Руханият • 29 Сәуір, 2021

Тілге құрмет – елге қызмет

834 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақ тілі – біздің рухани негізі­міз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Тұңғыш Президентіміз – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық дамуы­мыздың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын саралаған Жолдауында ха­лыққа осындай үндеу тастаған болатын.

Тілге құрмет – елге қызмет

Елбасы 2018 жылы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс», деп нақты тапсырма да берді. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек», деп атап көрсетті. Президент кейінірек «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында мемлекеттік тіл мәселесін де қозғап, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», деген еді.

Мұның бәрін тізіп шығуымыз бекер емес. Газетіміздің 2021 жылғы 20 қаң­тардағы нөмірінде «Екі ауыз сөзді ежік­теп...» деген мақала жариялаған едік. Онда Парламент Мәжілісіне жаңа сайланған депутаттардың ант беру рәсіміндегі «қызық­тар мен шыжықтарға» тоқталып, олардың төрт ауыз сөзді айта алмай ежіктегенін сы­на­­ғанбыз. Сол мақаламызда «Алдағы уақыт­та Мәжілістегі мемлекеттік тілдің жағ­дайы қалай болар екен?..» деген сауал тас­таған едік. Таяуда Мәжілістің онлайн режі­мінде өткен кезекті жалпы отырысын көріп отырып, депутаттардың ана тілімізге әлі де бет бұра қоймағандығын байқағандай болдық.

Жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі кешеге дейін 13 жалпы отырыс өткізді. Осы уақыт аралығында депутаттар түрлі мемлекеттік орган басшыларына 160 депутаттық сауал жолдапты. Ерінбей, талмай солардың бәрін санап шықтық. Сөйтсек, 90 сауал орыс тілінде, 70 сауал қазақ тілінде оқылыпты. Мәселен, 24 ақпандағы жалпы отырыс­та 18 депутаттық сауал жолданды. Соның 11-і Пушкиннің тілінде, 7-еуі ғана Абайдың тілінде жарияланды.

10 наурыздағы жиында 15 сауалдың 10-ы орыс тілінде, қалғаны қазақша оқылды. Палатаның 7 сәуірдегі отырысында депутаттар «рекорд» орнатты. Жолданған 11 сауалдың 9-ы орыс тілінде болды.

Шүкір, бүгінде Қазақстан халқы 19 миллионға жақындап қалды. Ресми мәлі­метке сүйенсек, соның 89 пайызға жуы­ғы қазақша біледі екен. Яғни халықтың ба­сым бөлігі мемлекеттік тілімізде сөй­лей­ді. Оның үстіне, ауыл тұрғындары (ха­лық­­тың 47 па­йызы) мен шетелден келген мил­лионға жуық қандасымыз тек қазақ тілін біліп, орысша түсінбейтінін ескерсек, ана тіліміздің өзектілігі анық аңғарылады.

Осы орайда ресми деректің бәрі Қазақ­стандағы негізгі қолданыс тілі қазақша екенін айғақтап тұрғанына қарамастан, депутаттардың неліктен орысшаға құмар екені түсініксіз. Әлде, орыс тілінде қойған сауалымыз Үкіметке өтімдірек болады дей ме екен?

Тіл туралы әңгіме қозғалғанда Нельсон Манделаның мына сөзі еске түседі. «Егер біреумен түсінікті тілде сөйлессең, тіл табыса аласың. Ал оның ана тілінде сөйлесең, ол сені жүрегімен түсінеді», дейді талай жыл түрмеде отырып, кейін ел басқарып, апартеидке қарсы тұрған аса көрнекті тұлға. Ендеше, халықтың қалаулысы саналатын депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын жоқтау үшін қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс емес пе?!

Депутаттар әлі күнге дейін Мемлекет басшысының тілге қатысты ұстанымын білмейтін секілді. Әйтпесе, Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттік тілді тез арада жетік үйренуге болатынын өз мысалы һәм өнегесі арқылы дәлелдеген саясаткер.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де екі тілге жетік басшы. Палата Спикері қазақша қамшы салдырмайды, орысшаны жаңғақша шағады. Осындайда Мәжіліс депутаттары Президент пен Мәжіліс Төрағасынан неге үлгі алмайды деген ой келеді. Айтпақшы, Nur Otan пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те екі тілде еркін сөй­лейді. Сондықтан нұротандық депутаттар тіл мәселесінде өзгелерге өнеге көрсетсе ғой дейсің...