Экономика • 26 Сәуір, 2021

Жоғары сапалы балық жемі

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында балық және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азықтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша құрама жем зауытын салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев VIRGIN SOIL KZ ЖШС-нің құрылтайшысы Андрей Найманмен кездесу өткізді.

Жоғары сапалы балық жемі

Зауыттың қуаттылығы күніне 1 мың тоннаны құрайды. Инвес­ти­ция­лардың жалпы сомасы – 30 млрд теңге. Бұл жобаны «Сары­арқа» АЭА аума­ғында іске асыру жоспарланып отыр. Құрылыс және пайдалану ке­зеңінде 500 жаңа жұмыс орны құры­лады. Жобаны іске асырудың жос­пар­ланған мерзімі – 2021-2022 жылдар.

Министрдің айтуынша, құрама жемнің сапасы мен тиімділігіне назар аудару қажет. «Балықтың өзін­дік құны құрылымында жемге жұм­салатын шығындар жалпы шы­ғыс­тардың 70%-ын құрайды. Сон­дық­тан құрама жемнің сапасы мен тиім­­ділігі – балықты өндірістік өсіру рен­табельділігінің шешуші факторы. Осы­ған байланысты жоғары сапалы жемнің (қоректенетін азығының) отандық өндірісін жолға қою қажет. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтуға, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», деді М.Мырзағалиев

Андрей Найман кездесу барысында жобаның жүзеге асырылу барысымен бөлісті. «Біз «Сарыарқа» АЭА басқарушы компаниясымен меморандумға қол қойдық, 25 гектар жер телімі белгіленді. Жал­пы, өндіріс гидропониялық агро­но­­мия саласындағы израильдік және халықаралық ғалымдардың тәжі­рибесіне негізделетін болады. Өндірілетін жем 100% «жасыл» жем болады», дейді инвес­тор. Еске сала кетейік, министрлік балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі, оның негізгі бағыттарының бірі – жем-шөп өндірісін жолға қою.

 

 

Соңғы жаңалықтар