Оқиға • 01 Мамыр, 2021

Алматы нөсер жауын салдарынан су астында қалды

615 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

30 сәуірден 1 мамырға қараған түні Алматыда нөсер жауын жауып, қаланың кейбір көшелері мен көпір астын  су басты, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы нөсер жауын салдарынан су астында қалды

Қала тұрғындары 1 мамыр күнгі қала көшелеріндегі жағдайды әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Таңғы сағат 6:00-де Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы жолдың туннель бөлігі су астында қалды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, көпір астында электр қуатының болмауына байланысты сорғы сөніп, көп мөлшерде су жиналған.

«Қазіргі уақытта бұл жерде қалалық коммуналдық қызметі «Алматы тазалық», «Алматы су», «109 құтқару қызметі» өкілдері екі арнайы техника мен алты мотор сорғысы жұмыс істеп жатыр. Сорғы станциясы да іске қосылды», деді қалалық билік өкілдері.

Сондай-ақ, қала тұрғындары қаланың оңтүстік бөлігіндегі таулы аймақта түсірілген видеоны жариялады. Куәгерлердің айтуынша, нөсер жаңбырдың салдарынан бұл аудандарда көшкін қаупі жүруі мүмкін.