз уақыт керек. Ал атқарушы билік елді мекендердегі сұранысқа ие емханалардың жұмысын жандандыруға күш салып-ақ келеді. Қазіргідей пандемия жағдайында ақжелеңді абзал жандардың жұмысына деген құрмет пен сын да артатыны сөзсіз. Жетісулық дәрігерлер осы талап үдесінен шығып отыр деуге толық негіз бар.
Мысалы, жұқпалы індетпен күрес жағдайында қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған медицина мекемесінің бірі – Іле ауданына қарасты Боралдай кентіндегі аудандық аурухана. Бұл мекеме Боралдай кенті, Водник, КазЦИК, Комсомол, Чапай, Междуреченск ауылдары тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп отыр әрі Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханадан кейінгі аудандық аурухана мәртебесіне ие. Қазір мұнда стационар бөлімі, күндізгі стационар бөлімі, қабылдау бөлімі, онколог-мамолог, эндокринолог, стоматолог, хирург, гинеколог, невропатолог, рентгенолог, окулист, УДЗ кабинеті, психолог, әлеуметтік қызметтер мамандары, учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі жұмыс істейді. Ауруханадағы заман талабына сай алынған лапароскопия аппараты тұрғындардың дертін дөп басып анықтап, дертіне шипа болып тұрғанына науқастар дән риза.
– Лапароскопиялық технология дегеніміз – науқастың ішкі ағзасына отаны тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдіс. Осы тәсілмен әртүрлі ота жасалуда. Бұл жұмысты өз ісінің маманы, аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрбол Нұржанов қолға алған. Сондай-ақ емханада ультрадыбыстық зерттеу, сүт бездерінің рентгенологиялық зерттеуі, сүт бездерінің пункциондық биопсиясын зерттеуге арналған маммография аппараты алынды. Бұл аппаратпен 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерге сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында тексеру жүргізеді, – дейді Боралдай кентіндегі аудандық аурухананың бас дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Дариға Садықова.
Боралдайдағы бұл ауруханада 75 дәрігер, 125 медбике жұмыс істейді екен. Бүгінде коронавирус індетінің таралуы асқынған сайын дәрігерлердің кәсіби қызметіне сұраныс артып, жауапкершілік жүгі еселей түскен. Ал ауруханада еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген ақжелеңді абзал жандар көп. Мысалы, дәрігер-терапевт Алма Айдарбекова, зертхана бөлімінің меңгерушісі Ардақ Оспанқұлова, жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Самал Ақыбаева мен балалар дәрігері Ұлбибі Ахметалиева сынды дәрігерлерді атап айтуға болады.
– Боралдай аудандық ауруханасының қызметкерлері де жұқпалы індет жаппай таралған кезеңнен бері, яғни былтырғы наурыз айынан бастап асқан жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді. Ауруханада облыс бойынша алғашқылар қатарында жедел көмек көрсететін провизорлық бөлімше ашылып, жұмыс істеп тұр. Сақтық шаралары қатаң түрде сақталып, барлық қызметкер жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер мен медбикелер осындай қиын сәтте өздерінің еңбектерін шыңдап, үлкен тәжірибе жинақтады, – дейді бас дәрігер Дариға Балтабекқызы.
Алматы облысы