Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Дунайдың жағалауына Сәкен Бибосынов (52 кило), Серік Теміржанов (57 кило), Ертуған Зейнуллинов (63 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Василий Левит (91 кило) және Нұрлан Сапарбай (+91 кило) сынды талай дүрмекте ысылған белді боксшыларды апаруды жөн көрді. Олардың алды Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алса, өзгелері халықаралық турнирлерде атой салды.
Сонымен қатар Сербияда Ермахан Жақпеков (75 кило), Нұрқанат Райыс (75 кило) және Нұрбек Оралбай (81 кило) сайысқа түсуде. Олар – осыған дейін жастар буыны арасындағы көптеген жарыста жасындай жарқылдап, ересектер арасындағы елішілік жарыстарда өздерін мойындатқандар.