Әрине, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Әсіресе, қоғамымызда демократияны дамытамыз деп еліріп жүрген қазірге кезеңде бір елі ауызға екі елі түгілі мың елі қақпақ қойсаң да бос әурешілік. Десек те, бүкір ниеттілерге қарсы бір әрекетін жасау қажет-ақ.
Біздің қоғам әлемге ашық. Бұл – біз қаласақ та, қаламасақ та пешенемізге жазылған жол. Осы ашықтығымыздан аз таяқ жеп жүрген жоқпыз. Сыртқы күштерге оңай зерттелеміз. Содан келіп, талмау тұсымызды, осал жағымызды, жанды жерімізді кім болса да қиындықсыз табады. Сөйтеді де сол тұстан дәлдеп тұрып соққы жасайды. Есеңгіреп қаласың, жанайқайың шығып шырылдайсың келіп. Берекеңді қашырады.
Қазақтың жанына, жүрегіне, өзегіне өлермендікпен тоқтаусыз шабуыл жасалып келеді. Бұл шабуыл кең қолтық кезеңдерді, сандаған ғасырларды, дәуірлерді қамтиды. Бірақ ата-бабаның жөн-жосықты, байыпты жолы мен Ислам дінінен сусындаған қазақтың жаны, жүрегі мен өзегі алынбас қамалдай ешкімге дес бермей, жансебілдік танытып бақты. Суға салса – батпады, отқа салса – жанбады. Рас, тәлтіректетті, құламадық, сүріндірді, жығылмадық, әлсіретіп, санамызды сансыратты ақыл-есімізден адаспадық. Жанымыз сірі шығар.
Осы жерде бір айта кетер жайт, дербес ел атанып, өз алдымызға жеке ту көтеріп отырсақ та осынау толассыз шабуылдардан, рухани агрессиялардан неге құтыла алмай-ақ қойдық? Тәуелсіз ел болдық, енді әніміз де жырымызда, тербеткен бесігіміз де түзеледі дегеніміз қайда? Рухани экспансияны тоқтатпақ түгілі оның ығына жығылғыш болып отырғанымыз қалай?
Дүлей күштер қанжарын қанша сұқса да тіліміз бен ділімізден, дініміз бен ұлттық құндылықтарымыздан ажырата алмады. Бұл рас та. Солай деп те жүрміз. Бірақ жағымсыз, кесірлі сыртқы және ішкі күштердің рухани агрессиясы, экспансиясы қаймағы бұзылмаған қазақылықты, қазақы қоғамды біршама бүлдіріп, тұнығымызды аярлықпен лайлап, ұлттық кескін-келбетімізге күйесін барынша жақты емес пе? Соған жол беріп алдық қой. Бұл түсіне білгенге олардың жеңісі, ұлтымыздың ұтылысы.
Саяси-экономикалық және мәдени-рухани экспансияның теріс ықпалының зардабы, қиын салдарлары қоғамымызда ашық көрініп отыр. Басқасын айтпағанда, дінімізді тұтынудағы әркелкілік, өзін-өзі ақтаған отбасылық құндылықтарымыздың шамадан тыс әлсіреуі, некелі жастардың арасында ажырасу деңгейінің бұрын-соңды болмаған 50 пайызға жуықтауы, алаяқтық қылмыстық іс-әрекеттердің күрт өсуі, сыбайлас жемқорлықтың «асу бермей» тұрғаны, бәрінен де ұлтымызға мүлде жат, айтуға ұят талаптарын плакаттарға жазып, өздерін бейне бір шын әділетсіздік көріп жаны қиналған жандай көрсетіп шеруге шыққан арсыздардың орынсыз қылықтары әлгі зардаптар мен салдарлардың айқын көрінісі. Бұл түсіне білгенге қазақты сүріндіргісі, іштей іріткісі келетін, сырты жылтыр, сөзі майда, жалған жанашыр, мүләйімсіген мүттәйім, өзінің бізге қас дұшпан екенін кереметтей бүркемелей білетін қаскөйлердің тамаша жеңісі, ал біз үшін қасірет.
Енді бүлінгенімізді қайта қалпына келтіру, лайланған тұнығымызды қайта тұндыру мүмкін бе?
Қазақ қоғамын ізгілікке үндеу, ұлттық құндылыққа түбегейлі бет бұру, тілімізді, дінімізді бен салт-дәстүрімізді алға оздырып, оны тұрақтылық пен орнықты дамуымызды берік негізі, кепілі ету бағытындағы атқарылған, жүзеге асырылып жатқан қыруар жұмыстардың жолын кесіп, оларды көмескілендіріп, халықтың, оның ішінде жастардың бетін өздерінің бұрыс жолына бұруға өлермендікпен еліріп жүргендер жиі бой көрсетіп, үндерін қаттырақ щығарып, елімізде еркін сайрандауы, ойын келгенін айтып, талап қойып тайраңдауы билік пен жалпы халық тереңірек ойланып, тиімді қадамдар жасау қажеттігін анық көрсетіп отыр.
Басқасын айтпағанда, таяуда елімізде шулатқан, көпшіліктің наразылығын күшейткен феминистік топтар белсенділерінің шеруі ұлттық тәрбиемізде, қоғамдық қарым-қатынастар саласында үлкен кінәраттар бар екенін нақты көрсетіп бергендей болды.
Әрине, аталған шеруге жалпыхалықтық наразылық анық көрінді. Әлеуметтік желілер мен түрлі ақпарат құралдары арқылы өздерінің әлгілерге деген ашу-ызаға толы пікірлерін, мазақ пен келекеден құрылған ойларын білдірген қазақстандықтардың қатары қалың болды. Іштей буырқанып, өз ортасында қарсылығын білдіргендер қаншама. Құдайға шүкір дейсің. Бірақ бұған қарап тоқмейілсуге бола ма? Әрине, жоқ. Өйткені, арсыздықтың арық атын ерттеп мініп, ереуілдеген есіріктердің ессіздігі – іргеден кеткен су, іріткі салар күш, қоғамдық жара. Іргеден кеткен суға, іріткі салар күшке лайықты тосқауыл қоймай, сондай-ақ жараны толық емдемей немесе сылып тастамай ұйқымыз тыныш болмауға тиіс. Іргеден кеткен су үйіңнің қабырғасын құлатады, іріткі салар күш шаңырағыңды шайқалтып, ортасына түсіреді, жазылмаған жара сыздап, іріңін айналасына әсте-әстелеп тарата береді. Бұл қауіп-қатерлерді елең қылмай, олардың ықпал-әсерлеріне көз жұма қарасақ біткеніміз. Күн өткен сайын әлгіндей ессіздердің іс-әрекетіне етіміз үйреніп, оларды қоғамымыздың бір бөлшегі ретінде қарап, санасуымыз керек бір күш ретінде мойындап кетуіміз де мүмкін ғой.
Әлгі шерушілердің іс-әрекетін көріп отырып бізді мына мәселелер қатты ойлантты:
Біріншіден, қатысушылар құрамының басым бөлігін қазақтың жасамыс әйелдері мен жас қыз-келіншектерінің құрағаны, екіншіден, олардың ішіндегі қазақ әйелдері мен қыздарының ашық түрде «лесби», «бисексуал», «квир», «транс» әйелдердің, жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдердің құқығын қорғайтынын жариялағаны, тіпті бір қазақ әйелінің «Қазақстанда «лесби» әйелдер бар, оның бірі – мен» деп ұятты жиыстырып қойып ашық айтқаны, үшіншіден дәл 8 наурыз мерекесі күні шеруге шығуға мүмкіндік алғандары, төртіншіден сенімді түрде өрескел талаптар қойып, батыл үн қатқандары мен белсенділіктері.
«Өлімнен ұят күшті» дейтін қазақтың арасынан осындай шіріген жұмыртқалардың қылаң бергені ұлтымызға үлкен сын болды. Қазақ осындай бассыздыққа лайықты ма еді?! «Қызға қырық үйден бостандық» сұраған әлгілердің бұл жосықсыз іс-қимылдарынан қоғамда мына төмендегідей жағымсыз үрдістерді аңғарғандай болдық.
Біріншіден, елімізде кешегі атеистік тәрбиенің зиянды дәнінен өнген арам шөптердің, зардабы мен салдарларының жойылмағаны, Батыс елдерін батпаққа батырған, Батыс қоғамында өз мақсаттарын жоғары деңгейде жүзеге асырған, өз тәрбиеленушілерін, пікірлестерін мемлекеттік басқару жүйесіне сәтті ендіріп, өз мемлекеттерінің бағыт-бағдарын айқындауда шешуші рөлге ие бола білген, құрығы ұзын құдайсыздандыру мектептерінің (христиансыздандыру) ресми және бейресми түрлі жолдармен біздегі әлгі атеизмнің салдарларын қордаландыра түскені байқалады.
Екіншіден, демократияны дамыту, оның ішінде гендерлік саясатты ілгерілету бағытындағы батыстық қаржылық гранттарды ұсынушылар тарапынан еліміздегі осы гранттарды алушылардан оң нәтиже, есеп сұрау ісі қатаң түрде, дәлірегі «қыл бұрау салып», кезекті грант бермеу қорқынышын алға тарту әдісімен жүргізіле бастағандай.
Үшіншіден, сыртқы түрлі бағыттағы күштер өздерінің ұзақ жылдарғы жұмысының нәтижесінде пайда болған арамыздағы пікірлестері мен жақтастарын бұрынғы жағымсыз себептер мен салдарлардың «өнімдерімен» біріктіріп, үлкен әлеуметтік топ құру қадамын белгілі бір деңгейде жүзеге асыра алған сыңайлы.
Төртіншіден, сыртқы күштер мен олардың ішіміздегі жақтастары еуропалық гендерлік саясат бағытын орталық күш ретін көрсете отырып, оның айналасына қоғамдағы түрлі саяси-әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген топтарды жинап, үлкен күшке айналу, ұлтымызға мүлдем жат, таным-түсінігімізге мүлде кереғар пікірлі адамдарды әлсіздің жанашыры, қорғансыздың панасы, елдің қамын жеуші тұлғалар ретінде көрсету идеясы аңғарылады.
Бесіншіден, сыртқы жағымсыз күштер ақпараттық әсер ету ресурстарын шебер пайдалану, өздерінің бағдарларымен үндестік табатын ішкі инерцияның әлеуетін тиімді қолдану, батыстық стандарттар мен заң талаптарына көбірек жүгінетін қоғамымыздағы қалыптасқан ахуалды өз пайдаларына шешу арқылы еліміздегі жекелеген құқық бұзушылықтарды, жекелеген қылмыстық іс-әрекеттерді жалпы халықтық сипат алған сүреңсіз үрдіс ретінде көрсете білуде белгілі бір деңгейде табысқа жеткенін көруге болады. Бейне бір Қазақстанда әйелдер мен балалардың басым бөлігін қойша иіріп қораға қамап қойып, зорлық пен зомбылықтың неше түрін көрсетіп жатқан ел ретінде көрсету науқаны өз жемісін берген тәрізді. Осы үрдіс әйелдер мен балалардың өмір сүру деңгейін арттыру, олардың құқығын қорғау, әлеуметтік қолдау бағытындағы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан қыруар нәтижелі жұмыстарды бүркемелейді. Бұл әрекет қазақ қоғамында әйелдер мен балалардың ең құрметті орында екенін жоққа шығарғысы келетіндердің қатарын өсіре түсетіні қиын.
Қалай десек те батыстық бағыт пен радикалды феминизм талаптары қазақ ұғымына жат дүние. Алайда оларды өзіміздің кейбір қандастарымыздың қолдауы, белгісіз, көрінбейтін, жымысқы ойлы дұшпандардың ұлтымызға қарай сілтейтін шоқпарына айналғаны жан түршіктіреді. Әрине, әлгі шеруге қатысушы қандастарымызды тілдейміз, даттаймыз, нағылетті сөзімізді бағыттаймыз. Бірақ содан не өнеді? Сол айтқандарымызға олар құлақ аса қояр ма екен? Әй, қайдам.
Бұл жерде бас сала күстәналай бергеннен гөрі бір сәт олардың сыртқы күштердің ықпалында қалуына, солардың ұртоқпағына айналуына белгілі бір деңгейде баршамыздың кінәміз бар. Бірақ бұл кінәні өз мойнымызға алғымыз келмейді.
Қалай дегенде де елімізде демократияны дамытамыз деген желеумен еркінсіп кеткен, өзгелерді өздерінің стандарттарына бағындырып, қалпына салуда өктемдікпен жол көрсеткіш болып алған батыстық құрылымдар мен бағдарламаларды, олардың жекелеген өкілдерін қайта сүзгіден өткізіп, екпінін бастатын уақыт әбден жетті. Батыстық стандарттар мен заңдардың көшірмесіне күйлеп күнелтуден арылып, өзіміздің барымызды құнттап бойымызға сіңіруге бет түзеуді қолға алу да сұранып-ақ тұр.
Қазақы таным-түсінік пен ұстанымдарды алға оздыру, соларды кеңінен насихаттауға басымдық беру мемлекеттік деңгейде қолға алынуға тиіс. Ұлтты тәрбиелеуде өзгенің үні емес өзіміздің үніміз басым шығуын қамтамасыз етіп, өзіміздің жөн-жосықты жолымыздың дұрыстығын, тазалығын нақты дәлелдей білуіміз маңызды.
Кезінде ұлтымыздың ірі тұлғасы Мұхтар Әуезов: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізетін – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты (тағылымы) әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең әйелдің халын түзе», деген. Ұлы тұлғаның бұл сөзі дәл біздің қоғамға арналып тұрғандай.
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін», ұлтымыздың үлкен үміті мен сенімі саналатын әйелдер қауымы бұзылса, қайтпекпіз? Әйел бір бұзылса, оны түзеу оңай ма? Сондықтан, әйел қауымын, әпке-қарындастарымызды әлемдік рухани агрессияның ықпалынан өз деңгейінде қорғай білуіміз керек. Бұл айналып келгенде ел тәуелсіздігін, халқымызды, жас ұрпақтың болашағын қорғау. Оларды сыртқы күштерге арандаудан қорғау Ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Жарықтық Мұхтар Әуезов: «Қазақ теріс мінезін өзі істеген ісінің қатесі шоқпардай болып, өз басына тисе тез түзеледі» деп айтқан екен. Біздің қателіктеріміз кешегі шеру болып басымызға тиді. Есеңгіремеген сияқтымыз. Бірақ бір күні әлгі шоқпар есіңнен тандырып, өмірем қаптыратын алып күшке айналса қалай болмақ?