Оқиға • 29 Сәуір, 2021

Кәріз қақпақтарын ұрлаған такси жүргізушісі ұсталды

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда кәріз қақпақтарын ұрлаған такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәріз қақпақтарын ұрлаған такси жүргізушісі ұсталды

Полиция департаментінің мәліметінше, таяуда ғана жеке кәсіпорын С-316 көшесінде кәріз қақпақтарын орнатуға бағытталған жол жұмыстарын жүргізген. Ал жолаушылар тасымалдаумен айналысатын күдікті түнгі уақытта аталған көшемен өтіп бара жатып, 7 жаңа қақпақты ұрлап кеткен. Күдікті жүргізіп жүрген көлігін жалға алғандығы белгілі болған.

«Ер адам ұрланған кәріз қақпақтарын бөлшектеп, металл қабылдау пунктіне 9 мың теңгеге сатып жіберген. Қақпақтарды сатып алушыны қылмыстық жауапкершілікке тарту және оны ұрланған металлды сатып алушы ретінде есепке алу мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар оның қызметінің де заңдылығы тексерілуде. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабымен тергеу амалдары жүргізілуде», деп атап өтті Полиция департаменті.

Ведомство мәліметінше, сәуірдің 27-29 аралығында елорда аумағында «Құқықтық тәртіп» алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған.

Нұр-Сұлтан қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидовтың айтуынша, іс-шара өткізілген екі күннің ішінде қала аумағында 67 металл қабылдау пункті тексерілген.