Altyn Bank пен BI Group холдингі ипотека рәсімдеу процесін бірлесіп цифрландыру туралы келісім жасасты. Altyn Bank басқарма төрағасының орынбасары Жанар Айқымбаеваның айтуынша, клиенттерді идентификациялау жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізілген.
– Банк – қадағаланатын ұйым, оның өзіндік процестері бар екені белгілі. Біз бұл процестерді барынша жеңілдетуге тырыстық. Ең бастысы өнімді алу клиент үшін ыңғайлы болуы тиіс. Бұл бастама клиенттің уақытын ғана емес, ақшасын да үнемдейді. Яғни азаматтар ипотеканы онлайн рәсімдеу арқылы банк комиссиясын төлемейтін болады, – дейді банк өкілі.
Ипотеканы онлайн рәсімдеуді қалаған азамат алдымен BI Group сайтында өтініш қалдырады. Ол өтініш автоматты түрде банкке жіберіледі. Банктің оң шешімі шыққаннан кейін клиент ЭЦҚ кілті арқылы қол қоя алады. Алғашқы төлемді де банк картасы арқылы төлеуге болады.
Бұдан кейін мемлекеттік органдағы үлестік қатысу келісімшартын күтіп, мобильді қосымшада тіркеуден өтіп, Altyn-ы ЭЦҚ-қосымшасының көмегімен барлық банк құжаттарына электронды түрде қол қою қажет. Осының бәрін жиып-тергенде бес күн уақытты алады.
Бағдарлама шарты бойынша 12 айға дейін 0,1 пайыздан бастап немесе 20 жылға дейін 13,5 пайыздан бастап несие рәсімдеуге болады. Ең жоғарғы займ сомасы – 35 млн теңге.