Бірден айта кетейік, бұл көп – жекпе-жектің бірі емес. Жүкембаев кәсіпқой рингте 2015 жылдан бері күш сынасып жүр. Сол кезден бері 18 рет шаршы алаңға шығып, барлық бәсекеде мерейі үстем болған. 14 қарсыласын нокаутпен ұтты. Бұған дейін тек Канадада жұдырықтасқан отандасымыз енді алғаш рет АҚШ шаршы алаңында өнер көрсетпек.
Қандасымыз соңғы кездесуін былтыр 25 қаңтарда Канадада өткізіп, мексикалық Рикардо Лараны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Қазіргі кезде Батыр – WBA Continental және IBF Inter-Continental белбеулерінің иегері. Алдағы айқаста отандасымыз Пуэрто-Рико өкілі Сабриэль Матиаспен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы IBF нұсқасының чемпиондық атағынан үміткер атанады. Бокс кеші АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді деп жоспарланған.
Батыр Жүкембаевтың қарсыласына тоқталар болсақ, 29 жастағы Сабриэль Матиастың кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне алты жылға жуықтады. Сол аралықта 17 кездесу өткізіп, оның 16-сында қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген. Тек бір жекпе-жегінде ғана жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болған.