Аймақтар • 28 Сәуір, 2021

Жоғары оқу орнында «EduWeek EKTU-2021» академиялық апталығы өтті

5372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Университеттің білім беру инновацияларын көпшілікке таныстыру үшін жыл сайын сәуірде «EduWeek EKTU-2021» академиялық апталығы өтеді.

Жоғары оқу орнында «EduWeek EKTU-2021» академиялық апталығы өтті

Академиялық апта «Бүгін — Ертең — Бүрсігүні» атты жаңа білім беру бағдарламаларының хит-парадынан басталды. Базалық инженерлік дайындық факультетінің деканы Жеңісгүл Рахметуллина ЖОО қызметкерлері, ФБИП ПОҚ, физика орталығының инженерлері, «ТФ» және «МиКМ» ББ студенттері, докторанттары үшін экскурсия жүргізіп, студенттердің инженерлік мамандықтар бойынша тәжірибелік жұмыстарын жүргізетін зертханалары туралы айтып берді. Айта кету керек, математикалық пәндерді тереңдетіп оқытатын білім алушылар да «физика орталығында» зертханалық жұмыстарды орындайтын болады.

Сонымен қатар, ШҚТУ кітапханасында қызықты, танымдық экскурсиялар өткізіліп, жаңа білім беру бағдарламалары таныстырылды.
 
Академиялық апталық аясында университеттің «Қазақ және орыс кафедрасы» «Латынграфикалы қазақ әліпбиінде жаза аласың ба?» атты ақпараттық-танымдық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты - жетілдірілген жаңа әліпбиді студенттерге, оқытушылар құрамына таныстыру, насихаттау болды. Ал гуманитарлық білім беру факультетіне қарасты «Абай» клубы өзінің әдеби қонақ бөлмесін ұйымдастырды. Оған Өскемен қаласының № 2 орта мектебінің оқушылары қатысты. Мамандар университет қабырғасында ақынның шығармашылығын насихаттайтын жұмыстар жайлы ақпарат беріп, «Адам бол» курсының маңыздылығы туралы сөз қозғады.
 
«EduWeek EKTU-2021» шеңберінде  физика орталығының зертханасында «күрделі физикалық үдерістерді модельдеу»атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Академиялық қызмет жөніндегі проректор Жадыра Қонурбаева және тәжірибе базасының өкілдері, ҚР ҰЯО қызметкерлері қатысты. Студенттер мен мектеп түлектері тарапынан ҚР ҰЯО өкілдеріне сұрақтар қойылып, оларға қанағаттанарлық жауаптар берілді. Кейін ШҚТУ-дың одан арғы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 
 
Академиялық апталықтың соңында дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі 2021» өтті.  Жыл сайынғы іс-шара университет түлектеріне қызықты, перспективті және жоғары ақылы жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге жаңа білікті кадрлар таңдауға көмектеседі. "Бос орындар жәрмеңкесі» осымен екінші жыл онлайн форматта өтуде.
 
Конференцияға «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Біріккен энергосервистік компания» АҚ, «1С-Рейтинг» ЖШС, «KAZ Minerals» ЖШС сияқты Шығыс Қазақстанның ірі компанияларының өкілдері қосылды.

ШҚТУ-дың декандары, олардың орынбасарлары кезек-кезек конференцияға қосылып, мамандарды қандай бағыттар бойынша даярлайтындары туралы баяндады. Жұмыс берушілер өз кезегінде компанияларын таныстырып, түлектер үшін маңызды ақпараттармен бөлісті. «Бос орындар жәрмеңкесі 2021» биылғы жылы жоғары оқу орнын бітірген 700-ден астам оқушыны қамтыды.
 
Айта кету керек, ШҚТУ-да «Бос орындар жәрмеңкесі» үшін электронды алаң әзірленді. Мұнда кәсіпорындар мен студенттер өзара байланыса алады. Жұмыс берушілер тіркеліп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат қалдырып, студенттердің түйіндемесімен танысады. Студенттер мен түлектер өздерінің жеке кабинеттерінде түйіндемелерін орналастырады және әлеуетті жұмыс берушілер ұсынатын ақпаратпен танысады. Биылғы жылы электронды алаң  пысықталды, енді кәсіпорындар түлектерге ақпарат беру үшін бейне материалдар мен презентацияларды қоса алады.