Ұлытау аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен кездесу барысында Рысқали Қалиақбарұлы мал ұрлығын алдын алу, есірткіге қарсы күрес, зорлық-зомбылықты болдырмау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар медиация арқылы сотқа жеткізбей татуластыру, сот жүйесін қалыптастыру, полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтасыз ету қажет екендігі айтылды.
Р.Әбдікеров сонымен қатар сапар барысында «Ұлытау» қорық-мұражайын аралады және биылғы жылы пайдалануға берілетін туристік сапар орталығының жұмысымен танысты. Сенатор ауданда тарихи туризм, экотуризм, агротуризм және киелі мекендерді аралау бағыттарын дамыту, туристер үшін қызмет көрсету сапасын артуға аса көніл бөлу қажеттігін атап өтті.
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Ұлытау аудан әкімдігінде аудан тұрғындарымен, жұртшылықпен және актив мүшелерімен кездесті. Жүздесуде ауыл тұрғындары көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Әсіресе, ауызсу мен электр энергиясы, Ұлытау-Жезқазған бағытындағы жол қатынасы және сол бағытта жүретін жолаушылар көлігінің негізгі мәселелері талқыланды. Аудандық маслихат депутаты Жарқынбек Бөлендин ауыл шаруашылығын дамытуға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуін сұрады.
Сенат депутаты Жезді кентінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын аралап көрді. Сенатор биылғы жыл Қарағанды облысындағы дене шынықтыру және спорт саласы үшін қарқанды жобаларға толы екенін және бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларынан туындаған міндеттермен тікелей үндесіп отырғанын атап өтті.