Әдебиет • 26 Сәуір, 2021

Көрнекті ақын Күләш Ахметова 75 жасқа толды

1576 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова 75 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Көрнекті ақын Күләш Ахметова 75 жасқа толды

Ақынның әр жылдары «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырманнан лайықты бағасын алған. Әр кезеңде Күләш ақын туралы Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев сияқты әйгілі тұлғалар жоғары пікір білдірген.

«Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған ардақты ақын бұл күнде Тараз қаласында тұрады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақын Күләш Ахметованың шаңырағына мерейтойымен арнайы құттықтап барды. Кездесу барысында белгілі қаламгерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Күләш Ахметованың өлеңдерінің өміршеңдігін атап өткен. Оның шығармашылығындағы лирикалық образдар жарқын әрі нақты суреттеліп, дүниедегі құбылыстар ақын көзқарасымен оқырмандарын еріксіз баурайтындығы айтылған. Өз құттықтауында Президент Күләш Ахметоваға зор денсаулық және шығармашылық табыс тілеген. Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізген облыс әкімі ақынды мерейтойымен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.

«Сіздің өлеңдеріңізді бірнеше жас буын ұрпақ сүйіп оқып, өсті. Шығармашылығыңыздың негізі адал достық пен махаббат, жомарттық пен патриотизм десек, сол арқылы жас ұрпақты дұрыс жолға тәрбиелеуге үлес қосып келесіз. Сіздің парасатты поэзияңыз арқылы қалың оқырман ой түйіп, жақсылыққа ұмтылып, бойын түзейді», деді Бердібек Сапарбаев.

1

Бүгінде жетпіс бестің белесіне көтеріліп отырған Күләш Ахметова 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Ақын мерейтойына орай, жуырда ғана Күләш Ахметованың жаңа бес томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартты.

Ал карантиндік шектеулерге байланысты мерейтойлық негізгі шаралар күз мезгілінде өтеді деп жоспарлануда. Соған орай ақынның Отан туралы жаңа кітабы да жарық көреді деп күтілуде. Оған еліміздің әр аймағындағы табиғаттың сұлу көріністері суреттелген өлеңдер топтамасы енетін болады.