Суретті түсірген – автор
– Біздің зауытта жүзге жуық маман жұмыс істейді. Үш цех бар. Бірі автокөлік шыныларын жасаса, екіншісі алюминий конструкцияларды құрастырады. Үшінші цех шыны пакеттерді өндіреді әрі шыныларды шыңдайды, – деген кәсіпорын директоры Айдар Мамиев жалпы жұмыстың қыр-сырын сипаттап берді.
Кәсіпорынның өнімдері мемлекеттік стандарт талаптарына толық сай келетіндіктен, өңірдегі ірі өндіріс орындарымен әріптестік орнатқан. Шынымен қапталған көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың жарқ-жұрқ еткен шынысы осы зауытта өндіріледі. Кәсіпорындағы қажетті құрал-жабдықтардың барлығы дерлік заман талабына сай. Шыныдан сапалы өнім шығару өз алдына, оны өңдеу технологиясы да – үлкен жұмыс. Мамандардың айтуынша, әр миллиметрдің дәлдігі, жиектерінің тегістігі – қауіпсіздік кепілі. Сондықтан шыныны ең алғашқы өңдеу сатысынан бастап асқан жауапкершілік қажет.
Әлбетте, жұмыстың дені компьютер көмегімен жүзеге асады. Өнімнің пішіні айқындалып, техникалық параметрлері нақтыланады. Цифрлық басқару жүйесімен шыны қажетті өлшемге келтіріліп қана қоймай, күрделі пішіндер кесіліп, сәндік өрнектер түсіріледі. Мұндай технология адам еңбегін жеңілдетіп, өнім сапасын жаңа деңгейге көтерген. Мәселен, фрейзерлік аппаратпен кез келген көлемдегі шыныны кесіп, тапсырысқа қарай түрлі өрнек салуға болады.

– Бұл құрылғы Италиядан әкелінген. Шыныны 100 мм дейінгі өлшемде өңдей алады. Қазір жуыну бөлмесіне қоятын кабинаның шынысы өңделіп жатыр. Сыртқы контурды жонамыз, қауіпсіздік үшін оған еурожиек жасаймыз, тұтқаға арналған орынды бұрғылаймыз. Сөйтіп, дайын өнім болып шығады, – дейді кәсіпорын қызметкері Руслан Нәзби.
Әйнекті жабық кабинада өңдеу уақыты орташа есеппен 20–25 минутқа созылады екен. Шыны тазартылып, өндірістік желіге жіберілгеннен кейін құрастыру жұмысы басталады. Бұл кезеңде әр әрекет нақты есеппен, технологиялық талапқа сай орындалады. Автоматтандырылған жүйе өнімнің сапасын бірқалыпты сақтап, оның беріктігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Зауыт ұжымы технологиялық мүмкіндіктерін үнемі жаңартып, заманауи қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосып келеді. Жуырда кәсіпорынға жаңа желі орнатылған. Бұл – шыны пакеттерін дайындауды толық автоматтандырып, өнімнің беріктігі мен жылу сақтау қасиетін арттыруға арналған кешенді құрылғы. Айта кетейік, кәсіпорын жуырда ғана 80 млн теңгеге жаңартылған құрылғы орнатқан.
– Бұл құрылғы Түркиядан әкелінген. Ең әуелі шыныны жуып, ауамен құрғатады. Содан кейін барып, өлшеміне қарай кесіледі, жақтаулары жабыстырылады. Жақтаулары арнайы желіммен жабыстырылғандықтан, суық өткізбейді. Әсіресе Шығыстың ауа райына лайықталған, – дейді кәсіпорын қызметкері Қайрат Сүлейменов.
Жоғарыда айтқандай, шыныны шыңдау кезеңін де көрдік. Яғни әдеттегі әйнектің беріктігін бес-алты есе арттыратын арнайы термиялық өңдеуден өткізеді екен. Өңделген шыны жылу мен соққыға өте төзімді болады. Шыны сынған жағдайда үлкен кесектерге бөлінбей, күл болып түседі. Мұндай шыны құрылыспен қатар, автокөліктерге де қолданылады. Оның үстіне оны кез келген түске бояуға болады.
Ірі кәсіпорын болғандықтан, арнайы мамандар автокөліктер мен түрлі техникалардың терезесін жөндеумен де айналысады. Тас тиіп шытынаған шыныны да жасап, дұрыстап береді.

– Біз көліктің әйнектерін дайындау-мен де, орнатумен де айналысамыз. Әйнек арнайы қалыпта балқытылып, көлікке лайықталады. Автокөлік терезесінің бір ерекшелігі, әйнектің арасына үлбіреген пленка орналастырылады. Егер қандай да бір жол-көлік оқиғасы болса қалса, мұндай шыны жан-жаққа ұшып, жолаушыға қауіп төндірмейді. Шыны дайын болған соң мамандар барлық бөлшекті қайта жинап, орнына қояды. Одан кейін әйнек 24 сағат кебеді, – дейді Михаил есімді жұмысшы.
Сондай-ақ кәсіпорында қоғамда жоғары сұранысқа ие пластикалық терезе шығарумен де айналысады. Бұған қажетті кейбір материалды отандық өндірушілерден алады. Цехта құрастырылып, тұтынушыға жөнелтіледі.
Басқа қалаларды қайдам, Өскемендегі он-он бес қабатты ғимараттардың жарқ-жұрқ етіп қапталып жатқаны осындағы өндірушілердің еңбегі екеніне көз жетті.
ӨСКЕМЕН