Үкімет • 28 Сәуір, 2021

Бүгінгі басты мәселе – пандемиямен күресті күшейту

469 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды.

Қазіргі ахуал мен халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, кәсіпкерлік нысандарында Ashyq қосымшасын пайдалану мәселелері туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ өңірлердегі жағдай туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

 

Бүгінгі басты мәселе – пандемиямен күресті күшейту

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Әлемдегі ахуал алаңдатарлықтай

Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша жағдай шиеленісе түсуде. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 148 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 600 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші 2,1% құрады. 221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 108-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр.

Денсаулық сақтау министрі хабар­ла­ғандай, Қазақстанда 27 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 311 400 науқас және КВИ жағдайымен 52 471 науқас тіркелген.

Өңірдегі әрбір медициналық ұйым­ның деңгейіне дейін төсектік орын қорының жүктемесіне мониторинг жүргізудің электронды жүйесіне сәйкес 27 сәуірдегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектік орындардың бос болмауы 41%, реанимациялық төсектік орындардың бос болмауы 28%-ды құрайды. Инфекциялық төсектік орындардың ең көп бос болмауы Қызылорда облысында – 58%, Алматы қаласында – 57%, Алматы облысында – 57%, Нұр-Сұлтан қаласында – 56% байқалды. «Шамамен 62 мың төсектік орын резервтік төсектік орын қоры құрылды, оның 9 700-і тек инфекциялық төсектік орын. Бүгінгі таңда резервтік қор 26 189 төсектік орынды құрайды. Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Шым­кент қаласын қоспағанда, барлық өңір­дегі инфекциялық стационарлар, көпбейін­ді ауруханалардың бөлімшелері жұмыл­ды­рыл­ған. Реанимациялық төсектік орындар­дың ең көп бос болмауы Батыс Қазақстан облысында – 57%, Алматы қаласында – 55% және Нұр-Сұлтан қаласында – 54% байқалды», деді ведомство басшысы.

 

Ashyq қосымшасын қолданады

Денсаулық сақтау министрі атап өткен­дей, бүгінгі таңда ел азаматтарын вак­циналау екі вакцина – Спутник V және QazCovid-in вакцина­лары ар­қылы жүзеге асырылады. «Қа­зақ­стан COVID-19 вакцинасын әлемдік өндірушілердің ондығына кіргенін атап өткім келеді. 177 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстан коронавирус аймағына қарсы вакциналанғандардың саны бойынша 52-орында тұр. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, сәуір айында вакциналауға жататын халықтың 20%-на вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді А.Цой.

«Атамекен» ҰКП, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және жергілікті атқа­рушы органдармен бірлесіп, шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы қаңтарда Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Қарағанды қалаларында Ashyq мобильді қосымшасын енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру басталды. 26 сәуірден бастап жоба бүкіл ел бойынша қолданыла бастады. «Қазіргі таңда Ashyq келесі кәсіпкерлік нысандарында жүзеге асырылуда: фитнес-клубтар, спа-орталықтар, бассейндер, боулинг, бильярд және компьютер клуб­тары, кинотеатрлар, театрлар, концерт залдары, қоғамдық тамақтану объекті­лері, облысаралық және қалалық жүйесіз (туристік) тасымалдар. Сондай-ақ қыз­меткерлердің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету және COVID-19 таралуын азайту үшін Ashyq мобильді қосым­шасын орнатуды көздейтін жекелеген қызмет салаларының Ashyq-қа жеңілдіктерсіз, ерікті түрде қатысуы қарастырылған», деді А.Цой.

Ashyq қатысушылары үшін оқыту бейнероликтері, объектілерге QR-код­тарды беру алгоритмі дайылдалған. Жобаға жосықсыз қатысушылардың ықтимал қосылу тәуекелдерін ескере отырып, оларды алып тастау өлшемшарттары анықталды. «Қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет объектілерінің қызметін реттеуге, адамдар көп жиналатын орындар бойынша шектеуге бағытталған. 27 сәуірдегі жағдай бойынша жобаға қатысушылардың жалпы саны 1 658 құрады, қосымшаны пайдаланушылар саны 378 мыңнан асады», деді А.Цой.

 

Сәуірде халықтың 20%-ы екпе алуы тиіс

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, бүгінгі таңда санитарлық-эпиде­миялық жағдай біршама тұрақтанды. Ви­рустың репродуктивті индексі республика бойынша 1-ге дейін төмендеді. Инфекциялық төсектік орындар 41%-ға, реанимациялық төсектік орындар 28%-ға толы.

26 сәуірден бастап кәсіпкерлік нысандарында Ashyq қосымшасын кеңінен іске қосу жұмыстары басталды. Енді Ashyq қосымшасы аясында театрлар мен кино­театрлардан басқа, дәмханалар, мейрамханалар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен спорт объектілері, оның ішінде фитнес-залдар ашылуға дайын. «Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – азаматтарымызды коронавирусқа қарсы вакциналау­мен жаппай қамту. Сәуір айының қорытындысы бойынша вакциналауға жататын халықтың 20%-ы COVID-19-ға қарсы екпе алуы тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау қажет», деді
А.Мамин. 

Премьер-Министр азаматтардың маска тағуы, әлеуметтік арақашықты сақтауы және адамдардың көптеп жиналуына жол бермеу бойынша талаптардың қатаң сақталуы маңызды екенін атап өтті. Үкімет басшысы бизнес-ортада Ashyq қосымшасын енгізуді кеңейтуді тапсырды, бұл кәсіпкерлерге енгізілген шектеу шаралары жағдайында өз қызметін жандандыруға мүмкіндік береді.

 

Жұмыспен 1,2 млн қазақстандық қамтылады

Үкімет отырысында халықты жұмыс­пен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәп­кенов, «Атамекен» ҰКП басқарма төра­ғасы Абылай Мырзахметов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

Қазақстанда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасының құралдарын күшейтуді қоса алғанда, жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды (жоспар – 700 мың). Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылды. Жалпы, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 1,2 млн адамға көрсетіледі. Нақты жалақы мөлшерін 10%-ға – 221 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша осы жылы 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Үкімет басшысы Павлодар, Қара­ғанды және Атырау облыстарында барынша көп тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысқа оң баға берді. «Халықты жұмыспен қамту – Үкі­меттің маңызды міндеті. Nur Otan партиясының бағдарламасында көрсе­тілгендей, тұрмыс сапасын арттыруды, жұмыссыздық деңгейін 2025 жылға қарай 4,7%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ететін жаңа трендтерге, талаптарға сай болу және еңбек нарығын реттеудің тиімді жүйесін құру аса маңызды. 5 жыл ішінде шамамен 3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады», деді А.Мамин.

Премьер-Министр «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бә­секеге қабілетті еңбек ресурстары­мен қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне биылғы 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды. «Халықты жұмыспен қамту шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек», деді А.Мамин.

Премьер-Министр «Еңбек» жоба­сының іс-шараларын қаржыландыруды, сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын дайындауды тапсырды. Бұл ретте жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орын­дарын ашуға ерекше назар аудару қажет.

 

Декларациялауды енгізудің барысы қалай?

Үкімет отырысында жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысы қаралды. Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев және Премьер-Минис­трдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев­тың айтуынша, декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 437 мың адам салық есептілігін ұсынды.

Бұл ретте салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлға­лар әлеуметтік салық шегерімдерін қолдана алады. Азаматтардың тиісті шы­ғыс­тары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Декла­­рациялау кезең-кезеңімен, мемле­кеттік қызметшілерден бастап, кейіннен бар­лық азамат үшін жүргізіледі. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап деклара­цияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олар­дың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2024 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап заңды тұлғалардың бас­шылары мен құрылтайшылары, сон­дай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбай­лары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.

Қаржы министрінің айтуынша, «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады. Мемлекеттік корпо­рацияның фронт-офистері Connection Point өзіне өзі қызмет көрсету секторы­мен жабдықталған. Халыққа ыңғайлы болуы үшін декларация тапсыруға электрон­ды қызметтер көзделген. Олар – салық төлеушінің кабинеті, «Электронды үкіметтің» веб-порталы және Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасы.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атап өткендей, декларациялау процесі жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттік кіріс органдарының жүргізген кең ауқым­ды түсіндіру жұмысы және бірінші кезеңде жақсы даярланған азаматтар са­наттарының қатысуы маңызды рөл атқар­ды. Ол бұл үлкен жұмыстың бастама­сы ғана екенін айтты. Өткен жылы жалпыға ортақ декларациялауға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекі­тілді. «Мемлекеттік органдар өздері­нің ақпараттық жүйелерінің инте­грацияға техникалық дайындығы бойынша шығындарды болдырмай, жоспарға сәйкес үйлестірілген жұмысты жандандыруы қажет. Осыған байланысты аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деді Ә.Смайылов.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 42-қадамына сәйкес кірістер мен шығыс­тарды жалпыға ортақ салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағыт­талған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жыл сайын электронды базалар жетілдірілуде, сондықтан азаматтарға Қазақ­станның мемлекеттік органдары мен банк­терінде тіркелген мүлкі мен актив­тері туралы мәліметтер ұсынудың қажеті жоқ. «Басталған жұмысты бекі­тіл­ген мерзімдерге сәйкес орындап, жал­пыға ортақ декларациялауды енгізу бо­­йынша халыққа түсіндіру және оқы­ту жұ­мыстарын жүргізу қажет», деді А.Мамин.