Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Түркістан қаласында аса ірі көлемде героин тасымалдаған тұрғын ұсталды. Есірткіні заңсыз тасымалдау және сақтау туралы ақпарат облыстың Полиция департаменті Есіртікіні заңсыз тасымалдау іс-қимыл басқармасына келіп түскен. Арыз бойынша бірден шұғыл іс-қимылдар басталған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Шымкент-Самара» тасжолымен қозғалған жолаушы автобустарын тексеруге кіріскен. Соның нәтижесінде «Алматы-Түркістан» бағытында келе жатқан автобустағы жолаушы әйел күдік тудырған. Тінту кезінде әйелдің сөмкесінде қағазға оралып, полиэтилен пакетіне салынған ақ-сұр түсті есірткіге ұқсас ұнтақ табылды.
Сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша тәркіленген заттың салмағы 60 граммға жуық героин екені анықталды. Яғни героиннің салмағы 300 дозаға тең.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.