Фото авторы: Максим Золотухин
Мысалға, былтыр Ақсу ауданында Бөрібай батырдың ескерткіші ашылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тарихқа тағзым мен рухани сананы жаңғырту жолындағы іске ақсулық ағайын жұмыла кірісіп, елге қорған болған батырдың 5 метрден асатын мүсінін қоладан құйғызып тұрғызған еді.
Ел ішінде бастау алған бұл игілікті шара биыл Сарқан ауданында жалғасын таппақ. Алдағы күндері аудан орталығында қазақ даласын жаудан азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен Алдияр батырдың ескерткіші бой көтермек. Бүгінде ескерткіштің эскиздік нұсқасы облыстық мәдениет басқармасының көркемдік кеңесінде мақұлданып, қоладан құюға тапсырыс берілді. Жалпы, Алдияр батыр туралы жазба деректер тарихшы ғалым Мұхаметжан Тынышбаевтың еңбектерінде аталады. Алдияр Елкеұлы шамамен 1641-1712 жылдары өмір сүрген. Батыр жас кезінде қырғыз еліне барып қырғыз манабы Сарудтың қарамағында қызмет атқарып, бас батыр атағына ие болған. Қоқандықтармен, шүршіттермен, жоңғарлармен болған талай шайқастарды басынан өткізіп, қырғыз әскерінің бас батыры атанады. Батырдың атағы ел-елге тарап, даңқы артқан. Қазақ ханы Салқам Жәңгір Бұқар жырауды қырғыз еліне жіберіп Алдияр батырды елге шақыртып алғандығы жөнінде деректер бар екен.
– Ол кезде Қазақ жеріне ентелеп тұрған жаулар көп еді. Жәңгір хан қайтыс болып, орнына таққа отырған Тәуке хан елге оралған Алдиярды бас батыр сайлайды. ХVII ғасырдың екінші жартысында, XVIII ғасырдың басында қазақ еліне салмақ түскен ең ауыр кезеңде Алдияр батыр қазақ-қалмақ, қазақ-қоқан, қазақ-шүршіт шайқастарының бел ортасында жүрді. Батырдың 10 ұлы да осы соғысқа қатысып ерлігімен көзге түскен. Алдияр батыр Шыршық өзені жағасында жоңғармен соғыста ерлікпен қаза тауып, қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қасиетті Төлегетай баба, Қылышты қожа қорымына жерленген. Жалпы, ел ұранына айналған баһадүрге Сарқан қаласында ескерткіш тұрғызу, есімін ұрпақтар жадында қалдыру мақсатында қоғамдық қор құрылып, алыс-жақындағы ұрпақтары жұдырықтай жұмылуда. Бұл өткенге құрмет қана емес, келешек үшін тағзым етер тарихи тәбәрік болмақ, – дейді ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Жомарт Игіман.
Айтпақшы, биыл Алматы облысында 5 тарихи маңызы бар ескерткіш жаңадан ашылмақ. Олардың қатарында Сарқан ауданында бой көтеретін Алдияр батырдың тастұғырдағы мүсіні де бар. Жалпы, жыл басынан бері тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының қарауына 12 жұмыс тапсырылған екен. Оның ішінен 5 ұсыныс мақұлданып, республикалық комиссия отырысына жіберілген.