Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы Жалағаш өңірінде дүниеге келген. Ел үшін ат арқасынан түспеген батыр қазақтың соңғы ханы Кенесарының қасына ерген серіктерінің бірі ретінде де белгілі. Жұртын жауға талатпаған Бұқарбай кейіннен елді арық қаздыруға жұмылдырып, айналасындағы ағайынды егіншілікке баулыған.
Батырдың ерліктері сол кезеңді суреттейтін жырларда, тарихшы Ермұқан Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында баяндалады.
– Ел ішінде бұрынғы батыр-билерден қалған жәдігерлер әлі де көп. Біздің міндет – осы құндылықтар жайлы дерек жинап, оны көптің игілігіне айналдыру. Алда батырдың қылышы, туы мен мөрінің көшірмесін жасатып, музейге қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі Ақмешіт филиалының меңгерушісі Кенже Ахметова.
Бұл дүниелер батыр атын иеленген ауылдағы Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын тарихи үйде сақталып тұр. Қылышқа сараптама жасаған мамандар былғары қында сақталғандықтан, қару бүгінге баяғы қалпында жетіп отырғанын айтады.
Тарихи үйге батырдың қылышын, найзасына ілінген шашақты туы мен күмістен жасалған мөрін ұрпақтары тапсырыпты.
ҚЫЗЫЛОРДА