Қазақстан • 05 Мамыр, 2021

Тәуелсіздіктің түлеу тұғыры

508 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Көз жетпес көкжиекке көңіл аударсаң, көгілдір дала кеудеңе еркіндіктің жұпар ауасын құяды. Қырдағы қызғалдағын самалдың нәзік екпіні тербеген са­йын тәтті бір иіс жаныңа нұр себетіндей. Сол сәтте құстар шырылы өмірдің тәтті бір әуенін бастағандай болады. Көк аспанға күле шыққан жарық күн бүгінгі өз еншімізге тиген көк тудың табиғаттағы көшірмесі тәрізді. Байрағымыз ең алғаш зеңгірге ұмсынып желбіреген сәт есіме түскенде, мына дала енді мәңгілік менікі екені есіме түскенде кеудемді қуаныш кернейді. Сосын сол асқақ сезімді айтуға тіл жетпейтін бір ғажайып күйге бөленемін. Әне, ертеңіміз есік қағып тұр. Тәуелсіздігіміз тура жолда.

Тәуелсіздіктің түлеу тұғыры

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Құс қанаты талатын Ұлы дала жайлы әңгіме қаузай қалсаң, мақтанғың-ақ келіп тұрады. Мақтанам деп мақтанбайсың ғой, көңілде бүрлеген алау сезім жаныңды балқытып, алып ойлардың құшағына құлатады. «Бұл енді бұрынғыдай жас мемлекет емес, бұғанасы қатқан, буыны бекіген жасампаз мемлекет». Ішімде бір дауыс осылай күбірлейді. Қателіктерінен сабақ алған, келешекке деген мақсат-мұраты айқын, саяси аренада өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалыптасқан Қазақстан. Бұл – азаттықтың алып Отаны.

Бір сәт өткенге тарих дүрбісімен көз салып, уақыт шеңберінен айналып өтіңізші. Сөйтіңіз де, бабалар терін төккен, әр қадамында алақанының ізі бар тарам-тарам темір жолмен сапарға шығыңыз. Не деген кеңдік! Жап-жазық дала рельс әнін айтады, күн-түн жүрсең таусылар еместей шексіз көрінеді. Барар жеріңе ұзақ сапар шегуге болады.

Ұшақпен көкте самғаңыз. Қа­лық­­таған қанат астында қарлы шың­дар асқақтайды, ұзын өзендер ире­леңдейді, құланды құмдар жап-жасыл егін алқабымен алмасып, тағы да көкжиекпен астасып алыстай береді. Иә, осынша байтақ әрі бай өз мемлекетің болғаны неткен бақыт! Жүрегіңе шаттық орнайды.

Өткен жылдар өзгелер үшін шамалы кезең болса да, ұрпақтарымыз ауыз толтырып айта жүрер істер аз болған жоқ. Жағдай ауыр болса да беліміз бүгілмеді. Шыдадық, шынықтық, есі­мізді жинап, санамыз өсті. Кешегі күн­де­гідей емес, біз бүгін басқамыз, біз кешегіден көп күштіміз. Осының бәрі біздің халқымыздың қолы жеткен жетістік. Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының дұрыс бағытта болғанының айқын дәлелі.

Міне, бүгінде Қазақстан әлем айдынына тең құқықты тәуелсіз мемлекет болып қосылды. Енді сол әлемдік деңгей, дүниежүзілік талап тұрғысынан қарағанда біздің алатын орнымыз хал-жағдайымыз қандай екенін әрдайым бағдарлап-шамалап отыруымыз керек. Бұрын бәрін Кеңес Одағының көлем деңгейімен салыстырып, өлшейтін едік. Ендігі есеп әлемдік шеңберде жазы­луы тиіс. Өйткені біз тәуелсіз мем­лекетпіз. Біздің өз емле-ережеміз, тарихи толғамымыз, ғаламат ғұрпымыз бар.

Тәуелсіз мемлекет боларымыздың ал­дында ғана, социализм дәуірінде – өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің тари­хынан гөрі орыс, Батыс Еуропа, әлем тарихын, өкінішке қарай, мәрте­белеп оқыдық. Ондағы керітартпа түсі­ніктерді әлі де үлкен буын ұмыта қойған жоқ, санасында қатталып қалды. Әйтсе де бүгінде өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сабақтастыра отырып, өзгенің өмір қағидасын оқып, терең зерттеп, көбірек жүйелі түрде білгеннің еш зияны жоқтай. Неге десеңіз, әлемдік өркениетке мейлінше бойлауға бейімделуден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мәселе, кезінде қазақ ұлтының рухани құндылықтарын, тарихын, мәдениетін әлемдік дәрежеге жеткізе алмағандығымыздан өзгенің қазанына жаутаңдауға тура келді. Оның да басты себебі – өзіміздің дербес мемлекетіміз болмағандығында еді. Енді бәрі басқа.

Шынында, әлемге танылу, әлемдік деңгейге шығу – қиын да ұзақ жол. Біз бүгінде Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғанын, жүздеген елдің танығанын мақтанышпен айтамыз. Ол деген тәуелсіз жаңа мемлекет пайда бол­ғанда табиғи түрде атқарылатын дипло­матиялық жоралғылар. Расымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық аренаға көтеріп, қозғап жүрген мәселелерін әлем таныды. Сол арқылы еліміздің еңсесі көтерілді. Әрине оның бәрі саяси тұрғыда. Ал біз күллі дүние кеңістігінде руханиятымыз қай деңгейде екенін анықтап алғанымыз жөн. Әлем біздің мәдениетіміз бен өнерімізден қаншалықты хабардар. Тәуелсіздікке табан тірегелі өркениетіміз қанша сатыға көтерілді. Осындай сауалдар әлі де мазалайды. Біз бүгін тәуелсіздіктің нәтижесінде есімі елге танылып, қайта биікке көтерілген ұлт алыптарын еске алсақ дейміз.

Әдетте кез келген ұлт әлемдік дең­гейге рухани-ой еңбектерімен, көр­кем шығармаларымен танылады ғой. Ал біз осы рухани дүние жайын айт­қанда сонау Әл-Фарабиді, Ахмет Ясауиді, Жүсіп Баласағұнды, Қадыр­ғали Жалайырды, Мұхаммед Хай­дар Дулатиды әлемдік алыптардың қатар­ына қысылмай қосамыз. Содан келе бас ақынымыз, ақылшымыз ұлы Абай­ды аузымызға аламыз. Өзінің ой терең­дігі, сенім шынайлығы, ғибрат-ұла­ғаты жағынан адамзаттың ұлы ойшылдарының қайсысымен болса да тең түседі.

Шынайы асылдарымызды шетел­діктер, сырт көздер де бірден таниды. АҚШ-тың Колумбия университетінің ғалымдары 1967 жылы Нью-Йорк пен Лондонның біріккен баспасында «Орта Азия орыс патшасы билеген ғасырда» деген кітап шығарған екен. Онда Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық, ойшылдық еңбектерін талдап жоғары бағалаған. Содан олардың ізбасарлары, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов туралы жазады.

Соғыс уағында жауынгерлерге отты жырымен дем берген, жүз жасаған жыр жампозы Жамбыл Жабаевты дүниежүзілік құбылыс деп атасақ артық айтпағанымыз болар. Одан әрі де жалындап һәм лапылдаған өршіл Махамбетті өз дәуіріне сыймаған алыптардың қатарына жатқызуға болады. Ел болып сөйлеген халықтың көкейіндегі ойды өлеңге түсірген Шәкәрімді, Мағжан Жұмабаевты, Сұлтанмахмұт Торайғыровты дүние­жүзілік денгейдегі қаламгерлер десек тіпті де қателеспеспіз. Бұған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәбит Мұқановтың даңқты поэмаларын, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің прозасын, Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевтың ойлы өлеңдерін қоссақ, осымен-ақ қазақ әдебиеті әлемнің әдеби сөресінен өз орнын ойып тұрып алары даусыз.

Дәл бүгінге дейін ресми түрде әлемдік әдебиеттің таңдаулы туындылары қосылған «Бүкіл дүниежүзілік әдебиет» кітапханасына бірден екі том болып кірген ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы ғана. Ал әлем халықтарының рухани байлығына қазақтың ғажайып ерлік дастандары, ертегілері қосылатынын айтпаса да белгілі. Бүгінде жазушыларымыздың ішінде шет тіліне көп аударылған Әбді­жәміл Нүрпейісов, Әнуар Әлім­жанов, Әбіш Кекілбаев шығармалары әлем­дік қорға алтын әріппен кіргені анық.

Шындығында басқа халықтардың алдында мақтана айтар бір ұлан-ғайыр мұрамыз бар. Ол қазақтың халық әндері мен күйлері. Әлемдік музыка энциклопедиясына ұлы Қорқыттың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның, Ықыластың, Сүгірдің ғажайып күйлерін толығынан кіргізуге болады. Бүгінде сол алыптарымызды әлем халқы әлі күнге білмейтін болса, оларды таныта алмай жүрген кінә өзімізден. Біржанның, Ақанның, Мәдидің, Сегіз серінің әндерін ағыл­шын тіліне аударып орындаса, қанша жұрт таңғалар еді. Мұқан Төлебаевтың сан сырлы әуенге толы – «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опералары ұлт үшін үлкен қазына. Сыдық Мұхамеджанов пен Шәмші Қалдаяқовтың тамаша туын­дылары, Еркеғали Рахмадиев пен Ға­зиза Жұбанованың симфониялық шығар­малары ұлт өнерінің биік бе­лестері.

Олардан кейін елти тыңдайтын күміс көмей әншілеріміз, ес тандырар сазгерлеріміз, мың бұралған бишілеріміз бар екені әлемге мәшһүр. Өткен ғасырдың 20-жылдары халық­аралық конкурста топ жарып, Парижді бағындырған Әміре Қашау­баевты, талай ел тамсана тыңдаған Күләш Байсейітованы, биімен талайды тәнті еткен Шара Жиенқұлованы кезінде көбі ести де көре алмады. Ал егер көріп, білсе бүкіл әлем басқаша бағалар еді. Солардың ізін жалғаған қазақтың бағына туған Димаш Құдайберген арқылы жұрт қазақ өнерін енді-енді көріп біліп жатыр.

Одан кейін бізде әлем тарихында үлкен мән-маңызға ие, бағасы қымбат ежелгі ескерткіштер жетерлік. Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Айша бибі кесенелері, әйгілі Отырар қаласының орны, Ұлытаудағы Жошы хан мен Алаша ханның мазарлары, Маңғыстаудың жер астындағы және жер үстіндегі сан ал­уан ғажайып мешіт-кесенелері тарихи құнды жәдігерлер. Ал Есік қорғанынан табылған алдын адам өз алдына бөлек әңгіме. Ол дүниеде тең­десі жоқ, бірегей дүние. Біздің сан ғасырлардан сақтап, болашаққа алып келе жатқан тарихи мұраларымыз әлі де өз дәрежесінде бағаланады деген ойдамыз.

Қазақ киносы да әлемдік өркениетте өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қазақ­тың таңдаулы фильмдері халықаралық байқауларда топ жарып, ең бастысы ел есімін көкке көтерді. Шәкен Айма­новтың, Мәжит Бегалиннің, Абдол­ла Қар­сақбаевтың, Сұлтан Қожы­қов­тың таңғажайып туындылары, Әмен Хайдаров жасаған қазақ­тың тұң­ғыш мультфильмдері әлемдік дең­гей­дегі озық кинокартиналар. Қай­бір жылдары Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін жер бетінің сан та­рапында жүрген қазақ­тар таспа­ға кө­шіріп алып, үйді-үйлерінде ұста­­ғаны белгілі. Талантты режис­сер­лер Е.Шынарбаевтың, А.Әмір­құлов­­тың, Р.Нұғмановтың, Т.Теме­нов­тің, С.Апырымовтың, Д.Мана­баев­тың көркем фильмдері жұрт аузына ілі­ніп, талай елді аралап кетті. Мұ­­ның бәрі тәуелсіздікті аңсаудан туған ба­балар мен ұлағатты ұрпақтың ара­сын­дағы тағылымды байланыс. Ал тәуел­сіз­діктен кейінгі буын сол асылдары­­мыз­ды қадірлеп, әлемге паш етуіміз қажет.

Тәуелсіз мемлекет болу – ұлты­мыз­дың ғасырлар бойғы арманы болса, сол тәуелсіздікті ұстап тұру, толыққанды мемлекет болып қалыптасу – одан да биік мұрат. Егемендікті әрбір қазақ жаны­мен, санасымен түйсініп, сезінуі ұлттық рухтың сапасын арттырады. Біз мысалға алған алыптар қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың мыңнан бірі ғана. Аты аталмай кеткендері қаншама. Олардың арманы тәуелсіз мемлекеттің тұрғыны атанып, елін, жерін биікке көтеру еді. Сол нұрлы арманның құшағында бүгін біз шат-шадыман күн кешіп жатырмыз. Тәубе! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!