2020 жылдың желтоқсанында «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдау барысында ШОБ-ты қолдау жөнінде бірқатар маңызды ұсынымдар әзірленген болатын.
Сенаторлар ұсыныстарының ішінде - шағын және орта бизнесті несиемен қамтуды кеңейту жөніндегі шаралар әзірлеу болды. Депутаттар оған қол жеткізу үшін несие беру шарттарын жұмсартып, кәсіпкерлерге несиені өтеу тәртібі мен кестесін оңтайландыруды ұсынған болатын.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров атқарған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Ол өз баяндамасында ШОБ мемлекеттік қолдау шараларына талдау жүргізілгенін және оларды маңыз беру жөнінде ұсыныстар әзірленгенін хабардар етті. Сондай-ақ экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне кейбір салықтарды төлеуді кейінге қалдыру тәртібін енгізу мүмкіндігі қаралып жатқаны айтылды.
Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаев сенаторларға осы ұсыныстарды іске асыру қорытындылары туралы баяндады. Ол бүгінде мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырудың жаңа әдістері әзірленгенін, сондай-ақ ынталандыру шаралары көзделіп отырғанын айтты. Олардың ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, аумақтық кластерлерді қолдау және өнеркәсіптік гранттарды енгізу бар. Бұл нормалар қазір Парламентте қаралып жатқан «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында белгіленіп отыр.
Қаржы, сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері де атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков депутаттардың ұсыныстары іске асып жатқанын, дегенмен, әсіресе пандемия кезінде ШОБ үшін несиені өтеу кестесін жеңілдетуге қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар екенін атап өтті. Сенаторлар осы мәселелердің бәрін ерекше бақылауда ұстауға ниеттеніп отыр.