Жыл сайын 23 сәуірде өткізілетін акция қашықтан оқуға өтуіне байланысты сәуірдің 15-16-сы күндері өтті. Адамдарды жаппай жинамау мақсатында кезең-кезеңге бөлініп, арақашықтық пен санитарлық талаптар сақтала отырып ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар өздеріне жеребе арқылы түскен құпия досының қалаулы жанры бойынша кітап сатып алып, оған ізгі тілектер жаудырды.
– Сыныптастарының талғамын жақынырақ таныту және сақтық шараларын сақтау мақсатында биыл қатысушы оқушылар өз сыныптастарына кітап сыйлады. Ал ұстаздар әріптестерінен құпия досты іздеді, – дейді акцияны ұйымдастырушы, мектеп аға кітапханашысы Жанар Бахитова.
Кітап оқуды насихаттау шарасына төртінші рет қатысып тұрған 11-сынып оқушысы Жансұлтан Бүркітбай акцияны асыға күткенін айтады.
– Бұл шараға акция басталғалы бері қатысып келемін. Өте қызықты шара. Әр жылы кімге түстім екен, қандай кітап сыйлар екен деп жүресің. Осы жолы маған Абайдың «45 қарасөзін» қойын кітапша түрінде сыйлады. Ал мен Юлия Лимнің «Список» кітабын сыйладым. Сақтық шараларын сақтауға тура келді, сол үшін де мектеп ауласында жинала алмадық. Шыны керек, сол бір атмосфера өзіме де қатты ұнайтын. Акциядан кейін де кітап сыйлау менің сүйікті әдетіме айналды, – дейді өзін-өзі басқару ұйымының президенті.
«Кітап әлемді бағындырады» акциясы – Назарбаев зияткерлік мектебінде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жалпы есеп бойынша акцияға 2017 жылдан бері 3 мыңға жуық адам қатысты.
Маңғыстау облысы