Руханият • 30 Сәуір, 2021

Отандастар «Астана Операда» бас қосады

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүние жүзіндегі көрермен қауым, оның ішінде Бразилия, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор, сондай-ақ Ресей, Польша, Бельгия, Син­гапур, Швеция мен Аустралияда тұратын отандастарымыз Қазақстан халқының бірлігі мере­кесі аясында «Астана Опера» театрының эксклюзивті спектакльдерін тамашалай алады.

Отандастар «Астана Операда» бас қосады

Опера және балет спек­такль­­дерінің онлайн көрсе­тілімі театр­дың YouTube плат­форма­сында жүзеге асы­рылады, сонымен қатар таратылымның уа­қыты мен күні туралы толық ақпаратты әлемнің 16 еліндегі Қазақстан елшілігінің өкілдері тарататын болады.

– Мәдениеттің адам үшін, ынтымағы үшін маңы­зы зор. Сондықтан біз Қазақ­стан хал­қының бірлігі күні әлем­нің әр бұрышында спектакль­де­рімізді онлайн көрсету жө­нінде шешім қабылдадық. Оған 16 ел қатысады, алғаш­қы­лардың бірі болып Қазақ­стан Республикасының Ресей, Бразилия, Польша мен Шве­ция­дағы елшіліктері келісім білдірді. Онлайн-афишаға 5 спектакль енді 28 сәуір күні өтетін А.Аданның «Корсар» балеті, келесі күні жұртшылық назарына П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» танымал балеті ұсы­нылмақ, ал опера өнерін сүйер қауым үшін 30 сәуірге Дж.Пуч­чинидің «Турандот» спек­таклін әзірледік. 1 және 2 мамыр күндері халықаралық ауди­ториямызды әлемдік хорео­графия жауһарлары – Л.Мин­кустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балет­терімен қуантпақпыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Барлық онлайн көрсе­тілім­дер шығарылған күні сағат 00.00-ден бастап келесі күні сағат 9.00-ге дейін театрдың YouTube-арнасында Қазақстан елші­ліктерінің ресми дерек­көздеріндегі сілтемелер бойынша қолжетімді болады. Онлайн спектакльдерден бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына 1 мамырда «Астана Операның» Камералық залы сахнасында өтетін «Махаббат пен достық үні» мерекелік концерті ұсы­нылады.

– Еліміздің барлық тұрғын­дарын тамаша, жарқын әрі ізгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы күні әр отбасыға мықты денсаулық, амандық, бейбітшілік тіле­гім келеді. Ел Тә­уелсіз­дігі­нің 30 жылы ішін­де қазақ­стан­­дықтардың бей­бітшілік пен келісімде тұрып жат­қан­дығы қуантады. Бар­шамыз­дың музыкаға деген ма­хаб­батымыз бірлігімізді арт­тыра бер­сін, – деп сөзін қоры­тын­дылады театр директоры.

Мерекелік концертке опера солистері мен оркестр әртістері қатысады. Бағдарламада қо­нақжай қазақ жерінде, бір ша­ңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ұлыс­тардың романстары, халық әндері, аспаптық музыкасы қам­тылған. Ұлттық музыкалық дәстүрлердің саналуандығы кө­рермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық.