Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Салыққа салғырт қарайтындар көп
Бұрын көлігі бар көпшілік «темір тұлпарының» салығын әр жылдың аяғына қарай төлейтін. Былтыр 10 желтоқсанда Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты көлік салығын төлеу мерзімі келесі жылға ауысты. «Көлік салығын кейінге шегеру ең алдымен өзін өзі басқару органдарының бюджет қаражатын толық игеруі үшін жасалды. Салық жыл соңында түскен кезде жергілікті әкімдіктер бюджет қаражатын игеріп үлгермейтін. Енді 2021 жылдан бастап салық төлеу мерзімінің ұзартылуына байланысты жергілікті өзін өзі басқару органдарына бюджетті уақтылы игеру мүмкіндігі туды. Сондай-ақ көлік салығын төлеудің шекті мерзімі әр жылдың 31 желтоқсаны емес, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін шегерілуі халықтың әлеуметтік жағдайына да тиімді болғаны анық. Бұл заң енді өзгермейді, ұдайы солай болады», дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Заңдағы өзгеріске сәйкес 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі – 2021 жылдың 1 сәуірі. Ал 2 сәуірден бастап әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Комитеттің мәліметі бойынша жыл басынан 13 сәуірге дейін көлік салығынан бюджетке 25,5 млрд теңге түссе, биылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың мемлекетке берешегі 13,9 млрд теңгені құраған. Ал жер мен мүлік салықтары бойынша азаматтардың жалпы қарызы 2 млрд теңгеден асады. Көрсеткіштерден көрініп тұрғандай, көпшіліктің көлік салығына қарызы көп. Тіпті қарызға он мыңдап емес, миллиондап батқандар бар. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Г. есімді азаматтың көлік салығы бойынша берешегі 7 973 275 теңге болған. Ол 2008 жылдан бері салығын төлемеген. Сондай-ақ Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғыны 2011 жылдан бүгінге дейін міндетті төлемін төлемегеніне байланысты қарызы 7 283 437 теңгеге жеткен. Осы өңірдің Б. деген тағы бір тұрғынының берешегі 5 263 616 теңгені құраған. Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жалпы, көпшілік көлік салығына салғырт қарайды. Оның себептері көп. Бұл ең бірінші салық көлеміне байланысты болса керек. Өйткені көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелетіндіктен, жыл сайын өсіп отырады. Оның үстіне жеңіл көлік 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса немесе осы уақыттан кейін Қазақстан аумағында тіркелген болса, онда салық көлемі тіптен ұлғаяды. Мысалы, 3000-3200 текше сантиметр – 35 АЕК, 3200-3500 текше сантиметр – 46 АЕК, 3500-4000 текше сантиметр – 66 АЕК, 4000-5000 текше сантиметр – 130 АЕК және 5000 текше сантиметрден жоғары – 200 АЕК. Биыл бір айлық есептік көрсеткіш көлемі 2917 теңге болды. Ескере кететін жайт, халық 2021 жылы былтырғы көлік салығын төледі. Сондықтан салық 2020 жылдың айлық есептік көрсеткішімен (2651 теңге) есептелген.
«Жеңіл көлік салығының мөлшері қозғалтқыштың көлеміне қарай есептелсе, жүк көліктері – жүк көтеру салмағына қарай, автобус салығы отыратын орын санына байланысты болады», дейді мамандар.
Өз көлігінің салығын білгісі келген азаматтар Е-Salyq-Azamat мобильді қосымшасын телефонға жүктеп, ондағы «Калькулятор» айдарын пайдалануға болады. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан немесе «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да анықтауға болады.
Сергелдеңге түскен халық
Салық жүйесінде қарапайым халық түсінбей жүрген мәселе көп. Өткенде көлік салығына байланысты Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырғанымыз бар. Сонда жазылған пікірлерден жұртшылықтың салық жүйесіне деген өкпесі қара қазандай екенін аңдадық. Тұрсынбек деген азамат: «Машина көрмегелі бес жыл болса да, көлік салығы келіп тұрады, төлемейін десең, бүкіл шотыңды жауып тастайды», деп қынжылса, Қарақат Саурықтегі: «Маған 1 млн теңге көлемінде көлік салығы келген. Құжаттарымды қолыма алып, салық органдарына арыз жазып кеткенмін. «Қателік компьютерден кеткен ғой» деп бір жігіт саспай айтып отыр», дейді.
Ал Зарина Мосқау есімді әріптесіміз өмірінде көлік айдамаған әкесіне джиптің салығы келгенін ашына жазды. «Әкем – өмірі көлік тізгіндемеген кісі. Машина айдауға көзі де жарамайды. Бірақ былтыр джип көлігіне деп салық келіп тұр. Содан тексеріп, әлгі көліктің қожайынын тауып алдық. Машинасын ұялмай-қызармай әкемнің атына тіркеп қойыпты. Мұныңыз не десек, күмілжігеннен басқа ештеңе айтпады. Қайта әкем адамгершілікке салып, әрі қарай дауласпай қоя салды», дейді Зарина. Сонда джип иесі өзі танымайтын бөтен азаматтың атына машинасын қалай тіркеген, құжаттарын қайдан алған? Әлде «Бармақ басты, көз қыстының» кері ме? Сонда жеке мәліметтерді сақтаудың қауіпсіздігі деген қайда қалды?
Құзырлы органдардың мәліметтер базасынан кеткен осындай кемшіліктер жұртшылықтың оларға деген сеніміне селкеу түсіріп-ақ тұр. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді сараласақ, көпшілік баяғыда сатылып кеткен көліктеріне қайта-қайта салық келе беретініне наразы. Тіпті Анар Жексембай деген желі қолданушы әкесінің 1997 жылы сатылып кеткен көлігіне былтыр салық келгенін айтады. Қайта халық көнбіс. Көнбіс болмасына да шара жоқ. Егер салық уақтылы төленбесе, азаматтың барлық есепшоты бұғатталады, депозитіне шектеу қойылады, банктің бәрі оған шот пен карта ашудан бас тартады. Оның үстіне сот орындаушысының қызметіне төлейтін қосымша ақы тағы бар. Сондықтан амал жоқ, салық жөнсіз келіп тұрса да, мойынсұнып, төлеуге мәжбүр.
Сонымен, көлік бірнеше жыл бұрын сатылып кетсе, бірақ салығы бұрынғы қожайынының атына келе берсе, не істеу керек? Бұл сауалды Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отарға қойдық. Оның айтуынша, бұрын көліктің бәрі сенімхатпен сатылып келген. Ал сенімхат арқылы сатылған көлік бұрынғы иесінің атында қала береді. «Мемлекеттік кірістер комитеті уәкілетті органның мәліметтері негізінде салық есептейді. Егер ол мекеме атыңызда көлік тіркелген деген ақпарат берсе, салық заңнамасы бойынша салық есептейміз. Сол үшін Әкімшілік полиция комитетінен көлік тіркелген-тіркелмегені жөнінде анықтама алған жөн. Сол анықтаманы өзіңіз тұратын аумақтық мемлекеттік кірістер (салық) органдарына апарып көрсету керек. Егер атыңызда көлік шынымен де тіркелмеген болса, салық қызметкерлері төлемді алып тастайды. Болмаса, E-Salyq Azamat мобильді қосымшасын жүктеп алып, «Салық әмияны» айдарында орналасқан салық салу нысандары бөлімін таңдау керек. Онда «түзету» деген бар. Осы түзетуге қажетті мәліметті енгізген жөн», дейді О.Отар. Маман жүрмейтін, жарамсыз көлікті де меншік мүлкі ретінде есептен шығарып тастау керектігін, егер есептен шығарылмаса, оған да салық есептелетінін еске салды.
Сонымен қатар ұрланған көлікке де салық есептелуі мүмкін. Сондықтан көлік қолды болған жағдайда салық органдарына қылмыстық іс қозғау фактісін растайтын ақпаратты ұсыну керек. «Көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады және қылмыстық іс тоқтатылған немесе көлік кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі», делінген ведомствоның мәліметінде.
Жақында көлік салығына байланысты өткен брифингте Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің арасында ведомствоаралық ақпараттық жүйелерді біріздендіру жүріп жатқаны айтылды. Яғни екі мекеменің көлікке қатысты ақпараттық жүйесі бірігіп, «Интеграцияланған деректер базасын» құрамақ. Егер бұл жүйелер бір ізге түссе, болашақта көлік салығына байланысты келеңсіздіктер болмайды деп сендірді ведомство өкілдері.
Көлікпен көп жүрген көп төлеуі керек
Негізі әлемнің көптеген дамыған елінде көлік салығы деген жоқ. Мысалы, АҚШ-та көлік салығы бензин құнына қосылған. Мұндағы жүйе «көлікпен кім көп жүреді, сол көп төлейді» дегенге саяды. Даниялықтар да мұндай төлем түрінен босатылған. Ал Франция көлік салығын 2001 жылдан бастап алып тастады. Израиль болса, көлік салығы көлемін қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды бөлу деңгейімен өлшейді, яғни көлік неғұрлым ескі болса, соғұрлым салығы жоғары болады. Израильдің көліктері 2009 жылдан бері 15 экологиялық топқа жіктелген. Мұнда электромобильдерге жеңілдік жасалған.
Әлемдік сарапшылардың көбі көлік салығына келгенде Америкадағы алым жүйесі бәрінен әділетті деп санайды. АҚШ-та көлік сатып алған адам бірден біржолғы салық төлейді. Оның көлемі көлік бағасының 1-7%-ын құрайды. Содан кейін көліктен жыл сайын салық алынбайды. Алайда көлігі бар адамға бензин қымбатырақ сатылады. Көп жүрген көлік жанармайды да көп тұтынады деген сөз. Демек көп жүрген сайын көбірек шығындаласың. Америкалықтардың көлік жүргізушілерінен алатын бар алымы осы. Есесіне, көлік қожайындарының салыққа бола жүйкесі тозбайды, жүйеден ши шықты деп біз сияқты сергелдеңге түспейді, бәрін жанар-жағармай стансалары өздері реттейді.
Осыған ұқсас тәсілді Қазақстанға да енгізейік деп былтыр бірқатар экономист мәселе көтерді. Үкіметтік деңгейде өткен жиындардың бірінде Wesing Eac компаниясының басшысы Ұлан Қамшыбаев көлік салығын жою керектігін айтып, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына ұсыныспен шыққаны есімізде. Оның пікірінше, көлік салығының көлеңкелі тұсы көп. Мысалы, бұл төлем түрін жеке тұлғалар ғана төлейді, ал мемлекеттік мекеме, бюджеттік ұйымдарға қарасты көлік салығын ешкім төлеп жатқан жоқ. Оның үстіне соғыс ардагерлері және оған теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденiмен және «Отан» орденiмен наградталғандар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқамен» марапатталғандар салықтан босатылады. Бұл – дұрыс, әрине. Бірақ кейбір азаматтар қымбат көліктерін атасының немесе анасының атына тіркеп қойып, өздері салықтан жалтарып жүр. Сондықтан экономистер қолданыстағы көлік салығын мүлде алып тастап, Америкадағы секілді өзгеше тәсілді енгізу әлдеқайда тиімді деп санайды.