Өңірде мамыр айының 1-інен бастап тұрғындардың еркін жүріп-тұруы қатаң шектеліп, блок-бекеттер орнатылатын болды.
Індет басталғалы бері облыста коронавирустық инфекция 19 030 рет тіркелген. Ал 2021 жылы қаңтар айында – 1837, ақпан айында – 1950, наурыз айында – 2138, сәуір айында – 3884 жағдай есепке алынған екен. Көріп отырғанымыздай, вирус жұқтырғандар саны айдан айға көбейіп, сәуір айында тіпті өршіп кеткен.
– 1-28 сәуір аралығында 2144 адам тұмау белгілерімен дәрігерге қаралып, олардан коронавирус анықталды. Бұл науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде тағы 1098 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
26 сәуір күнгі нәтижелер бойынша Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Теректі, Жаңақала, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы ең қауіпті қызыл аймақта қалып отыр.
Вирус жұқтырғандардың ең көбі, яғни 35,2%-ы – жұмыс істейтін адамдар екен. Бірақ басқа топтар да аз емес. Соңғы бір ай ішінде 975 зейнеткер, 908 жұмыссыз, 293 оқушы, 75 медицина қызметкері, 89 мұғалім, балабақшаға бармайтын 69 бала, балабақшаға баратын 28 бала, 18 тәрбиеші, 53 студент ауырған.
Оқу жылы басталғалы COVID-19 мектепте дәстүрлі форматта оқитын 480 оқушыда, қашықтан оқитын 442 оқушыда анықталған. Мұның 293-і 4 тоқсанда, яғни 1 сәуірден бастап жұқтырған. Бүгінде қала және аудан санитар дәрігерлерінің қаулысымен 40 мектептегі 69 сыныпта офлайн оқу тоқтатылса, 6 мектеп толығымен қашықтан оқуға көшті. 7 балабақшада 7 топ, ЖОО-да 1 топ, 2 колледжде 2 топ карантинге жабылған.
Өңірде санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын бұзу фактілерін қадағалайтын мониторингтік топтар 1 сәуірден бері 634 мәрте рейд жүргізіп, 3422 нысанды тексерген екен. Нәтижесінде 34 нысанда талап бұзушылықтар анықталған. Оларға 130 хаттама толтырылып, 8 284 280 теңгеге айыппұл салынды.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков 2021 жылдың басынан бері COVID-19-дан өңірде 107 адам қайтыс болғанын айтып отыр. Оның ішінде қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30, сәуірде – 32 адам дүние салған. Қайтыс болғандардың 58-і – әйел адамдар, 49-ы – ер азаматтар екен. Науқастардың басым көпшілігі, яғни 94-і – қалада қайтыс болған.
Қазіргі таңда 19 науқас карантиндік стационарда, 603 адам инфекциялық стационарда ем алып жатыр екен. 40 науқас реанимация бөлімінде.
Облыста коронавирусқа қарсы екпе жүргізу ісі 1 сәуірде басталған. Арман Қалибековтің айтуынша, осы уақытқа дейін облысқа вакцинаның 62 700 дозасы келіп түскен. Қазірдің өзінде 32 937 адам екпенің алғашқы дозасын, 8 408 адам екінші дозасын алып үлгерген.
Өткен сәрсенбіден бастап Орал қаласында мобильді екпе бекеттері тұрғындарды жаппай вакциналау ісіне кіріскен. Яғни жылжымалы медициналық кешендер облыс орталығының ірі-ірі сауда орталықтары жанында тұрып, кез келген адамға өз қалауы бойынша екпе салады. Ол үшін келушінің жеке куәлігі болса жеткілікті. Екпе алған адам 30 минут дәрігер бақылауында болады. Ол отандық немесе ресейлік вакцина алатынын өзі таңдайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1 мамырдан бастап Орал қаласы, сондай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарына кіреберіске, барлығы 7 орынға блок-бекет орнатылады. Бұл бекеттерден халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым-мекеме қызметкерлері, медициналық ұйымдарда ем алушылар, жүк тасымалдаушылар және транзиттік жолаушылар, вахта жұмысшылары және оларды тасымалдайтын көліктер кедергісіз өте алады. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарымен шұғылданушылар да бұл санатқа кіреді.
Батыс Қазақстан облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, ауру көрсеткіші төмендеп, жағдай түзелер болса, бір апта ішінде бекеттерді алып тастау мәселесі қайта қаралады.