Пікір • 30 Сәуір, 2021

Тыныштық – ең басты құндылық

1180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елде тыныштық болмай бейбіт өмірді елестетудің өзі қиын. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақ елін ата-бабаларымыз аңсап кеткен еді. Осы жолда аянбай еңбек ете тер төгіп, күрескен болатын. Бүгін, міне, сол тәуелсіздікке қол жеткізіп, тәуелсіз еркін ұрпақ өсіп келеді.

Тыныштық –  ең басты құндылық

Хакім Абай атамыздың еліміздің болашағына алаңдауы да жайдан-жай емес. Қазақ елінің ғылым мен өнерде басқалардан қалып қоймауы үшін жастарды еңбекке, ғылым іздеп, мал тауып, адам болуға шақырғанын шығармаларынан байқауға болады.

Абай өз қоғамының кем-кетіктерін өзінің қарасөздері арқылы жеткізуге тырысқан. Бір мысал беріп өтер болсақ, Алтыншы қарасөзінде: «Қазақтың бір мақалы «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады білмейді...» деп, бірлік пен татулықтың қандай жағдайда іске асатындығын талдап көрсетеді. Абай данамыздың қарасөздері және оның ой пікірі өмірдің түрлі динамикаларына бағытталғанын көреміз. Оның қарасөздері әрбір есті адамға ой салары анық. Абайда ғылым да, өнер де, дін де бар. Бүгіндері де Абайдың сол заманғы қозғаған мәселелері қоғамда өзекті болуда.

Бізге керек дүние – бірлік. Қазір елімізде әртүрлі этнос бейбіттату өмір сүріп жатыр. Бұл басқа елдерге үлгі болуда. Бірліктің нығаюында ортақ мақсаттың орны ерекше. Ортақ мақсатқа ие болу, адамдар арасындағы байланысты бұдан да мықтап, көздеген мақсатқа оңай әрі тез жетуді қамтамасыз етеді. Мақсаттары бір болған әрбір адам басқаға қолұшын созу арқылы алға тез жылжиды.

Бүгінгі пандемия әлем халқын әбігерге салып, қоғам ішінде әрбіріміздің оқшау­лануымызға алып келді. Дегенмен пандемия жағдайы еліміздің бірлігіне нұқсан келтірмеді, қайта халқымыздың бір-біріне деген жанашырлығы, бірлігі байқалды.

Дана халқымыз «Бірлік болмай – тірлік болмас», «Ырыс алды – ынтымақ» демекші, бірлік пен ынтымақ болған жерде тату, бейбіт өмір мен елдің дамуы болады.

Көптеген этносты ұйыстырып отыр­ған Қазақстан үшін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінің орны ерекше. Алла бірлігімізден айырмасын!

 

Нұржан АБДУЛЛАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы