Бүгін түскі үштер шамасында Алматыдағы «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісі мен белгісіз ер адамның арасында жанжал туындап, ер адам күзетшіге оқ атқан. Аяғына оқ тиген күзетші ауруханаға жеткізілген.
Ал оқ атқан ер адам сол үйдің 17-қабатындағы өзінің пәтеріне жасырынып, отызға жуық оқ жаудырып, келген полицейлерге ғимаратты жаратынын айтып, қоқан-лоққы көрсеткен. Кейін терезесіне түсініксіз жазу жазылған қағаз іліп қойған. Полиция тұрғын үй кешенін қоршап, күдіктімен келіссөз жүргізуге тырысқан. Бірақ күдікті диалогқа барудан бас тартқан. Осы сарсаңның себебінен тұрғын үй кешенінің тұрғындары 6-7 сағат бойы пәтерлеріне кіре алмаған. Куәгерлердің айтуынша ер адам бұған дейін де көршілеріне дөрекілік танытып келген.
Кешкі тоғыз жарым шамасында күдікті 17-қабаттағы өз үйінің терезесінен секіріп кетті.
Осы жағдайға байланысты Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілдері оқиға орнында шағын брифинг өткізді.
Полицияның мәліметі бойынша оны ешкім терезеден итермеген, ол өзі қолындағы қаруымен бірге 17-қабаттан секіріп кеткен.
«Полиция қару қолданған жоқ. Тек дыбыс шығаратын гранаталар ғана қолданды. Күдіктімен келіссөз жүргізуге 6 сағаттай уақыт жұмсалғанмен нәтиже бермеді. Алдын ала болжам бойынша, күдікті жасаған қылмысы үшін жауапкершіліктен қорыққан болуы керек. Қаза тапқан ер адам 1963 жылы туған. Полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ», деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бұған дейін ол секірген кезде «Аллаһу акбар» деп секірді деген ақпарат тараған болатын. Құзырлы орган бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
Қазір тергеу амалдары басталған.