Еуропалық Одақтағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі былтыр 15 триллион доллар болды. Бұл жалпы әлем экономикасының алтыдан бірін құрайды. Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең үлкен экспорттаушы ретінде белгілі. Мәселен, 2019 жылы Одаққа мүше мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауарды басқа елдерге сатқан. Өз кезегінде 1,93 триллион еуроның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық Одақтан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланыс.
Осындай алпауыт ұйымды басқару бірнеше адамға сеніп тапсырылған. Санамалап берсек, бүгінде Еуропалық Одақтың түрлі институттарын басқаратын 11 президент бар екен. Солардың ішінде үшеуінің шоқтығы басқалардан биік тұр.
Дэвид-Мария Сассоли Еуропалық Парламентті басқарады. Ол 2019 жылы сайланған болатын. Биылғы желтоқсанда Сассоли мырзаның өкілеттігі аяқталады. Еуропалық Парламент президентін палата мүшелері сайлайды. Оның міндетіне Парламент жұмысын заңға сәйкес жүргізу, оның жұмысы мен міндеттерін нақтылау, заңды және халықаралық қатынастар мәселесінде Еуропалық Парламент атынан өкілдік ету жатады. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың бюджетін бекітетін де осы институт.
ЕО-дағы тағы бір беделді ұйым – Еуропалық Кеңес. Қазіргі таңда оның президенті – Чарльз Мишель. Еуропалық Кеңес президентін ЕО-ға мүше мемлекеттердің басшылары сайлайды. Әр үш жыл сайын ауысып отырады. Бұл институт президентінің міндеті – Кеңес жұмысын басқару, Еуропалық Одақ қызметінің негізгі бағыттарын айқындау, Еуропалық Комиссиямен бірлесіп жұмыс істеу және сыртқы және қауіпсіздік мәселелерінде ЕО атынан өкілдік ету.
Үшінші белді ұйым – Еуропалық Комиссия. Бұл институттың ерекшелігі сол, оның президентін 4 жыл мерзімге ЕО-ға мүше мемлекеттер басшылары сайлайды. Қазіргі таңда Комиссияны Урсула фон дер Ляйен басқарады. Бұл президент Комиссия жұмысын жүргізуге, Еуропалық Одақ саясатын іске асыруды бақылауға, G7 елдерінің жиындарына қатысуға, Одақ пен оған мүше мемлекеттер арасындағы мәселелерді шешуге міндетті.
Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ Кеңесінің президенттігі деген лауазым бар. Бірақ бұл президенттік жыл сайын мүше мемлекеттерге ретімен ауысып отыратындықтан, кәрі құрлықты билеуге таласуда аса маңызға ие емес.
Бұрын Еуропалық Одақтың президенттері құрлықтың «қожайыны» кім екенін көрсетуге аса ұмтыла қоймайтын. Ондай амбициясы болса да, онысын былайғы жұртқа байқатпайтын. Бірақ кейінгі кезде президенттердің өзара тайталасы анық аңғарыла бастады.
Естеріңізге салсақ, биылғы сәуір айының басында Еуропалық Кеңес президенті Чарльз Мишель мен Еуропалық Комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Түркияға сапармен барған-ды. Сол кезде бүкіл әлем ерекше оқиғаға куә болды. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен қонақтардың кездесуі кезінде төрге екі-ақ үстел қойылыпты. Оның біріне Ердоған жайғасса, екіншісіне Чарльз Мишель отырды. Ал Урсула фон дер Ляйен бірнеше секунд бұған түсінбей қалып, кейіннен аудармашының қарама-қарсысындағы диванға жайғасты.
«Софагейт» атанып кеткен осы сәттің видеосы бұқаралық ақпарат құралдарында тарағаннан кейін-ақ бүкіл Еуропа дүр ете түсті. Бұл түсінікті де. Өйткені, Урсула фон дер Ляйен де, Чарльз Мишель де тең деңгейлі президенттер. Сондықтан протокол бойынша екеуі де Р.Ердоғанмен бірге отыруы тиіс-тұғын.
Алғашқыда ерінбегеннің бәрі Түркияны айыптап шыққан. Кейінірек Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мәселенің ақ-қарасын айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, басшыларды осылай отырғызу Еуропалық Одақ тарапының ұсынысы болған.
Жалпы, Урсула фон дер Ляйен мен Чарльз Мишельдің осындай оғаш сәтке тап келуі бірінші рет емес. Екі президент бұған дейін де бірнеше мәрте бәсекелестігін аңғартып қойған. Әсіресе, аты дардай екі институттың тізгінін ұстағалы ішкі тартыс басталды десек, артық айтқандық емес.
Мәселен, Урсула фон дер Ляйен қызметіне кірісе сала Эфиопияға сапармен барып, Африкалық Одаққа мүше елдердің басшыларымен кездесті. Кейінірек Чарльз Мишель дәл солай қара құрлыққа тартып кетті. Осы сапардан үш апта өтпестен Урсула ханым қайтадан Аддис Абебаға ат басын бұрды.
Былтырғы қаңтарда да ұйым басшылары бәсекелестігіне куә болдық. Берлинде Ливиядағы азаматтық соғысқа қатысты конференция өткен-ді. Жиынға Ч.Мишель мен У.Ляйен, сондай-ақ Еуропалық Одақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Джозеф Боррель қатысты. Бір қызығы, ЕО-ның үш басшысы ортақ мәлімдеме жасауы тиіс еді. Бірақ конференция барысында Ч.Мишель өзі жеке сөйлеп, У.Ляйен мен Дж.Боррель ортақ мәлімдемемен шектелді.
Былтыр Иерусалимде өткен Холокост форумында да ішкі тартыстың элементтерін анық аңғардық. Жиын барысында шартараптан келген мемлекет басшылары мен ұйым басшылары қыршыннан кеткен боздақтар рухына арнап гүл шоқтарын қойды. Еуропалық Одақ атынан форумға Ч. Мишель мен У.Ляйен, сондай-ақ Еуропалық Парламент президенті Дэвид-Мария Сассоли қатысты.
Тәртіп бойынша гүл шоғын үшеуі бірге апарып қоюы тиіс болатын. Бірақ бұл жолы да Ч.Мишель алға түсіп, гүлді өзі көтеріп апарды. Оның ізін ала жүрген У.Ляйен мен Д.Сассоли амалсыз өз орнында тұрған гүл шоғына қолын тигізумен шектелді.
Негізі Еуропалық Одақтың жеке-дара көшбасшысы атануға талпынудың тарихы тереңде жатыр. ЕО-ға мүше мемлекеттер 2007 жылы Португалияға жиналып, Лиссабон келісіміне қол қойды. Аталған келісімге сәйкес, Еуропалық Кеңестің президенттігі тұрақты түрде бекітілді. Оған дейін Одаққа төрағалық ететін мемлекет Кеңестің президентін тағайындайтын.
Осылайша, жоқ жерден президенттердің көбеюі өзара бақталастық тудырды. Сондықтан шығар, 2017 жылы Еуропалық Комиссияның сол кездегі басшысы Жан-Клауд Юнкер екі қызметті біріктіруді ұсынған болатын.
«Егер екі президентті біріктірсек, Еуропа бұдан да бетер жақсы қызмет ететін еді. Егер кемені бір капитан басқарса, Еуропаны түсіну оңайға түседі», деген еді Ж. Юнкер.
Кей сарапшылардың айтуынша, кейінгі кезде Еуропалық Одақтың негізгі көшбасшысы атануға талпынудың астары бар деп есептейді. Politico.eu сайтының жазуынша, У.Ляйен де, Ч.Мишель де өз елінің мүддесін қорғауға тырысады.
Мәселен, Урсула ханым кезінде Германияның қорғаныс министрі қызметін атқарған. Сондай-ақ бундес-канцлер Ангела Меркельдің қол астында жұмыс істеп, оның мектебінен өткен.
Ұлты француз Ч.Мишель бірнеше жыл Бельгияның премьер-министрі ретінде тер төкті. Соған қарамастан, оған Франция президенті Эммануэль Макронның ықпалы үлкен деп есептейтіндер көп. Ал Германия мен Франция одақтағы ең үлкен мемлекеттер екені түсінікті.
Қорыта айтқанда, Еуропалық Одақтың басшылары өзара бәсекелесіп, негізгі мәселеден назарын аударып алғандай. Мұндайды дана халқымыз «қойшы көп болса, қой арам өледі» деп қысқа қайырған ғой. Сондықтан кәрі құрлықтағы қазіргі ахуалға қарап отырып, «президент көп болса, Еуропалық Одақтың келешегі қалай болар екен?..» деген ой келмей қоймайды.