Руханият • 05 Мамыр, 2021

Шығыс самалының құдіреті

816 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Гете де жетпіске келіп шау тартып, мына дүниенің жақсылығынан да жамандығынан да қажып, жанын нұрға бөлеп, тынымсыз жүрегі сая табатын самал іздегенде қолына шығыстың жауһарлары түседі. Ақын тосыннан тапқан олжасын былайша суреттейді: «Дүниенің теріскейі тарылып, Батыс батпаққа батып, Оңтүстік те ыдырап, патшалардың алтын тағы құ­лап жатқан мына шақта Шығысқа ұм­тыл. Қаймағы бұзылмаған әлемнің сама­лы­мен сергіп, өміріңді жаңартып қайта жаса». Бар мағынасы осы бір жолдардан сезі­ле­тінін­дей, Гетенің көзқарасы, болмысы, дүниетанымы жаңаша түрленіп, осы әсерде жа­зылған «Батыс-Шығыс диваны» өзін Шығыс жұлдыздарының қатарына қоюға құқық берді.

Шығыс самалының құдіреті

Гете пір тұтқан Шығыс шайырларының мұрасынан қазақтардың соңғы ғасырда көз жазып қалуы ұлттық санамызды ойсыратып кетті. Төрткүл дүние әдебиетінің асыл қазынасын сарқа оқығандағы алғанымыз көкірегімізде сайрап, санамызда салтанат құрса да Шығыстан аттап өту, жас күнінде анаңның уызына қанбағанмен пара-пар кемістік емес пе.

Содан да болар, Шығыс шайырларының аты аталған жерде ішім удай ашып, жүрегім зар жылайды. Кеудемде Шығысты ана тілімізге тәржімалап, тауысып оқуға атеистік идеологияның құрсауы мұрша бермегенінің өкініші қыжылдайды. Бізге жеткен теңіздің тамшысындай ғана аудармалардан Шығыс философиясының дәмі аузыма келсе де, қанып ішіп, тойына алмағаныма өкінемін. Инстинкпен қармаланып жанға дауа іздейміз. Алайда оның қайнарын әу баста-ақ, болмысымен біте қайнасқан қазақтың жанын тазартып, рухын асқақтатпасын дегендей, атеистік, еуроцентрлік, космополиттік идеология тізгіндеп алып, бітеп қойғандай. Қазір мұның бірі де жоқ, бірақ санамызда аталған жез шеңгелдердің тыртығы бар. Тырп етсең әлі де тызылдап шыға келеді. Өкініштісі, Шығысты жанымен түсінетін ақын да бүгінде жоқ. Абайдың өздеріңізге мәлім:

«Физули, Шамси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдет бер, иә, шағири фарияд» деген төрт шумақ өлеңі мені Шығыс дүниесіне алып келді.

Соның ішінде Жұмекен Нәжімеденовтің орысшадан аударған «Бустан» (Жеміс бағы) өлеңдер топтамасы көзге түсті. Ақын Сағдидің ғазалдарын тек жүрегіне жақынын ғана теріп тәржімалапты. Бұл асылдың бір сынығы ғана. Сол ғазалдарды оқыған сайын ақылгөй қарттың сөзін тыңдағандай күй кешесің. Бойыңдағы кірді ғазалымен жуасың. Менмен көңілің басылып, әншейіндегі астамшылығың қайда кеткенін білмей қаласың. Міне, Сағдидің адам тәрбиелеудегі құдіреті. 

 Ақын адамның тек қысылтаяңдарда ашылатын табиғатын соншалықты дөп танып, қарапайым тілімен жеткізе білген. Сағди соңғы ғасырларға дейін ирандықтар үшін «Ақыл-ой билеушісі, Ұлы ой әміршісі» болды. Оның ең танымал еңбегінің бірі «Гүлстан» ақылында сәулесі бар әрбір ирандықтың қасиетті тұмарындай болды, жас күнінен сонымен сауатын ашып, есейе келе өмірдің сырын осы кітаптан үйренді. Бұл еңбек барша түркілерге ортақ қазына екенін мынадан білуге болады. Ол Алтын Орда тұсында жарық көрген «Гулистан бит-турки» атты ғазалдар мен хикаттардан тұратын жинақ. Оны Сағди Ширазидің «Гүлстанын» 1391 жылы Сәйф Сараи аударған екен. Онда патшалар, дәуріштердің әдет-ғұрпы, адамгершілік және қанағат, үндемеудің пайдасы, сүйіспеншілік жән жастық шақ, кәрілік пен әлсіздік, тәлім-тәрбиенің әсері мен сұхбат әдебі туралы айты­ла­ды.

Ал шайырдың «Бустан» (Гүл бағы) еңбегінде оның зәулім сарай салып, әділдік, игілік, махаббат, кішіпейілдік, ризалық, қанағат, тәрбие, шүкірлік, тәубе, мінәжат атты адам­дарға арналған есіктерін ашып, ғазал­да­ры­мен зерлегенін тілге тиек етеді.

«Бауырым деп, Адамзаттың бәрін сүюге» шақырған Абай даналығымен өсіп келеміз, ал Сағдидің «Өзгелердің дертіне бейғам болсаң, Адам атауына лайық болып қалмассың» деген ғазалы Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде жазылып тұр екен.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, алдағы уақытта шәкірт бала медет сұраған Физули, Шамси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа Хафиз Сағди Ши­ра­зи­дің мұралары ана тілімізге толықтай тәр­жі­­ма­ланып, оқырмандарына жетуіне күш салу керек. Бәлкім сонда Шығыстың сама­лы­мен тыныстап, адалдықпен өмір сүру қағи­даларын, кеңдік пен дарқандықтың шы­ғыс­­тық қалыбын қабылдап жан дүниемізде дана­лықтың дәні өркендеп мінезіміз көркем бола түсетін шығар.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,

әдебиет сыншысы