Спорт • 30 Сәуір, 2021

Келесі қарсыласы – «Барселона»

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Сербияның Задар қаласында футзалдан Еуропаның ең үздік сегіз командасының қаты­суымен Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Айтулы додада осы жарыста екі мәрте топ жарған Алматының «Қайрат» клубы да бақ сынауда. «Қайраттан» бөлек биылғы доп додасына Чемпиондар лигасының үш дүркін және ең кейінгі чемпионы «Барселона» (Испания), бес дүркін жеңімпазы «Интер» (Испания), сонымен қатар осы турнирде бір мәртеден топ жарған Пор­тугалияның «Спортинг» және «Бен­фика», Ресейдің «Газпром-Югра», турнирге екінші мәрте қаты­сып жатқан КПРФ (Ресей) пен сло­вениялық дебютант – «Добовец» командалары қатысып жатыр.

Келесі қарсыласы – «Барселона»

Турнирдің жеребесі бойынша «Қайрат» ширек финалда Чемпиондар лигасының 2010 жылғы жеңімпазы Португалияның «Бенфика» командасымен кездесіп, осы жылғы жарыстың шымылдығын ашты. Тәжірибелі екі команда арасындағы матчтың тартысты өткені соншалық, жеңімпаз команда қосымша таймда анықталды. Бірінші таймның алғашқы 15 минутына дейін қарсыластар бір-бірінің қақпасына бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, гол соға алмады. Тек 16-минутта қазақстандық клуб сапынан Гадейя есеп ашып, мергендігімен көзге түсті. Дегенмен жерлестеріміздің қуанышы ұзаққа созылмады. «Бенфика» сапынан Жезуш Афонсу жылдам қарымта гол салып, таразы басын теңестіріп кетті.

Матчтың екінші кезеңінде қарсылас команда ойыншылары белсендірек болғанымен, кездесудің 30-минутында Эдсон «Бенфика» қақпасын дәл көздеп, «Қайратты» қайтадан есепте алға шығарды. Екінші голдан кейін жерлестеріміз қақпашы ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені допты қайтара­мын деп абайсызда қарсылас ойыншыға аяғы тиіп кеткен Игитаны төреші екінші сары қағазбен жазалап, алаңнан қуды. Сөйтіп алаңнан кеткен Игитаның орнын 19 жастағы Нарун Серіков бас­ты. Қақпашы ауысқаннан кейін психо­ло­гиялық басымдыққа және екі минут бір ойыншыға артық ойнаған «Бенфика»  қанша торуылдаса да, Серіковтің шебер­лігінің арқасында қақпаға гол соға алмады. Дегенмен ойыншы саны теңескен тұста португалиялықтар бәрібір қақпадан саңлау тауып, есепті тағы да теңестіріп кетті. Голдың авторы – Тьягу Бриту.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын 5 минуттан екі овертаймға ұласты. Бірінші қосымша кезеңнің соңғы минутында Дәурен Тұрсағұлов командасының үшінші голын соқса, екінші овертаймның алғашқы минутында «Қайрат» сапынан Гадейя пенальтиді сәтті орындап, дубльдің авторы атанды. Араға үш минут салып Фернандиньо есепті 5:2-ге жет­кізсе, матчтың соңғы минутында Біржан Оразов ойынның нүктесін қойды. Бұл жерде Біржанның үш бірдей «Бенфика» ойыншысын қапы қалдырып, қақпаны дәл көздегенін айта кеткен жөн. Осылайша «Қайрат» 6:2 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Енді жерлестеріміз ертең өтетін ал­ғаш­қы жартылай финалда Испанияның азулы командасы – «Барселонамен» кездеседі. Өз кезегінде турнирдің дәл қазіргі чемпиондары ширек финалда словениялық «Добовец» клубын еш қиындықсыз 2:0 есебімен жеңді. «Барселона» сапынан ойынның 9-минутында Феррао, 12-минутында Айкардо мергендік танытты.

«Қайрат» пен «Барселона» арасындағы матч сенбі күні Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Жалпы испаниялық клубқа қарсы өтетін ойын Кака шәкірттері үшін оңайға соқпайын деп тұр. Өйткені Чемпиондар лигасының финалдық кезеңінде екі команда үш мәрте кездесіп, үшеуінде де жерлестеріміз басым түскен. Атап айтар болсақ, Алматының клубы 2013 және 2015 жылғы жартылай финалда Каталония командасын жарыстан шығарып жіберсе, 2015 жылы Португалияда өткен турнирдің финалында «Қайрат» «Барселонаны» 3:2 есебімен қапы қалдырып, Чемпиондар лигасын жеңіп алған болатын. Енді міне, төртінші кездесуде «Барселона» футзалшылары «Қайраттан» қалайда есе қайтаруды көздейтіні анық. Бірақ біздің жігіттер қандай жағдайда да қарсыласқа жеңісті оңай бере салмайтынын кешегі ширек финалдағы ойын дәлелдеп берді.

Сондай-ақ кешегі ширек финалда «Интер» (Испания) – «Газпром-Югра» (Ресей) және «Спортинг» (Португалия) – КПРФ (Ресей) командалары кездесті. Жартылай финал ойындары 1 мамырда, финал бәсекесі 3 мамырда өтеді деп жоспарланған.