Қоғам • 29 Сәуір, 2021

Мүгедектік масылдық емес

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында арбада отырған бір жігіттің келген жұртқа жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырғанын жиі байқаймын. Өзі сондай елгезек. Кез келген сауалға қабақ шытпай, жауап беріп отырады. Осы ауданның тұрғыны ретінде бұл маманның кеңесіне талай жүгіндік.

Мүгедектік масылдық емес

Жақында мүмкіндігі шектеулі болса да ел қатарлы жұмыс істеп отырған маманмен тілдесудің сәті түсті. Аты-жөні Ербол Ескенов екен. Осында жұмыс істегеніне екі жылдай уақыт болыпты. Негізгі мамандығы – техник-бағдарламашы. «Физикалық мүмкіндігімнің шектеулі болуы жұмыс істеуге ешқандай да кедергі емес. Өйткені мүгедектік масылдық емес, жұмыс істеуге бәріміз талпынуымыз керек. Қайта үйде отырған адам ауруға беріліп, өзін-өзі мүжігіш келеді. Ал ұжымда жұмыс істесең, барлық қиындықты ұмытып, уақыттың қалай өткенін білмей қаласың», дейді Ербол.

Жалпы, әлеуметпен жұмыс істейтін салада қызмет ету – оңай емес. Әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері болу үшін жауапкершілік пен төзімділік керек. Өйткені мұнда халық сан салалы мәселелермен келеді. Солардың ішінде сабырсыздық танытып, бірден ашуға берілетіндер де баршылық. «Көпшіліктің көңілінен шығу үшін алдымен өзің сабырлы болуың керек. Жылы сөйлесең, байыппен түсіндірсең, бәрімен тіл табысуға болады. Мен бастапқыда кіреберісте жұртшылыққа кеңес беріп отырдым. Халық маған мүсіркеушілікпен қарап, ХҚКО-ның шын қызметкері екеніме сене қоймады. Қанша кеңес беріп тұрсам да көзімен басқа маманды іздеп тұратын. Қазір көздері үйренген сияқты. Менімен кәдімгі маманмен сөйлескендей сөйлеседі, бұл менің де мәртебемді биіктете түсті» дейді Е.Ескенов.

Қазір Ербол «Нәтиже» азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай орталығы» қанатқақты жобасымен жұмыс істеп жатыр екен. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолға алынған. Биылғы шілде айынан бастап, барлық мемлекеттік мекемеге «е-өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Жобаның тиімділігі сол, жұртшылық арыз-шағымын арқалап, әртүрлі мемлекеттік мекемеге барып жүрмейді. Ресми органдарға бағытталған өтінішін, шағымын ХҚКО-ға қалдырып кетсе болғаны, әрі қарайғы жұмысты осы орталықтың мамандары реттейді. Өтінішке жауапты да иелері осы орталықтан алып кетеді, яғни халықтың уақыты үнемделеді әрі мемлекеттік мекеменің арыз-шағымға жауап беру мерзімі қысқарады. «Бұл – халықтың өтініштеріне қатысты процестерді цифрландыруға арналған ақпараттық жүйе. Пайдасы бар. Мәселен, мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландыруға, соның есебінен елдің өтініштерін қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал біз өтінішті қараудың барлық сатысы мен уақыты жөнінде өтініш иесіне ақпарат беріп отырамыз. Жаңа жоба мемлекеттік мекемелердің жұмысын бағалауға да жол ашады», дейді маман. Осы жобаға қатысты ХҚКО мамандарын оқыту жүргізіліп жатыр. Ербол да солардың қатарында. «Мұндай халыққа тиімді жобалар көбірек қолданысқа енгізілсе, жұмыс та жеңілдей түсер еді» дейді ол.

Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында Ербол сияқты ерекше қажеттілігі бар 831 адам жұмыс істейді екен. Корпорацияның баспасөз қызметінің жетекші маманы Әсел Мизамқызының мәліметінше, «Азаматтарға арналған үкімет» мұқтаж жандарға қатысты қызметтерге жіті көңіл бөледі. «Мәселен, мүгедектікті белгілеуге байланысты қызметке қол жеткізу үшін азаматтар бұрын екі мекемені аралап, 67 құжат жинауға мәжбүр еді. Қазір медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі бірден электронды үкіметтің порталына қойылады да, осы мәліметке сәйкес мемлекеттік корпорация жәрдемақы тағайындайды, ал жергілікті атқарушы орган қажетті көмектерді көрсетеді. Корпорация мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, оларды жұмысқа алу мәселесіне де үлкен мән беріп келеді. Қазіргі таңда корпорацияда жұмыс істейтін мүгедек жандардың бәрі де өздерін еңбекқор, жауапты да сауатты маман ретінде танытты», дейді Әсел.

Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтарында пандустар, шақыру тетіктері, тактильді жолдар, жеңілдік терезелері мен брайль тақтайшалары қарастырылған. Фронт-офистерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін арнайы «жеңілдік терезелері» бар. Ал 1,2 - топтағы мүгедектер ХҚКО-ға келмей-ақ, 1414 нөміріне қоңырау шалып немесе gov4c.kz сайтында өтініш қалдырып, қызметкерлерді үйіне шақырта алады. Соңғы бес жыл ішінде 206 092 мемлекеттік қызмет мұқтаж адамдардың үйіне барып көрсетілген екен.

1411-әлеуметтік-ақпараттық орталығы мұқтаж кісілерге кеңес беріп қана қоймай, моральдық тұрғыда демеу де көрсетеді. Операторлардың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар жандар мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес алу үшін ғана емес, сырласып, мұңын шағу үшін де хабарласады екен. «Ондай кезде біз азаматтардың әңгімесін байыпен тыңдап, шерін тарқатуға мүмкіндік береміз. Жандарына жылу сыйлар сөздер айтып, моральдық қолдау көрсетуге тырысамыз», дейді мамандар.