Қазақстан • 26 Сәуір, 2021

Мораторийді бес жылға ұзарту ұсынылды

278 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-отырысы өтті. Онда көпшілік дауыспен жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы ұсыныс қабылданды.

Мораторийді бес жылға ұзарту ұсынылды

Отырыста жер кадастры мәлімет­терінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша кадастрлық ақпаратты, оның ішінде заңды тұлғаның атауы немесе жер пайдаланушылар болып табылатын азаматтардың тегін көруге мүмкіндік беретін норманы әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс қолдау тапты.

Сондай-ақ елді мекендердің айна­ла­сын­дағы қоғамдық жайылымдарға арнал­ған жерлерді белгіленген радиус шегінде резервтеуді көздейтін норма­тивтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау жөніндегі ұсыныс бекітілді.

 Осыдан кейін қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру мәселесі қызу талқыға түсті. Аталған мәселеге қатысты алғашқы болып сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров соңғы жылдары шетелдіктер үшін ауыл шаруашылығы жерлерін са­ту және жалға беру мәселесі өткір көте­рілгенін, бүгінгі таңда бұл мәселе түбе­гейлі шешілгенін, яғни шетелдіктер Қа­зақ­станның ауыл шаруашылығы жер­лерін иелене алмайтынын баса айтты.

«Бұл ретте бизнесін тиімді дамыт­қысы келетін қазақстандықтарға ұзақ мерзімді жалға алумен қатар, ауыл шаруа­шылығы жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру керек. Сондық­тан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы: жерді пайдаланудың екі институтын да – қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалдауды да, жекеменшікке алуды да сақтап қалу қажет. Қазақ­стан­дық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы алқаптарына жеке­меншік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз шын мәнінде ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе Қазақстанда ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жекеменшікке және оны сатып алу-сату бойынша еркін нарық пайда болады», деді министр.

Оның айтуынша, өткен отырыста банк кредиттерін тарту үшін жердің өтімділігін көтеру мәселесі бірінші рет көтерілген.

«Әкімшілік жағынан екінші деңгейлі банктерді жердің кепілдік құнын көтеруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Оны бәріміз де түсінеміз. Демек, жердің нақты нарық­тық құны болуға тиіс. Ал бұған жекеменшік институтын енгізу және ауыл шаруа­шылығы жерлерін сатып алу-сату нарығы жағдайында ғана қол жеткізуге болады. Иә, Жер комиссиясындағы талқылау барысында ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы бірдей жекеменшікке сатылып кетіп, ірі жер иеленушілердің қолына шоғырланады, сондай-ақ ұтымсыз пайдаланылады деген алаңдаушылық айтылды. Осындай алаңдаушылықтарға бола қазақстандықтар үшін жекеменшікке толық тыйым салуға болмайды деп есеп­тейміз. Бұл үшін заң түрінде база құру керек. Мысалы, жекеменшікке тым үлкен жер алқаптарының бір қолға шоғырла­нуына жол бермеу мақсатында бір әкімшілік аудан шегінде ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлердің ең жо­ғары мөлшерін белгілеу қажет. Бұл ретте қазақстандықтар үшін жер учаске­сіне жекеменшік құқығын алу үшін қажет­ті шарт кәсіптік даярлық, аграрлық сектор­дағы жұмыс тәжірибесі және ауыл шаруа­шылығы жерлерін тиімді пайдалануға қажетті капиталы болуы тиіс. Жер ашық сауда-саттықта мемлекеттік жүйе арқылы сатылуы керек», деді Сапархан Омаров.

Министрдің атап өтуінше, жалға беру жағдайында ауыл шаруашылығы жерлері белгілі бір кезең ішінде тиімді және ұтымды пайдаланылған жағдайда одан әрі оларды жекеменшікке беруге рұқсат етілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын немесе ұтымсыз пайдаланатын тұлғалар жоғары салықтар мен айыппұлдар түрінде қаржылық жазаға тартылуы керек. Осылайша, белгілі бір өлшемшарттарды белгілеу арқылы қазақстандықтар үшін жекеменшікке рұқсат берілуі қажет.

«Жекеменшіктің өз артықшылықтары бар екені даусыз. Ол ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға ынталандырады. Мәлімет үшін айта кетер болсақ, жалпы рес­публика бойынша агроөнеркәсіп кешені өнімдері өндірісін ұлғайту мақсатында 2025 жылға дейін 4,5 трлн теңге сомасына 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың арасында капиталды көп қажет ететін және өзін өзі ақтау мерзімі ұзақ өнеркәсіптік бақтар мен жылыжайлар, суармалы егіншілік құру жобалары бар», деді сала басшысы.

Аталған мәселеге қатысты комиссия мүшелерінің пікірі жекеменшікті жақ­таушылар, тыйым салуды жақ­таушылар және фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берген дұрыс деп санайтындар болып үшке бөлінді.

Dala Fruit ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру қажет деп санайды. «Қаланың ішіндегі зауыт пен фабрикалар орналасқан бірнеше ондаған гектар жерді сатып алуға мүмкіндік беріп, қойманың, бау-бақшаның, жылыжайдың, ет бордақылайтын алаңның, сүт пен ет фермаларының орналасқан жерін жекеменшікке неге бере алмаймыз? Соны түсінбеймін. Неге осындай алалаушылық бар?», деді Болатбек Нажметдинұлы.

Ал Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беруге толықтай келіспейтінін ашық білдірді. «Себебі ауыл шаруашылығына арналған жерлер Қазақстан аумағының 80 пайызын құрайды. Бүгінде 100 млн гектар ауыл шаруашылығына жарамды жер пайдаланылып, тағы 100 млн-нан астам гектар жер қорда тұр. Ол – мемлекетіміздің негізі. Ауыл шаруашылығын жерді жеке­меншікке бермей-ақ дамытуға болады. Бұл әлемдік, тіпті еліміздің  өз тәжірибесі деуге болады. Өйткені 2013-2016 жылдары аралығында жер жекеменшікке сатуға ашық болған кезде небәрі 0,6 пайыз ғана жер сатылды. Яғни жерді жекеменшікке бермей-ақ,  ауыл шаруашылығын дамытуға болады деген сөз», деді ол.

Осы орайда Bazarbek&Partners заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбек Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты мораторийді тағы да 5 не 7 жылға созуды ұсынып, оған Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым қолдау білдірді.

 Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров болса, жер мемлекеттің меншігі болып қалуы тиістігін баса айтты. «Өкінішке қарай, қазіргі таңда ауылдағы ағайындардың жер сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Ал сатып алатындар – мүлдем басқа саланың адамдары. Олар жерді қайта сатып немесе жалға беріп пайда табуды ойлайды. Жер мәселесін біржола шешу керек», деді ол.

 Отырысты қорытындылаған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов комиссия мүшелерінің арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру мәселесіне қатысты бірыңғай пікір қалыптаспағандықтан, оны егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды. «Өздеріңіз көріп отырғандай, жекеменшікке байланысты бүгін комиссия мүшелерінің бірыңғай пікірі қалыптасқан жоқ. Жұмыс топтарының жетекшілері де ойларын ортаға салды. Олар да шешім қабылдаған жоқ. Неге десеңіздер, мәселе күрделі. Мә­селе мағынасы жағынан да, мәні жағынан да өте маңызды, терең болғаннан кейін жұмыс топтарының басшылары осын­­дай шешімге келді ғой деп ойлаймын. Бірге талқыладық. Ашығын айтқанда, түпкі­лікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық», деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысы орынбасарының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлеріне толық түгендеу жүргізу қажет. «Ол бір күннің шаруасы емес, оны бүкіл ел біледі. Оны өздеріңіз осы жерде талқылап, ұсыныс енгіздіңіздер. Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерінің топырағының құнарлылығы нақтылануы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, бұл 10 жылдан бері қаралмаған мәселе. Ол жөнінде бір күннің ішінде, бір отырыста шешім қабылдаймыз деп те айта алмаймыз. Жердің құнарын, нарықтың құнын ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізілуі тиіс. Халқымыз әр уақытта жерді қазынаға, байлыққа теңеген. Осы жерде азаматтардың біразы мәселенің саяси астары бар екенін де айтып жатыр. Ол да жоқ емес. Оны да ескеруіміз керек. Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Сондықтан осының бәрін ескерейік», деді Премьер-Министрдің орынбасары. Осыған орай ол жерді меншікке беруге байланысты «болады, не болмайды» деп шешім қабылдамай, оны болашаққа қалдыру керек деген ойын білдірді.

«Ауыл халқы болашақта осы мәселеге қатысты тікелей шешім қабылдауы керек шығар. Парламентте біраз мәселе көтерілетіні айтылды. Соның бәрін болашақта ескере отырып, осы іске аз дегенде 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт керек деген ойдамын. Асығыстық жасауға болмайды. Олай болса, жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамыз. Бір ғана шешім болуы керек қой деп ойлаймын. Қазір бірнеше шешім қабылдауға, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Осы жердегі әрбір азамат жауапкершілікті мойнына алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан комиссия мүшелері осындай ортақ пікірге тоқталсақ деген ұсынысты ортаға саламын», деді Ералы Тоғжанов.

Осыдан кейін комиссия мүшелерінің басым бөлігі қазақстандықтардың жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін
5 жылға ұзартуды қолдап дауыс берді.