Елорданың «Барысымен» бірге ҚХЛ-дің «Шығыс» конференциясында өнер көрсететін «Авангард» плей-офф кезеңінің 1/8 финалында Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын бес ойында 4:1 есебімен жеңсе, ширек финалда Магнитогорскінің «Металлургын» 4:2 нәтижесімен қапы қалдырды. Жартылай финалда «Шығыс» конференциясының жеңімпазы Қазанның «Ак Барсымен» кездесіп, тартысқа толы жеті ойында 4:3 есебімен басым түсті. Ал ЦСКА финалға дейін Мәскеудің «Спартак» (4:0), Ярославльдің «Локомотив» (4:3) және жартылай финалда Санкт-Петербургтің СКА (4:2) клубтарын жеңген болатын.
«Авангард» пен ЦСКА арасындағы финалдық матч алты ойынға созылды. Алғашқы кездесуде омбылықтар жеңіске жетсе, кейінгі екі ойында ЦСКА басымдық танытты. Төртінші матчта «Авангард» овертаймда басым түссе, сырт айдындағы бесінші кездесуде де қонақтар айдын иелеріне қарағанда мықтылық танытты. Сөйтіп бес кездесуден кейін «Авангард» 3:2 нәтижесімен алда тұрды. Алтыншы матч омбылықтар үшін шешуші, мәскеуліктер үшін есепті теңестіретін ұрымтал сәт еді. Алайда Мәскеуде өткен кездесу 1:0 есебімен «Авангардтың» пайдасына аяқталып, Омбы клубы өз тарихында тұңғыш рет Гагарин кубогын жеңіп алды. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті шайбаны Сергей Толчинский салды. Осылайша омбылық клубтың шабуылшысы плей-офф кезеңінің ең бағалы ойыншысы атанды. ҚХЛ-дың осы маусымында Толчинский 24 ойын өткізіп, 20 ұпай жинаған. Яғни алты мәрте мергендігімен көзге түссе, 14 мәрте әріптестеріне нәтижелі пас асырған.
ҚХЛ тарихында аталған екі клуб кейінгі екі жылда турнирдің финалында кездесіп, екі ұжым да өздерінің алғашқы чемпиондықтарын тойлады. Мәселен, 2018/2019 жылғы маусымның финалында ЦСКА дәл осы «Авангардты» жеңіп, тұңғыш рет Гагарин кубогына ие болды. Былтырғы маусым коронавирус пандемиясына байланысты мерзімінен бұрын аяқталса, міне биыл «Авангард» бірінші чемпиондығын тойлап жатыр.
«Авангард» «Шығыс» конференциясында Гагарин кубогын жеңіп алған төртінші команда болды. Бұған дейін «Ак Барс», «Салават Юлаев» және «Металлург» хоккейшілері қос құлақты кубокты басынан асыра көтерген болатын. Келесі маусымда «Шығыс» конференциясындағы жеңімпаздар жолын Қазақстанның «Барысы» жалғайды деп үміттенеміз.