Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны ағымдағы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін QazVac тиімділігін толық бағалау жүргізіледі.
Вакциналардың клиникалық зерттеулері, соның ішінде III фазада, бүкіл әлемде жалғасуда. Ресей Федерациясы «Спутник V» зерттеулерін 2021 жылдың мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр, ал әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары шегіне жеткізеді.
Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданады. Вакциналау аурудың таралуына қарсы күресудің ең тиімді әдісі және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың сенімді әдісі болып қала береді. Бұл ретте, вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, оның сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талапты сақтай отырып жүргізілетінін айта кеткен ләзім. Жағымсыз реакциялар анықталған, «пайда-тәуекелдің» қолайсыз арақатынасы туралы деректер алынған немесе өнертабысқа немесе пайдалы модельге үшінші тұлғалардың айрықша құқықтарын бұзу туралы күшіне енген сот шешімі болған жағдайларда вакцинаны уақытша тіркеу тоқтатыла тұруы немесе жойылуы мүмкін екенін атап өткен жөн.
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакциналау ерікті түрде жүргізіледі және вакциналанушы вакциналау кезінде қолжетімді вакциналаудан өзі еккісі келетін вакцинаны таңдауға да құқылы.
Айта кетелік, QazVac вакцинасы – Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Алдын ала мәліметтер бойынша оның тиімділігі 90%-дан жоғары.
2020 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысының негізінде вакцинаға 30.09.2021 жылға дейінгі мерзімге 31.12.2020 жылғы ҚР-БП-№1 уақытша тіркеу куәлігі берілді.
Вакциналау бұлшықет ішіне 2 кезеңде жүргізіледі, бірінші және екінші дозаны енгізу арасындағы аралық – 21 күн. Вакциналау пунктінде алдымен тексеру жүргізіледі, сауалдама толтырылады және вакциналауға жазбаша ақпарат беріледі. Вакциналау 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. 18 жасқа дейінгі балалар үшін тиімділік пен қауіпсіздік зерттелмеген.
QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6 мың дозадан Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 мың дозадан Шымкент қаласы және Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, қалған өңірлер 2 мың дозадан алды. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңімен айына 500 мың дозаға дейін артады.