Жергілікті тұрғындар ырысын жерден теріп, қарапайым тіршілікпен күнелтеді. Алайда ауылдықтарды талай жылдан бері жарық мәселесі толғандырып келеді екен. Әлбетте, бұл күнде ауылда жарық бар. Бірақ сол жарықтың көрші Қырғыз елінен алынатыны, оның төлем мәселесі көпшіліктің көңілін күпті етуде. Ал ауылдықтардың базынасы тиісті жерге жетпей, жетсе де орындалмай отыр.
Бүгінгі Жауғаш батыр ауылы Меркі ауданының Кеңес ауылдық округінің құрамына кіреді. Ауыл аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта, көрші Қырғыз елінің Шу облысымен шекаралас орналасқан. Ауылдан әрі үш шақырымнан соң Қырғыз Республикасының Шу облысы басталып кетеді. Аталған ауыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында, Қырғыз Алатауына қарай 6 шақырым жерде тұр. Қазіргі кезде қарапайым халық жарық мәселесін қанша рет көтерсе де, әлі күнге дейін оң шешім таппаған. Мұндағы көпшілік көп жылдан бері жарық мәселесінде қырғыздарға тәуелді.
«Кезінде Кеңес, Аспара ауылдарынан Жауғаш батыр елді мекеніне жарық тартылған. Оны жергілікті жұртшылық тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін пайдаланып келді. Өкінішке қарай, сол кезеңдерде жарық бағаналары ұрланып, ақыры ауылдан жарық та өшті. Кейіннен ауылдықтардың жарықты Қырғыз елінен алуына тура келді. Бірақ бұл мәселенің туындағанына жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, шешілмей отыр. Қазіргі кезде қарапайым халық қатты қиналуда. Тіпті Жауғаш батыр ауылындағы тұрғындарды Кеңес ауылына көшіп келуге шақырсақ та келмей отыр. Әйтеуір бәрі де бір жақсылықтан үмітті», дейді Кеңес ауылдық округінің әкімі Есберген Жапарқұлов.
Бұл күнде Жауғаш батыр ауылында 23 үй бар екен. Жалпы, ауылда 75 адам тұрады. Мұнда округтің 5 мың гектар егістік жері, 4 мың гектар жайылым жері бар. Халық сол жерлерді пайдаланып күн көріп отыр. Олар тіпті Кеңес ауылына көшіп келуге түбегейлі қарсы. Қандай жағдай болса да, туған топырағынан алыстағысы жоқ.
Шағын ғана ауыл тұрғындары бұл күнде «Ынтымақ» жеке кәсіпкерлігі арқылы Қырғыз мемлекетінен жарық алуда. Әрі ауылдықтар арғы беттегі айырқалпақты ағайындармен келісімшартқа отырып, ақшасын алдын ала төлеп отырады екен. Ал жарықты жаққан ақысы үшін Жауғаш батыр ауылының халқы оның өтемін қырғыз сомымен емес, доллармен төлеуге мәжбүр. Неге десек, талап солай болған. Осындай күрделі мәселелерді көтерген ауыл халқы мемлекеттен аталған мәселені шешіп беруді сұрайды.
«Бүгінде жарықтың жағдайы қиын. Жарық көп өшеді. Қырғыздар жағы жарықты өздері өшіріп алып, оны бізден көреді. Жауын-шашын болған күндері тіпті қиын. Ондай кезде жарықты мүлде көрмейміз десек те болады. Ал жарықтың ақысы тіпті қымбат. Тағы қырғыздар бізден доллармен алады. Оны теңгеге шаққанда, бір айда 15 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр боламыз», дейді ауыл тұрғыны Сағат Жақсымбетов.
Иә, жарық бағасының шектен тыс қымбат екенін, бұл қарапайым халық үшін едәуір шығын екенін айтқан көпшілік күрделі мәселе ертерек қолға алынса екен дейді. Сондай-ақ ертерек жарық желісін тартып берсе екен деген де тілектерін жеткізді. Әйтпесе, тұрғындар тапқан-таянғанын тек жарықтың ақысын төлеуге ғана жұмсауда екен.
Бұл мәселе туындаған тоқсаныншы жылдардың орта шенінен бері Жамбыл облысына бірқатар әкім қызмет бабымен келіп кетті. Ел есінде еңбегімен қалған басшылар да баршылық. Бірақ осы жылдар ішінде Жауғаш батыр ауылының тұрғындары өңірді басқарған барлық әкімге жарық мәселесі бойынша қайырылған екен. Әкімдердің есепті жиындарында да осы мәселені сан рет көтерген. Бірақ қиюы келмеген күрделі мәселе сол күйі шешілмей қалып келген. Мәселен, ауыл тұрғыны Мадина Ақылбекова соңғы бір айда жарыққа 24 мың теңге төлепті.
«Күн суық болған соң үйде электр пешін қосқанбыз. Ақыры ақысы теңгеге шаққанда осындай болып кетті. Негізі біз ай сайын 10-12 мың теңге аралығында төлейміз. Бұл да аз емес. Ал мұндай мәселенің туындағанына жиырма жылдан асты. Кезінде Аспара ауылынан тартылған жарық тоқсаныншы жылдары талан-таражға түсіп кетті. Жарықтың бағаналары да қолды болды. Содан үш жыл бойы ауылда жарық болған жоқ. Кейіннен Қырғыз елімен серіктестік орнатып, солардың жарығына қосылдық. Ол кезде екі мемлекеттің арасында шекара жоқ еді. Кейін шекара бекітілген соң олар бізге жарықтың ақысын доллар құнымен төлеу туралы талап қойды. Сол талапты әлі орындап келеміз. Басқа амал жоқ», дейді ол.
Негізінен ауылдықтардың мұңы – осы жарық мәселесі. Былайша айтқанда, қырғыздар жеке кәсіпкерлік арқылы қазақтарға жарығын өз білген бағасына саудалап отыр.
«Біз жарықтың ақысын доллардың бағасымен төлеп келеміз. Ең қиыны – доллардың құны көтерілген сайын, біздің жарыққа берешегіміз де арта береді. Карантин болмай тұрғанда біз тұрғындардан ақшаны жинап алып, оны долларға айырбастап, Бішкек қаласына арнайы апарып төлейтінбіз. Тіпті Бішкек қаласына баратын жол ақымызға дейін халықтан жинаймыз. Ал жиналған ақшаның 12 пайызы еліміздің салығына төленеді. Артынан Меркі ауданы бойынша статистика және мемлекеттік кірістер басқармаларына бұл бойынша есеп береміз», дейді ауыл тұрғыны Венера Жүнісова.
Бұл күнде қазақтар өз жерінде отырып, өзгеге ақша төлеуде. Ауылдағы ағайынның жері қазақтікі болғанымен, жарығы қырғыздікі болып отыр. Тіпті жарықтың ақысын доллармен төлеп келе жатқан жұрт бүгінде бұдан жалыққан. Әрі қымбатшылық та қарапайым халықты қысып барады. Сондай-ақ ауылдықтар қырғыз тарапына құлақ асып, жарық туралы екіжақты келісімді үш ай сайын жаңартып отырады. Бірақ ауылдағылдар ақысын төлесе де, жарыққа жарымай келеді. Көңіл-қошы болмаған кезде арғы беттегі айырқалпақты ағайындар жарықты өшіріп тастайды екен. Содан бер жақтағы қайран қазақ жарықтың жануын табандап тағы күтеді. Ақысын доллармен төлесе де, төлемақыны кешіктірмесе де елдің көрген күні осы. Міне, осы бір тіршіліктің жалғасып келе жатқанына бұл күнде ширек ғасырға жақындаған. Десе де, мәселенің шешілер түрі көрінбейді.
Меркі аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінде Жауғаш батыр ауылындағы жарық мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжат жасауға қаражат бөлінген. Аталған құжат заң бойынша тек 6 айдан кейін ғана дайын болады. Алайда, ауылдағы тұрғындардың тілегін орындау үшін жобамен 1 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Бұл әрине, аз ақша емес. Мұндай көлемдегі қаражаттың бюджеттен бөлінуі де неғайбыл. Сондықтан да Жауғаш батыр ауылының тұрғындары бір күдік пен бір үміттің арасында күн кешуде. Қарапайым халықтың жанайқайы жуық арада басылар емес.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы