Үкімет • 29 Сәуір, 2021

Цифрлық даму министрлігі депутатқа жауап берді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ashyq» қосымшасының қауіпсіздігіне күдік танытқан Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашеваның депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Цифрлық даму министрлігі депутатқа жауап берді

«Ashyq» – бұл  ел ішінде COVID-19 вирусын жұқтыру және таралу үрдісіне барынша тосқауыл болып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, карантиндік шектеулер кезінде бизнестің дамуына мүмкіндік беретін мобильдік қосымша. IT-қоғамдастық жасаған бұл қосымшаға бюджеттен қаржы шығындалған жоқ.

Қосымша ешқандай жеке мәліметтерді сақтамайды, тек қана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ПТР базасынан қолданушының мәртебесі туралы ақпарат алады.

Оның үстіне, «Ashyq» қосымшасы «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық операторы - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның серверлерінде қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік қатаң қадағаланады. Сондай-ақ ҚР «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес ақпараттық жүйе 1 жыл бойы тәжірибелік қолданыста болуы тиіс, сосын ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтіп,  күнделікті кең қолданысқа енгізіледі. Яғни қазіргі таңда «Ashyq» қосымшасы тәжірибелік қолданыста, пилоттық тәртіпте жүзеге асып жатыр.

Былтыр «Ashyq» қосымшасы Қазақстанның бірнеше қаласында пилоттық тәртіпте іске қосылды. Қолданушылар мен жобаға қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, кейбір техникалық ақаулықтар жөнделді. Жалпы, жобаға қатысушылар қосымша туралы жақсы пікір білдіріп жатыр. Қосымшаны сынау барысында 800-ден астам адамнан COVID-19 оң нәтижесі анықталып, бизнес нысандарының клиенттеріне қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалды. Сәуірдің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл жобаны ел бойынша енгізуге тапсырма берді;

Қазір қолданушылардың ұсыныс-пікірлеріне орай «Ashyq» қосымшасы үнемі жаңартылып жатыр. Бүгін 28 сәуірде техникалық тұрғыда жетілдірілген, өнімділігі жоғары, шетелдік азаматтардың да ПТР мәртебесін тексеру функциясы бар жаңа нұсқа іске қосылды.

Қолданушының ағымдағы мәртебесін ashyq.kz веб-ресурсынан тексеруге болады. Қазір осы парақшаны деректермен толтыру, «Ashyq» қосымшасының сипаттамасы туралы бөлімдер жасау, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру, техникалық қолдау бөлімінің байланыс телефондарын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. «Ashyq» жобасына қатысушылардың тізімін әкімдіктердің және «Атамекен» АКП сайттарынан көруге болады.

Айта кетейік, мұндай IT-шешімдер халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде COVID-19 - DXB Smart App мобильдік қосымшасы болса, Малайзия  үкіметі COVID-19 індетінің қарқынын бақылайтын қосымша жасап шығарды.