«Мың бала» олимпиадасының нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев қоры екінші жыл қатарынан ауыл мектептеріндегі ең қабілетті 5 және 6 сынып оқушыларын анықтап келеді. Олимпиада жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде және Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алады.
«Елімізде алғаш рет ауыл мектептері үшін олимпиада онлайн форматта ұйымдастырылды. Тестілеу арнайы әзірленген платформада өтті. Біз еліміздің көптеген ауылдарын қамтыдық, тестілеуге 100 мыңға жуық оқушы қатысты. Тесттер кеңістіктік және логикалық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың 5 мың финалисі арасында еліміз бойынша орташа балл 400 балдың 343-ін құрады. Бұл ауыл оқушыларының ғылым, тіл және математиканы оқып-үйрену үшін жеткілікті әлеуеті бар екенін көрсетеді», деді «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.
«Нұрсұлтан Назарбаев қоры ауыл жастарының дамуына ерекше көңіл бөледі және барлық жағдайды жасап келеді. Мысалы, 2020 жылы біздің мектептің бір ғана қатысушысы финалға өтіп, Birge oqý онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Биыл осындай 7 бала бар. Олардың барлығы Назарбаев зияткерлік мектептері мен Республикалық физика-математика мектебінің оқытушыларынан қосымша білім ала алады. Біз өте қуаныштымыз», деді Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлхан Аманжолова.
Олимпиада финалисі, 6-сынып оқушысы Арнұр Мұқашев олимпиада туралы мұғалімнен білген соң, қатысуға шешім қабылдағанын, мектепте жақсы оқитынын және болашақта үлкен жетістіктерге жеткісі келетінін жеткізді.
Еске салайық, олимпиада екі кезеңнен тұрады. I кезең 2-10 сәуір аралығында онлайн форматта өтті. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың II кезеңіне өтеді. II кезеңді 2021 жылғы 5 мамырда барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өңірлік тестілеу орталықтары базасында офлайн режімде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Финалистер математикалық сауаттылық, қазақ тілінде білім алатын оқушыларға қазақ тілі, орыс тілінде білім алатын оқушыларға орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану ғылымдары бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді.