Аймақтар • 29 Сәуір, 2021

Түркістанда әкімнің заңсыз қабылдаған 10 өкімінің күші жойылды

651 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңсыз өкімдер қабылдап, талаптарды сақтамауы, біріншіден ауыл әкімдері арасында қаржылық, құқықтық сауаты жеткіліксіз азаматтар бар екенін аңғартады, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Түркістанда әкімнің заңсыз қабылдаған 10 өкімінің күші жойылды

Жуырда Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бірқатар ауыл әкімдеріне қатысты мәселе қаралды.

Хантағы ауылы әкімі аппаратының бас маманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы А.Шілмановтың қабылдауында болып, өз құқықтарының бұзылғандығы туралы арызданған. Сол арыз бойынша департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, өз құзыретінде болмаса да штаттық құрылымды негізсіз бекіткен, қызметшілердің еңбек өтілі дұрыс есептелмеген, қызметтік тергеп-тексеру заңнамаға сәйкес жүргізілмегені сынды бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Тексеру қорытындысымен нұсқама енгізіліп, әкімнің 10 өкімінің және тиісті комиссияның хаттамасының күші жойылып, мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Хантағы ауылының әкіміне «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Дәл осындай тәртіптік жазаны шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін Созақ ауданы Жартытөбе ауылдық округінің әкіміне де қолдану ұсынылды. Әкім келісімшартта көрсетілген жұмыстардың толық орындалмағанына қарамастан, мердігерге қаржыны аударған. Ал Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша ақша қаражатын игеру мен бөлуді тоқтата тұру жөнінде соттың ұйғарымына қарамастан өнім берушіге мемлекет қаражатын аударғаны анықталған. Аталған лауазымды тұлғаға Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен «қатаң сөгіс» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.