27 Сәуір, 2010

ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТТІЛІК ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

822 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елордада өткен сенбілік осындай мақсатты көздейді Өткен сенбіде Елорда басшы­лары мен тұрғындары жап­пай жалпы­қа­ла­лық сенбілікке шық­ты. Олар күні бойы көшелерді тазар­тып қана қоймай, жасыл желек екті. Таңер­тең­гісін сәл салқын­да­тып тұрса да түс ауа майы тамған сәуір­дің соңғы сен­бісі бір адамдай жұ­мылып жұмыс істеу­шілерге на­ғыз қолай­лы күн болған сияқ­ты. “Сенбілік” сөзі анықтамалық­тар­да азаматтардың демалыс күн­дері қоғам игілігі үшін саналы түр­де ұйымдастырылған тегін еңбекке шығуы дегенді білдіреді. Кеңестік кезеңде дәстүрге айналған үй­рен­шікті шараның қоғам өмірінен әлі де қалмай келе жатқандығы оның пай­далы жағы көбірек екендігінен болса керек. Оған күн жылына кетпені мен күрегін қолына алып, тал отырғызып, айналасын көгал­дан­дыруға көшетін қазекемнің салтын қосыңыз. “Сәуір болмай тәуір болмас” дегенді алға тартып, қолға алынған жалпықала­лық сенбілікке Астана қаласының әкімдігі бастамашы болып отыр. Күн арқан бойы көтерілген шақта Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы Тәуелсіздік даңғылы­ның бойына көшеттер отырғызды. Сенбілікке алдымен жеткен қала әкімі ағаш отырғызып та, жур­на­лис­терге сұхбат беріп те үлгерді. Қала әкімінің айтуынша, еуропа­лық стандарттарға сәйкес, сен­бі­лікке шықпау үшін ең алдымен қала тұрғындарының мәдениеті сол деңгейге жетуі тиіс. Ал ол үшін тұрғындар туған елді ме­кен­дерін ластамай, оған өз үйіндей қа­рауы керек. Астана елдің тек әкімшілік-саяси орталығы ғана емес, Астана — жас, қарқынды дамып келе жатқан заманауи қала. Ол өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сон­дықтан, ұйымдастырылған сен­білік қандай да бір материалдық табыс табу мақсатын көздеп отырған жоқ. Мұнда, ең алдымен, үлкен тәрбиелік мән жатыр. Бұл жерде Президент Әкім­ші­лігі мен Премьер-Министр Кең­се­сінің қызметкерлері, Астананың ауа райы жағдайына және топы­ра­ғы­ның ерекшелігіне бейімді тал мен үйеңкінің 440 көшетін отыр­ғызды. Сенбілікке шығушылардың тағы бір тобы “Ана мен бала” ұлт­тық ғылыми орталығы маңайында жұмыс жасады. Мұнда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­та­ры тазалық жұмыстарын жүр­гізді. Солардың бірі, Мәжіліс Се­на­тының депутаты Нұрлығайым Жолдасбаева қаламыздың таза­лы­ғына жауап беру ортақ міндетіміз деген өз көзқарасын білдірді. Ағаш­­тарды суаруға көмектескен депутат риясыз күлімсірейді. Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жер­ден табылды. Қарағаштың түбіне топырақ салып, баптап жүрген Төр­ағаның қимылы алыстан байқалады. Парламент Мәжілісінің Төр­аға­сы Орал Мұхамеджанов болса, бұл шараның ертеден келе жатқан дәстүр екендігін айтып өтті. Қан­дай ағаш отырғызып жатқандығын сұрағанымызда, қарағаш екендігін айтып, өзінің бұл шаруадан да хабары бар екендігін аңғартты. Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов сенбіліктің өздері сияқты ересек азаматтарға қанға сіңген дағды екендігін жет­кіз­ді. Жас кезімізде қашан шы­ға­мыз деп, дайындалып жүретінбіз. Ең бастысы, шараға тек еңбек деп қана қарамай, сонымен бірге, қоғам мүшелерінің оған өз үлесін қосуға, өзі тұрып жатқан жерді абаттандыруға, ауасын тазалауға күш салып, экологиясын назарда ұстауға қосып жатқан үлесі деп айту орынды. Екінші жағынан алған кезде жұмылған жұдырық секілді азаматтардың ұйымшыл­ды­ғын көрсетіп берді. Қызмет лауа­зымына бөлместен барлығы бірге күрек ұстап немесе зембілдің бір ба­сын басшысы, екінші басын қос­шысы ұстап, ортақ жұмыс істеу­дің өзі адамды рухани тұрғыда бір-біріне жақындата түседі. Қыз­меттік, болмаса әлеуметтік жағ­дай­лары екі түрлі жандарды теңес­ті­ріп, еңбек етуге келгенде бар­ша­ның да бірдей екенін түсінуге сеп­тігін тигізетін шара, дейді халық қалаулысы. Бұл күні Мәжіліс пен Сенат депутаттары біріге отырып 3 түрлі ағаш түрінен 300-ден аса көшеттер отырғызды. Енді елор­да­дағы “Ана мен бала орталығы” ҰҒО жанында үйеңкі, қарағаш, қайың жайқалып өсетін күн де алыс емес. Ал жалпы қала бойын­ша “Біз – қала тазалығы үшін!” ұранымен өткен сенбілікке 75 мыңға жуық елордалық шықты. Әлемдегі ең таза қала сана­латын Сингапурде көше ластау қылмыспен тең. Сіздің абайсызда түкіргеніңіз немесе тамақ қалды­ғын лақтыру сияқты көшені лас­тауы­ңыз өте үлкен мөлшердегі айыппұлмен өндіріледі. Ол сома – 100 доллардан 1000 долларға дейін. Ал француздар мәселені 1500 еуро арқылы шешеді. Осылайша аса зор көлемдегі айыппұл арқылы өз қалаларының тазалығын сақтай­тын олар бұл мәселеге асқан кір­пияз­дықпен қарайды. Ал біз де елордамыздың осындай экология­лық жағынан тап-таза қала ата­нуы­на мәдениеттілік тұрғысынан, азаматтық жоғары сана тұрғысы­нан үлгі бола білсек, Астана қала­сының әлемдегі таза қалалар сана­тына қосылу ықтималдылығы да арта түспек. Лайым, сол күнге жет­кізсін! Венера ТҮГЕЛБАЙ.