Кино • 29 Сәуір, 2021

Кинотану кемеңгерін еске алды

549 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі кинотанушы, көрнекті ғалым, профессор, ұлттық кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Бауыржан Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап Алматы қаласындағы «Қазақ университеті» баспасынан шығып отыр.

Кинотану кемеңгерін еске алды

Еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалап, оның ғылыми тұрғыда жүйелі ізге түсуіне саналы ғұмырын арнап, сүйікті мамандығы жолында бар күш-жігерін сарп еткен сыншы, ұстаз Бауыржан Нөгербектің көзін көріп, тілдес болған кез келген адамның жымиып қана жүріп үлкен істерге бастамашы болған ұлағатты жанды еске алғанда жүрегі елжіреп, көңілі босамайтыны сирек. Әсіресе, ол кісінің шәкірті болып, аудиториясынан дәріс тыңдаған әр жастың санасында өміріне ғұмырлық азық болар сарқылмас сәулелі естеліктердің сақталғаны сөзсіз. Сондай бақыт бұйырып, кемеңгер киносыншының астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаз болып қызмет еткен өмірінің соңғы жылдарында аз уақыт болса да өнер жайлы тұшымды кеңесін тыңдаған шәкірттерінің қатарында болып, пікірлескенімізді бүгінде біз де теңдессіз бақыт санаймыз. Кино саласының кәнігі кәсіби маманынан бұрын, жүзінен нұр төгіліп тұратын мейірімді жан ретінде көпшілік есінде жатталған ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі ол кісі өмірден өткелі төрт жылға жуықтаса да, көңілден еш өшкен емес. Ал күні кеше Ұлттық кітапхана төрінде тұсауы кесілген тұлға жайлы кітапты қолға алып, парақтай жөнелгенде кинотану кемеңгерімен қайта қауышқандай ерекше әсерленгеніміз де ұлағатты жанға деген сол сарқылмас сағыныштың әсері болса керек. Кино сыншы Бауыржан Нөгербекті еске алуға тұсаукесер рәсіміне жиналған әрбір жанның көңіл түкпірінде осы бір күй толқып тұрған еді.

Сын сардарының отбасы мен шәкірттерінің атсалысуымен жарық көрген кітапта Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетінде басылған мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ ұлттық киноның туын көтерген көрнекті ғалым, кинотанушы, өткір ойлы сыншының өмірі мен шығармашылығы, азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген. Алматы қаласындағы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан құнды кітаптың құрастырушылары – Бауыржан Нөгербектің жары, театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, белгілі кинотанушы, Phd докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек.

Бас шаһар төрінде өткен кино туралы мазмұнды кітаптың тұсаукесеріне белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ өнерінің майталман тұлғалары мен Бауыржан Нөгербектің отбасы және шәкірттері қатысты. Кино қайраткеріне арналған  тағылымды кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекел тізгіндеп, ал кездесуге келген қонақтар кинотанушы жайлы тұшымды естеліктерімен бөлісті.

Тұсаукесер жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы, Бауыржан Нөгербектің шәкірті Берік Уәли ашып беріп, ұстаз жайындағы көңіл толқытар ерекше естелігімен бөлісті:

– Мен бүгінгі жиынға ресми өкіл емес, Бауыржан Рамазанұлының төл шәкірті ретінде келіп отырмын. Бауыржан ағай шынымен де еліміздегі кинотану мектебінің негізін қалаушы. 1993 жылы Т.Жүргенова атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотану» деген мамандықтың жаңадан ашылғанын біліп, жетекші ретінде Бауыржан Нөгербек қабылдап жатқанын естіп, асқақ арманымызды арқалап, осы мамандыққа қабылданған едік. Яғни біз Қазақстанда ашылған «Кинотану» мамандығының алғашқы қабылданған тәлімгерлері, Бауыржан Нөгербектің алғашқы төл шәкірттеріміз. Ол кісі бізден кейін де қаншама топты бітіртті. Кейін елордаға ауысып келіп, бұл жақта да жемісті еңбек етті. Өнертанушыға керегі – өнерге адалдық пен кенен білім, қиядағыны шалар қырандай сұңғылалық пен ішкі берік принцип болса, соның барлығы ұстазымыз Бауыржан Нөгербектің бойынан табылатын асыл қасиеттер еді. Ұлттық киноның тарихын әлемдік кино өнерінің дамуымен сабақтастыра, үйлестіре талдау, кинодағы ұлттық болмыс пен мінезді тап басып тану – жоғарыда айтылған кенен білімнің ғана арқасында мүмкін болары ақиқат. Бауыржан Нөгербектің алдын көрген шәкірті ретінде біз алдымен кісі сыйлауды, пікір тыңдау мәдениетін үйрендік. Адамдықтың академиясынан өттік. Бүгінде осының барлығын ризашылықпен еске аламын. Бұл – аяулы ұстазымыздың тағылымы, – деді Берік Уәли.        

Тұсаукесер рәсімі әрі қарай  кітаптың таныстырылымына ұласты. Тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері Талғат Теменов және Бауыржан Нөгербектің жары Гүлжахан Бекхожина  мен қызы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса Алтынай Нөгербек кітаптың қызыл лентасын кесіп, оқырманнан сүйінші сұрады.

– Ұлытаудың ұлағатты ұланы, ұлттық киноның білгірі әрі жанашыры болған Бауыржан аға қашанда шындықты айтатын мықты сыншы еді. Мәселен өзінің қызы Алтынай бас рөлді сомдаған «Анаға апарар жол» фильмін жұрт жаппай мақтап жатқанда, Бауыржан аға «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында едәуір сын айтқан еді. Сол сияқты жақын досы, режиссер Талғат Теменовтің көңіліне қарамай «Көшпенділер» фильмін де сынаған болатын. Бұл – ол кісінің тура бидей өз мамандығына деген шексіз адалдығын көрсетеді.  Мәселе ұлт және ұлттық кино жайлы болғанда Бауыржан аға батыр Баукеңдей батыл айтатын, көңілжықпастық жасамай, «досым», «балам», «жақыным» деп қарамай, әділ сөйлейтін. «Бізде кино бар, бірақ ұлттық кино жоқ» дейтін Бауыржан ағаның орны қазір ойсырап тұрғандай», – деді тағылымды жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлы.

Тұғырлы тұлғаны еске алу кеші одан әрі Қазақстанның халық әртістері Талғат Теменов, Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, Әсия Сүлеева, театртанушы Аманкелді Мұқан Бауыржан Нөгербектің алғашқы шәкірттерінің бірі, кино сыншы Назира Рахманқызы сынды өнердің қайраткер тұлғаларының кәсіби талдау пікірлері, тұшымды естеліктерімен мазмұн байытты. Жиын соңында кітап кейіпкерінің отбасы мен бала-шағасы сөз алып, Бауыржан Нөгербектің рухани мұрасын ұлықтауға келген қонақтарға алғыс айтып, өз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар арнайы тағайындалған Бауыржан Нөгербек атындағы жыл сайын берілетін шәкіртақының биылғы иегерінің есімін атады.

– Әкеміздің есімін ұлықтау мақсатында 2018 жылдан бастап біз отбасымыздың атынан кинотану мамандығының ең үздік студентіне Бауыржан Нөгербек атындағы шәкіртақы тағайындаған болатынбыз. Биыл бұл шәкіртақыны  арнайы дипломымен бірге Қазақ Ұлттық өнер университеті «Кинотану» мамандығының 4-курс студенті Еңлік Егеубаеваға табыс етеміз. Сонымен қатар бүгінгі кітап тұсаукесеріне келіп, ерекше естеліктеріңізбен бөліскен баршаңызға әулетіміздің атынан зор алғысымызды білдіреміз. Ұлттық кино өнері өркендеп тұрғанда әкеміздің есімі де өлмей,  мәңгі бірге жасай береді деп сенеміз, – деп өнер мен тұлға туралы келелі ой айтылған мазмұнды кешті асылдың сынығы, Бауыржан Нөгербектің ұлы белгілі кинотанушы, Phd докторы Баубек Нөгербек түйіндеді.

Бар ғұмырын ұлттық кино өнердің өркендеуіне арнаған аяулы тұлғаның ұлылыққа жол бастаған өнегелі өмірі «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты тағы бір тағылымды кітаппен ұлықталып, осылайша келешекке мәңгілік жол салды.