Спорт • 05 Мамыр, 2021

Гранд-турда топ жаруды көздейді

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

8 мамырда велоспорттан 112 жылдық тарихы бар «Джиро д’Италия» гранд-туры басталады. Италия тас жолдарында өтетін бұл жарыс маңыздылығы жағынан «Тур де Франстан» кейінгі екінші орында тұр. Туринде басталып, Миланда өз мәресіне жететін көпкүндікте биылдан бастап атауын өзгерткен Қазақстанның Astana-Premier Tech велоклубының спортшылары да бақ сынайды.

Гранд-турда топ жаруды көздейді

Сонау 1909 жылдан бері ұйым­­дастырылып келе жатқан дүбірлі дода биыл 104-мәрте өткізіледі. Италия тас жолдарын­дағы дәстүрлі жарыста қазақ­стандық команда жыл сайынғы бәсекеде тәуір өнер көрсетіп жүр. Тіпті «Астананың» екі вело­шабандозы үш рет жарыс жеңімпазы атанған. Атап айт­сақ, 2008 жылы испаниялық Аль­берто Контадор бір рет және 2013, 2016 жылдары италиялық Вин­ченцо Нибали екі мәрте осы жарыстың бас жүлдесін олжалап, «Астананың» абыройын ас­қақ­татқан еді. Сонымен қатар жекелеген кезеңдерде басқа да велошабандоздарымыз тұғырдың биік сатысынан көрінді.

Astana-Premier Tech велоклубын Апеннин түбегіне биылғы «Париж – Ницца» жарысында екінші және «Альпі турында» үшінші орын алған ресейлік Алек­сандр Власов бастап барады. Сонымен қатар «Джиро д’Ита­лияға» Испания чемпионы Луис Леон Санчес пен Горка Исагирре, италиялық велошабандоз Самуэле Баттистелла, Фа­био Феллине, Маттео Собреро, колумбиялық Харольд Техада және қазақстандық спортшы Вадим Пронский қатысады.

«Александр Власов – біздің «Джиро д’Италия» жарысындағы көшбасшымыз және ол осы доданың жалпы есебінде жоғары орынға ие болу үшін барын салады. Оған команда өкілдері барынша қолдау көрсетеді деп сенеміз. Біз «Альпі турында» Власовтың бабы жақсарып келе жатқанын байқадық. Сондықтан ол «Джиро» фавориттерінің бірі бола алатынына сенімдімін. Власов Италияда топ жару үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Сонымен қатар біздің құрамда белгілі бір кезеңдерде сынға түсетін мықты және тәжірибелі шабандоздар да бар. Мен, ең алдымен, Луис Леон Санчес пен Горка Исагирраны айтқым келеді. Бұл екі испаниялық велошабандоз гранд-турларда қалай жеңіске жету керектігін жақсы біледі. Екеуі де қазір нағыз бабында және команданы алға жетелеуге толық дайын. Дей тұрғанмен, осы додаға қатысып жатқан біздің кез келген спортшымыз барлық кезеңде жеңіске жету үшін күресе алатынын білемін. Фабио Феллине мен Самуэле Батистелла шағын пелотоннан спринттік жарысқа қатыса алады. Маттео Собреро уақытқа арналған жекелеген жарыстарда өзінің қандай дәрежеде екенін көрсетті. Сондықтан біздің спортшылар Туриннен жарысты сәтті бастайды деп ойлаймын», деді Astana-Premier Tech команданың спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

Айта кетейік, биылғы «Джиро д’Италия» велокөпкүндігіне 23 ко­манданың 148 велошабандозы қатысады деп жоспарлануда. Ал 21 турға созылатын жа­рыста спортшылар Турин мен Ми­ланға дейін 3479,9 шақырым жолды жүріп өтеді.