Театр • 04 Мамыр, 2021

Жастарды қалғытпайтын алаң

780 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ішінен еркін шығармашылыққа арналған «QALLEKI» театр зертханасы ашылды. Зертхананың мақсаты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау. Зертхана алаңында эксперименттік спектакльдерді сахналау, шетелдік мамандармен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, жазушы-драматургтермен кездесу, пьеса талқылау, жаңа режиссерлермен байланыс орнату және тағы да басқа көптеген тың дүниелерді жүзеге асыру жоспарлануда.

Жастарды қалғытпайтын алаң

Шығармашылық зертхананың тұсауын кесіп, көрерменін сүйіншілеген алғашқы қойылым – Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасы болды. Шағын формадағы спектакльді театрдың жас актері Бәзіл Сұлтанғазы қойды. Бұған дейін белгілі актер, режиссер Дәурен Серғазиннің қолтаңбасында елордалық Жастар театры сахнасында музыкалық моноспектакль бағытында көрерменін қуантқан жазушы шығармасы араға бірнеше жыл салып «Қаллеки» театры репертуарын өзгеше үнімен өрнектеді.

Бас қала театры сахнасынан көріп, көңілге түйіп қойғандықтан болар, «бұл қойылымның бұрынғысынан қандай өзгешелігі болар екен?» деген үлкен қызы­ғушылықтың бойды кернеп, театрға қарай асықтырғаны рас. Оның үстіне айтулы зертхана шығармашылық еркін ізденіске негізделгендіктен, Оралханның «Ұйқым келмейдісінің» жастар санасы мен қиялына да зор сілкініс жасап, соны серпілістерге жетелейтіндігіне шын иландық. Сенім алдамапты. Жас сахна төрінде Ерсін Айтмұқаш, Әнуарбек Бектас, Ақжан Құрмашева, Сағыныш Нұрхайдарова, Айдана Әбенова, Динара Егубаева, Нұрия Бөкенбаева, Ұлжан Оразбаева бас­таған жалынды жастар шоғыры Бәзіл Сұлтанғазының режиссерлігімен ерекше формадағы қызықты қойылымды өмірге әкеліпті. Жастар үнінде тіл қатқан жазушы шығармасы сахналық көркем тілде кестеленумен қатар, көрерменін бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне де көңіл аудартады. Режиссер өткен ғасырда жазылған туындыдан бүгінгі күннің көкейкесті түйткілдерін іздейді, сол арқылы Оралхан қаламына арқау еткен жастар мәселесін заманауиландырып, ғасыр алмасқанымен құндылықтары қаз-қалпында қалған қо­ғамның мәдени мозайкасын түзеді.

Оралханның өзі айтпақшы, біздер – Адамдар, сезімді бағалау, адами құн­дылықтарды қастер тұту, ұлттық болмысқа бас ию, кие мен құдіреттің парқына бойлауды жаңа заманның тым асығыстау ағымына ілесеміз деп жүріп ұмытыңқырап барады екенбіз. Соның салдарынан болса керек, бүгінде кеше табысып, ертеңінде ажырасып жатқан жас отбасылардың, тастанды бала мен тексіз ұрпақ санының артуына да себепші болып отырған көрінеміз. Тал бесіктен бойға даритын тәрбиені есіктен шыға бере тексіздікке ұластырып алып жатқан жастар әрекетінің астарында да осы адами құндылықтарға немқұрайлы, сезімге селкеу қараудың салдары жатса керек. Қойылымда бас кейіпкер Жеңісханның аузымен айтылып, көңілді тітіркендіретін кейбір ойлар қазір де өз өзектілігін жоймапты. Жалт-жұлт жылтыраққа алданып, өмірлік маңызы бар құндылықтарды ойланбастан құрдымға тастап жүре беретін көзсіз қадамдар әлі де өз тұғырында екен. Ұрпақ – өмір жал­ғасы екендігін іштей түйсінгенімізбен, шын­туайтында бір сәттік қана қызықтың соңында жүріп, артынан орны толмас өкінішке ұрындырар шорқақ шешімдердің зардабын тартып жүрген жандар ортамызда қаншама?! Алысқа бармай-ақ, әлеу­меттік статистикаға көз жүгіртудің өзі-ақ жеткілікті деп ойлаймыз. Иә, біз сондаймыз! Тұңғышымызды көзіміз қиып, қоқысқа тастаймыз. Сәл қиындық кезіксе, жетімдер үйін жағалап, балалар үйінің санын арттыруға бейілміз. Осы сарындас қоғамдағы өзекті мәселелер қойылымның аллегориялық астарын байыта түскендей.

Одан бөлек, «Қаллеки» жастарының Оралханға оралуының тағы бір маңызды себебі – жазушының қалам қуаты мен сөз саптасы жан әлеміңді қозғап, ішкі дү­ниеңді әлемтапырық күйге түсіріп жібе­релік ғаламат сиқырға ие. Сондықтан бол­са керек, Оралханды сахнадан көрмек тұрмақ, кітаптарын парақтап оқудың өзі оқырманының ішкі күйін байытып, көңіл кірін тазартады. Ал сол сиқырдың кілтін таба алса, Оралхан шығармаларын оқытудағы театрдың әсері тіптен күшті болмақ. Әсіресе, бүгінгі визуалды ақпарат алмасу әдістеріне аса әуес жастар қауымы үшін. Осыны ескерген режиссер, бірінші жақтан баяндалатын шығарманы сахнада барынша ширықтырып, жандандыруға ұмтылыпты. Ол үшін бір кейіпкер рөлін бірнеше актерге бөліп беріп, соның нәтижесінде сан алуан толқыныста үн қатқан бас кейіпкерлер – Жеңісхан мен Бақыт образы өзіндік бояу бедерін байытып, көрермен сезіміне де ерекше әсер сыйлайды. Сахнадағы минимализмді басты бағыт еткен жастар негізінен сыртқы декорация немесе түрлі реквизиттің көме­гіне жүгінуді емес, барлық әрекетті өз жан дүние көзінен өткізіп, ішкі пластиканың мүмкіндігіне салуды басты мұраты еткен. Әсіресе, қыздар киген сахналық түрлі-түсті костюм сол мың құбылған кейіпкер көңіл күйін көркем кестелейді. Нәтижесінде спектакль бірсыдырғы баяндау стилінен арылып, арпалысқа түскен адам жанының қайшылығы мол аласапыран күйін шебер суреттейді. Актерлермен бірге көрермен де сахнадағы кейіпкер ғұмырын бірге кешкендей мың түрлі толқынысқа түседі. Ол күйді әсіресе, бірнеше музыкалық аспаптың жанды сүйемелдеуімен орын-далған әуен мен әндер одан әрі байытып, қойылымның лирикалық иірімдерін айшықтай түскендей ерекше тебірентеді.

– Театрымыздың ішінен «QALLEKI» театр зертханасын ашу көптен бері ойда жүрген жоспар еді. Соның сәті міне, жаңа ғимаратқа көшкен соң туып отыр. Бұл орталық театрымыздың жастарына өзін жан-жақты қырынан көрсетіп, шығармашылық тұрғыдан ашылуына тамаша мүмкіндік сыйлайды деп ойлаймыз. Бұл жерде әркімнің жеке ізде­нісіне және соны көпшілік алдына ұсынуына мүмкіндігі бар. Одан бөлек, зетхана алаңында эксперименттік спектакльдерді сахналау, шетелдік мамандармен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, жазушы-драматургтермен кездесу, пьеса талқылау, жаңа режиссерлермен байланыс орнату және тағы да басқа көптеген тың дүниелерді жүзеге асыру жоспарлануда. Мұның барлығы – жастарымыздың жан-жақты қырынан ашылуына жол ашатын тамаша мүмкіндік. Бүгін жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасын тамашаласаңыздар, жақын күндері Роза Мұқанованың «Сен» атты қойылымының премьерасын өткізбекпіз. Еркін форматтағы қойылымдарымыз еркін ойлы көрерменнің көңілінен шығады деген сеніміміз мол, – дейді Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев.

Иә, театрдың үлкен сахнасындағы қойылымдардан бөлек, жастардың өзін­дік ізденісі мен түрлі шығармашылық тәжірибелерге баруына «QALLEKI» зертханасының таптырмас алаң екені анық. Мұнда олар дәстүрлі шеңберден шығып, еркін шығармашылық ізденіске мүмкіндік алады әрі өзін барлық қырынан көрсетуіне де таңдау көп. Айтулы жо­баның тағы бір ерекшелігі – мұнда спектакльдер әдеттегі қойылым уақытында емес, кешкі сағат 21.00-де басталады. Яғни жұмыстан шығып, достарымен, сүйген жандарымен қыдырып, рухани демалғысы келетін көрерменге «QALLEKI» зертханасы кешкі қойылымдарының есігі әрдайым ашық. Ал айтулы өнер ала­ңының тұсауы өзге туынды емес, «Ұйқым келмейді» шығармасымен кесілуі де кез­дейсоқтық болмаса керек. Өйткені мұнда шығармашылық селсоқтыққа титтей де орын жоқ – ізденіс, ізденіс және тек қана ізденіс! «QALLEKI» зертханасы – жас­тарды қалғытпайтын алаң!