Қазақстан даму банкінің хабарлауынша, отандық автоөндірісті қолдау бағдарламасы аясында азаматтар жеңілдетілген автонесиеге берген өтінімін онлайн түрде бақылап отыра алады. Әзірге «авто кезек» онлайн қызметін үш банк – ForteBank, Halyk Bank және «ВТБ Банк (Қазақстан)» ұсынып отыр.
2019 жылы наурыз айында 13 мыңнан астам қазақстандық 57,4 млрд теңгеге автонесие рәсімдесе, 2020 жылы сәуір айында олардың саны 20 мыңнан асып, займ көлемі 98,05 млрд теңгеге жеткен. 2021 жыл басталғалы алты банк 140 млрд теңгеге жуық қаражатты автонесие аясында беріп үлгерді.
«Бағдарламаны қаржыландыру үшін жыл сайын өте көп көлемде қаржы бөлініп жатыр. Ел тұрғындары аса белсенді түрде өтінім қалдыруда. Соның салдарынан азаматтар өз кезегін айлап күтуге мәжбүр. Өтінім мәртебесін тексеріп отыру онлайн қызметі іске қосылғаннан кейін автонесиені алу процесі әлдеқайда жеңілдей және ашық бола түсті. Өтінім қалдыру еш қиын емес. Ол үшін өзіңіз өтінім қалдырған екінші деңгейлі банктің ресми сайтына кіріп, «авто кезек» немесе «автонесиелеу» бөлімінде жеке деректеріңізді (ЖСН немесе телефон нөмірін) енгізу жеткілікті.
Қазақстан даму банкі 2015 жылдан бері жеңілдетілген автонесие бағдарламасының операторы болып жұмыс істеп келе жатыр. Бағдарлама басталғалы бері банк 82 млрд теңге жіберген.