Туризм • 27 Сәуір, 2021

Сандықтаудың Бурабайдан несі кем?!

523 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ішкі туризмді дамыту өзекті мәселеге айналғалы қашан? Бір ғана Бурабай мен Зерендінің төңірегін шиыр­лай бермей, табиғаты тамылжыған өзге өңірлердің де мүмкіндігін барынша пайдаланып көрсек ше?

Сандықтаудың Бурабайдан несі кем?!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туризм тақырыбын қаузаған бір сөзінде: «Туризм барлық дүние­жүзілік экономиканың 10 пайызын құрайды. Бұл – өте үл­кен көлем. Бізде өте аз әлі. Біз енді 2025 жылға дейін экономи­камыз­дың 8 пайызын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Ру­хани жаңғыру мәселесі, «Нұрлы жол», инфрақұрылым, барлығы осыған байланысты. Қазақстанда да көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек» деген болатын.

Шынында да ата-бабадан мұра болып қалған ұлы даланың мүм­кіндігі ұлан-ғайыр. Қазір адам­дардың таным-түсінігі өзгерген. Ертеректе күміс көлге шомылып, торқадай жұмсақ топырағында, құрақ көрпедей жұмсақ құм үстінде көсіліп жатуды демалыс деп есептейтін алыс-жақыннан ат ізін салатын шетелдіктердің көз­қарасы да түбегейлі жаңғырған. Қазір олардың Алаш мақтан ете­тін, аруақ қонып, нар шөккен киелі мекендерді, тылсым сырды ішіне бүккен тарихи орындарды аралауға аңсары ауып тұрады. Ұта­тын жеріміз де осы.

Үзіліп түскен моншақтай кө­гілдір көлдер мен қолдың сала­сындай ақ қайыңдар көмкерген Көкшетауды есіне ал­ған кез келген адамның тілінің ұшына ең алдымен ауасы дертке дауа – Бурабай мен мәңгі жасыл қарағайлардың Отаны – Зеренді ілігер еді. Дау жоқ, көркем екен­дігі, бал татыған суы мен саф ауа­сының шипа екендігі де рас. Аз күн демалсаң, құр атқа мінгендей қунап шыға келетінің де белгілі. Ал сырлы да нулы, көркем суреттей келісті Сандықтау ше?! Сандықтаудың мерейін асыру үшін алдыңғы аталған курортты аймақтарды кемітуден аулақпыз. Шын мәнінде мыңдаған табанның астында тозып бара жатқан өзге курортты аймақтардай емес, бұл өңір әлі тұмса, бұла күйінде.

Табиғат кестелеген көркем суреттің әсеріне көңіл тоғайта ал­­маған адам бір жотадан соң бір жотаға шығар еді. Бір-бірімен қо­йын­дасып, жалғасып жатқан жота­лардың етегі сансыз кәусар бұлақ. Ту етектен басталған, өрлей біткен, биікке жарыса жүгіргендей қайың-терегі, қарағайы аралас ит тұмсығы өтпейтін қалың орман туған жердің тылсым сырын табиғи шымылдықпен көлегейлеп, өкпек жолаушының жанарынан қорғап тұрғандай. Мың сан өсімдігі қаулап өскен, аумағы ат шаптырым алқаптар ше? Көруге көз керек, түсінуге түйсіктің терең болғаны ләзім.

Сөз арасында Сандықтау атауы­ның шығуы туралы да бір ауыз айта кетелік. Ел есінде сақталған аңыз былай дейді. Есте жоқ ескі заманда сұлу өлкенің сым­батына сұқтанған зұлым си­қыршы осы өңірді мекендесе керек. Тау етегіндегі қалың елдің ішін­де ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлу бұлғақтап бой жетіпті. Сымбатты қызға көзі түскен си­қыршы ел көзінен таса жерде бас салып ұстап әкетеді. Түйенің өркешіндей бір-біріне жалғаса біткен жотаның бірінде тұтқын қып ұстапты. Ел жігіттері сұлуды іздеп атқа қонған. Үміт үзбей ізде­ген. Сұлу қыз қамалған үңгірге енді-енді жеттім дегенде, зұлым сиқыршы оларды тасқа айналдырып жіберіп отырған. Шынында да Сандықтаудың әр жотасының етегінде кәдімгі сандыққа ұқсас тастар толып жатыр. Көптігінен көз сүрінеді. Әрқайсысының пошымы әртүрлі. Үлкені де, кішісі де бар. Көне заманда шөккен түйедей дөңкиіп жатқан сандық тастардың түбінен мөлт-мөлт етіп бұлақ ағып тұрған деседі. Әлі де ағатындары бар. Бірде сиқыршы жігіттерді си­қырлап тастағанын ұмытып кетіп, сандық тастың іргесіндегі бұлақ­тан су ішеді. Білетіндер айтады, ол бұлақ емес, тасқа айналған жігіттердің көз жасы. Нақақ жан­ның көз жасын ішкен адам оңа ма, сиқыршының өзі түйе тасқа айналып кетіпті. Әлі тұр. Мынау жарық дүниеде «күн астында жүргенмен, күрсінуге себеп көп» демекші, өкіндіретін, опындыратын жай аз ба? Бәлкім, дана табиғат адам баласын зұлымдықтан бездірмекші болған шығар. Бездіремін деп Түйетас тәрізді табиғи мүсін ес­керт­кішті орнатқан шығар. Аңыз­дың соңы әдемі аяқталады. Хас сұлу сиқыршы тас мүсінге ай­налған соң үңгірден босап шы­ғыпты. Бірақ елге келмеген, сырлы Сандықтаудың көк мұнарлы белдерін, көк арайлы көлдерін аралап жүр деседі. Тағы бір аңызда сиқыршының алтын толы сандығы сансыз жотаның бірінің астында көміліп қалыпты дейді.

Осындай аңызға толы, ақ қайыңы жарқырап, ақ бұлағы сар­қырап жатқан Сандықтау ауда­­нының көлемі – 6,4 мың шаршы шақырым. Автомобиль жол­дарының ұзындығы – 777 шақы­рым. Оның 68 шақырымы рес­пуб­ликалық маңыздағы, 135 ша­қырымы облыстық маңыздағы жолдар. Аудан аумағынан Жабай, Сарқырама, Жыланды, Ащылы, Атыжоқ, Қоңыр өзендері өтеді. Новоникольск, Жақсы-Жалғызтау, Құмдыкөл тәрізді тұщы суы мөлт-мөлт етіп жатқан, балығы тайдай тулаған шалқар көлдері бар. Балықтың жиырмадан астам түрі өрістейді. Жыл сайын көктемде асып-тасып жататын Жабай өзе­ніне Сарқырама мен Ащылы өзен­дері келіп қосылады. Түйіскен аңғарлары құдды қалы кілемдей.

Бұл өлкенің бір байлығы – ну орман. Орман көлемі шамамен 70,8 мың гектар. Орманды алқап ауданның солтүстік бөлігінде орналасқан. Жеміс-жидекке өте бай. Қара қарғаның миы қай­найтын шілдеде қалың шөп ара­сындағы жидек ат тұяғын қып-қызыл етіп бояп тастайды. Құстың жүзден астам түрі мекен етеді. Орман ішінен марал, қасқыр, түлкі, тиін, қоян, суыр, борсық тәрізді аңдарды жиі кездестіруге болады. Ертеректе аю да мекен еткен екен. Аудандағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Сандықтаудың ең соңғы аюын 1897 жылы Рябухин деген аңшы атып алыпты.

Қазіргі күні Сандықтау қонақ күтуге қауқарлы. Ауданда 13 қонақ­үй жұмыс істейді. Туған жердің табиғатымен, төл тарихымен таныстыруға, таныстырып қана қоймай, тынығуға біршама мүмкіндік жасалған. Жоғарыда аталған қонақүйінде 200 адам­ға шақталған орын бар. 22 қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істейді. Мұндағы туризмнің негізі мәдени-таным­дық, емдеу-сауықтыру, іскерлік, спорттық бағыттарда. Айталық, ұлы даланың өткен тарихына бойлауға құмар адамдарға ел қор­ғаған ерлердің ерлікке толы ізде­рі қалған жәдігерлерді ұсына алар еді. Мәселен, Арқаға аты шыққан Шамай батыр жөнінде. Шамай батыр Кенесары ханның соңынан ерген, бар ғұмырын ел азаттығы үшін күреске арнаған туған жердің тұлғалы перзенті. Ба­тырдың ерлігі туралы ел ішінде аңыз көп. Кіндік қаны тамған жер де осы – Сандықтау. Топырақ та осы жерден бұйырыпты. Маралды орманының ат төбеліндей ашық бір алқабында, Новоникольск елді мекенінің жанында жерленген. Осындай ердің бірі – Кенжебай батыр. Жастайынан ат арқасына қонып, ел ісіне араласқан батыр Кенесары, Наурызбайдың жасағының құрамында ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Оның ерлік істері туралы атақты Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағында баяндалады. Туған жердің топырағын қорғап, ерен ерлік көрсеткен ер 1884 жылы өмірден өткен. Бейіті Меньшиковка ауылынан алты шақырым жерде. Кейін ұрпақтары басына белгі тас қойған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сандықтаудың сайын даласындағы сансыз жотаның бауы­ры дәл осындай тұнған тарих.

Ауданда жол бойындағы қызмет түрлерін жақсарту біршама жақсы жолға қойылған. 2016 жылы жеке кәсіпкер Б.Қанафин екі қабатты «Қанағат» қонақүй кешенін салып, пайдалануға берді. Бұл жерде 50 адам емін-еркін дем ала алады. Қонақүйдің жанында кәдімгі қазақтың киіз үйі пішіндес бес үй салынған. Сыртқы нақыш қазақы өрнекте, іші де жергілікті ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына сай жабдықталған. Ас мәзірі де көне заманның дәмі тіл үйіретін керемет тағамдарынан түзілген. Құмы жібектей жағажайда дем алып, бауырын жарқыратып балық аулай аласыз. Көгілдір мұнарға тұмшаланған сансыз жоталарды аралап, саф ауасымен тыныс­тап, табиғатпен тілдесуге мол мүмкіндік бар. Іргеде алпыс екі та­мырыңдағы қанды ойнатып, жат­тығу жасайтын спорт алаңы бар.

Бұл өлкенің ең басты мүм­кіндігі – қысқы туризм. Оған та­би­ғаттың өзі барлық жағдайды жасап қойған. Іске асыра алмай жатқанымыз да сол. Әйтпесе, ең биік нүктесі 626 метр болатын, ұзақтығы ондаған шақырымға созылатын жоталардан тау шаңғысы жолдарын жасап қоюға әбден болар еді. Алғашқы ұмтылыс та болған. Осы бағыттағы жобаға 60 млн теңге қаражат бөлінген. Бірақ бұл аздық етері сөзсіз. Жекелеген кәсіпкерлер осы бағытта талпы­нып-ақ жатыр. Айталық, жеке кә­сіпкер Ф.Асадов 15 млн теңгеге «Каспий» дәмханасын ашса, Максимовка елді мекенінде іскер азамат В.Закусилов «Провинция» дәмханасын салып, пайдалануға берген. 2019 жылы «Мажор» демалыс орталығы іске қосылса, Сан­дықтау ауылдық округінде 100 орындық «Достар» дәмханасы келушілерге есігін айқара ашты. Бірақ мұның барлығы аздық етері даусыз. Жалғыз дәмхана салу­мен ішкі туризмнің терезесін өзге­лермен теңестіре алмайтынымыз ақиқат. Талай жердің дәмін татып, суын ішкен, сәні мен салтанатын көрген, сан қырлы қызметіне көңіл тоғайтқан талғампаз туристердің көңілінен шығу үшін ас-суы ғана емес, жатын жерлері де бүгінгі заман талабына сай болуы қажет емес пе? Ақсап тұрғаны да осы. Өт­кен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы бойынша қыруар қаражат бөлініп, ауданның елді ме­кендері айрықша ажарға бөленді. Міне, осындай ұрымтал кезде туризм тақырыбын ескергенде ел экономикасы осы саладан түсетін қаржымен толыға түсер ме еді.

– Алдағы уақытта бұл саланы дамытуға бар күш-қуатымызды жұмсайтын боламыз, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері ар­қылы дәріптеуіміз керек. Біз сала­лық мемлекеттік бағдарлама қа­былдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің ішкі жал­пы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны        9 млн, ал ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек. Ту­ризм өте күрделі сала. Оған тиіс­ті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын даярлайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық» деген болатын. Егер туризмді дамыта алсақ, табыс түсумен қатар аудан халқын да жұмыспен қамтуға әбден септігі тиер еді. Біздің өңірде туризмнің аңшылық бағытын дамытуға да үлкен мүмкіндік бар. Қысқы туризм түрен түспеген соны соқпақ.

Сөз соңын түйіндей келе, Бурабайға құйылып жатқан мол қар­жының шөкімдей бөлігі Сан­дықтау тәрізді сұлу өлкеге бағытталса екен деген ел тілегін еске салғымыз келеді. Тусырап жатқан сулы да нулы даланың пешенемізге жазылған несібесін көруге хақысы бар ғой.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы