«Қоғамдық келісім» КММ-нің жұмыс жоспарына сәйкес облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобы «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер» тақырыбында дөңгелек үстел, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: бірлік пен бірегейліктің моделі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Барлық білім беру мекемелерінде осы тақырыпта тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.
«30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында «Жүрек жылуымен» атты әлеуметтік көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 60-тан астам қайырымдылық шарасы өткізіліп, 2752 адамды қамтыған көмекке демеушілер қолдауымен 12 708 160 теңге қаржы жұмсалды.
Осы жылғы жаңалықтың бірі – «Қоғамдық келісім» КММ бастамасымен «30 жылға – 30 тұлға» іс-шарасы бастау алды. Жоба аясында тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне және жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтауға сүбелі үлес қосқан этнос өкілдері насихатталады.
Солардың бірі – татар этномәдени бірлестігінің ардагері Раиса Смаханова. Қазақ отбасына келін болып түскен Раиса Ханивқызы немере, шөбере сүйген әже. Бірнеше жыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы қызметін атқарып, ел арасында бірлік пен татулықтың беки түсуіне еселі үлес қосты.
Биыл Қызылорда қаласындағы Достық үйінде қазақ тілін оқыту курсы басталды. Аптасына екі мәрте тегін өтетін курсқа жазылуға тілек білдіргендер көп. Достық үйіндегі тілдерді оқыту кабинетінің жетекшісі Гүлзира Сәрсенбек жүргізетін курсқа үлкендер де қатысып жүр.
Сан этносқа сая болған Сыр еліндегі бұл бастамалар тату елдің табысы көп болатындығын дәлелдеп тұрғандай.
ҚЫЗЫЛОРДА