Таяу күндері Токио
Сол жерде әлі де жолдамаға қол жеткізе алмаған саңлақтар өзара күш сынасып, ғаламдық додаға баруға кімдер лайық екендерін анықтайды. Жеңіске жеткендері Жапонияға барса, жеңілгендері жер сипап қалады.
Биыл Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының алғашқы жолдамалары 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында сарапқа салынғаны белгілі. Одан кейін әр құрлықта іріктеу турнирлерінің шымылдығы түрілді. Атап айтсақ, Американың апайтөстері коронавирус дерті белең алмай тұрып, былтырғы жылдың көктемінде Канаданың астанасы – Оттавада лицензиялық жарысты ұйымдастырып үлгерді. Биыл наурыз айының екінші жартысында Еуропаның өрендері Мажарстанның бас шаһары – Будапеште бас қосты. Сәуір айының басында Африканың сайыпқырандары Тунисте күш сынасты. Ал одан кейін Азияның арландары Алматыда айқасты. Әлемдік додада 108 жолдама өз иесін тапса, құрлықтық бәсекелердің әрқайсында 36 лицензиядан таратылды.
Қазіргі кезде АҚШ құрамасы күрестің үш түрі бойынша ең көп жолдаманы олжалап отыр. Американың 15 балуаны Токиоға баратындардың тізімінде. Екінші орында – Ресей. Олардың 13 спортшысы дәл сондай құрметке бөленді. Үшінші сатыдағы Кубаның 12 қабыланы төртжылдықтың басты додасында бақ сынайды. Қазақстан, Қытай және Иранның да жағдайы жаман емес. Сары құрлықта орналасқан осы үш мемлекеттің әрқайсынан 11 балуан Күн шығыс еліне аттанады. Жапония мен Тунистің – 10, Алжир, Беларусь, Мысыр, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстанның – 8, Грузия, Германия, Украина, Моңғолияның – 7, Үндістанның – 6, Әзірбайжан, Мажарстан, Нигерияның – 5, Армения, Болгария, Канада, Польша, Швецияның – 4, Бразилия, Колумбия, Сербияның – 3, Эстония, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Мексика және Солтүстік Кореяның – 2 саңлағының асығы алшысынан түсті. Тағы 24 мемлекет өкілдерінде бір-бір жолдамадан бар.
Өздеріңіз байқағандай ең көп жолдаманы иеленген командалар арасында Қазақстан үздіктер санатында. Яғни біз озық алты мемлекеттің қатарындамыз. Әрине, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ көңілге кірбің түсіретін жайттар да жоқ емес. Мәселен, грек-рим күресінен қоржынымызда әзірге бар-жоғы үш жолдама ғана бар. Ол лицензияларды Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов (77 кило) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) иеленді. Бұл жағдай спорт саласының тізгінін ұстаған азматтарға ой салуға тиіс. Өйткені, күрестің бұл түрінде біздің елдің жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген Анатолий Колесов, Владимир Бакулин, Валерий Резанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко, Бақтияр Байсейітов, Мкхитар Манукян және тағы басқа көптеген даңқты жерлестеріміздің спорттық ареналардағы ерлігін көзі қарақты көрермендер күні бүгінге дейін ауыздарынан сулары құрып әңгімелеуде. Міне, осындай дәстүрі бар мемлекеттің ғаламдық додада үш-ақ балуаны белдескені ыңғайсыз жағдай. Сол олқылықтың орны Софияда толады деп үміттенеміз.
Әйелдер күресін серік еткен бұрымдылдарымыз да үш жолдаманы қанағат тұтып отыр. Оны Валентина Исламова (50 кило), Татьяна Ахметов (53 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило) иеленді. Бұл жағдай да көңілімізге селкеу түсіреді. Күрестің бұл түрі де Қазақстанда қазір жақсы қарқынмен дамып келеді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпиадада біздің қыздардың үш жүлде алуы жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Оның алдындағы Бейжің мен Лондондағы додалардан да құр қол қайтқан жоқ едік. Болгарияда аруларымыз барын салып, қоржынымызды кемінде екі лицензиямен толықтырады деп үміттенеміз.
Еркін күрес шеберлерінің аяқалысы өте жақсы. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда олар төрт жолдама алса, биыл Алматыда тағы бір лицензияға қол жеткізді. Оның иегерлері – Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов (74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кило). Тек қана 86 кило салмақта белдесетін жігіттеріміз көздеген мақсатына қол жеткізе алмай жүр. Егер Болгарияда бір балуанымыздың бағы жанса, онда Токиода толық құраммен өнер көрсетеміз. Сол жолдама үшін кімнің айқасатынын алдағы күндері ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев жариялайтын болады.