Аймақтар • 28 Сәуір, 2021

Жамбыл облысында шектеу шаралары күшейеді

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны артуда. Осыған байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі штабтың кезекті отырысын өткізді.

Жамбыл облысында шектеу шаралары күшейеді

Өткен тәулікте талдама қорытындысы 57 адамда оң нәтиже көрсетіп, өсім 0,7 пайызды құраған. Ең көп жағдай Тараз қаласында, Қордай және Байзақ аудандарында анықталған. Бүгінде облыс орталығы «қызыл» аймақта. Ал, Тараз шаһарындағы апталық өсім 304 науқасқа жетіп, 8,7 пайызды құраған. Қордайда бұл көрсеткіш 6,2 пайызға айналып отыр. Ал, республикалық көрсеткіш 5,6 пайыздан аспайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев 27 сәуірдегі жағдай бойынша инфекциялық стационарда 897 адам ем алып жатқанын, оның 54-і жан сақтау бөлімінде екенін жеткізді. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы мен дәрі-дәрмектермен қамтылуы бойынша ешқандай мәселе жоқ екен.

Облыста қазіргі кезде 37 егу пункті жұмыс істеуде. 36,7 мың жамбылдық вакцинаның бірінші компонентін, 9,9 мың жамбылдық екінші компонентін қабылдаған. Мойынқұм, Шу, Меркі аудандарында және Тараз қалалық №9 емханада вакцинация әлсіз жүргізілуде. Сәуір айының соңына дейін тағы 49,9 мың адамға екпе егілуі жоспарланған.

Сонымен қатар облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев қазіргі таңда қосымша шектеулер енгізу туралы құжат әзірленіп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, жаңа шаралар базарлардың, облысаралық автобус қатынасы мен басқа да сегменттердің қызметіне әсер етеді. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев «Аshyq» жобасының әлсіз іске асырылып жатқанын атап өтті. Ол бойынша Тараздағы тек 39 кәсіпорын ғана жұмыс істеуде. Ал, аудандарда бұл тәжірибе мүлдем таратылмаған.

«Төтенше жағдайлар департаменті мониторингтік топтардың жұмысына ешқандай көмек көрсетіп отырған жоқ. Олармен тұрақты байланыста болу үшін департамент бастығы шұғыл мәселелерді шешу бойынша өз орынбасарын бекіту қажет. Тұрғындар арасында санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарының ауқымын кеңейту аса маңызды. Қоғамдық көлік пен базарларға айрықша назар аудару керек. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер арасындағы инфекцияның таралуын бақылауды назарға алыңыздар», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы