Парламент • 06 Мамыр, 2021

Өңірлерде кездесулер өткізді

123 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары жұмыс сапарымен аймақтарда жүр. Олар еңбек ұжымдарымен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірлердегі шешімін күткен мәселелерді талқылауда.

Өңірлерде кездесулер өткізді

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысы Ұлытау аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен кездесу барысында мал ұрлығын алдын алу, есірткіге қарсы күрес, зорлық-зомбылықты болдырмау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кездесуде медиация арқылы сотқа жеткізбей татуластыру, сот жүйесін қалыптастыру, полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтасыз ету қажет екендігі айтылды. Сенатор сонымен қатар «Ұлытау» қорық-мұражайын аралады және биылғы жылы пайдалануға берілетін туристік сапар орталығының жұмысымен танысты. Сенатор ауданда тарихи туризм, экотуризм, агротуризм және киелі мекендерді аралау бағыттарын дамыту, туристер үшін қызмет көрсету сапасын  арттыруға аса көніл бөлу қажеттігін атап өтті. Р.Әбдікеров Ұлытау аудан әкімдігінде аудан тұрғындарымен, жұртшылықпен және актив мүшелерімен кездесті. Жүздесуде ауыл тұрғындары көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Әсіресе, ауызсу мен электр энергиясы, Ұлытау-Жезқазған бағытындағы жол қатынасы және сол бағытта жүретін жолаушылар көлігінің негізгі мәселелері талқыланды. Сенат депутаты Жезді кентінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын аралап көрді.

 * * *

Сенатор Қайрат Қожамжаров Қазақстан Қарулы Күштері Аэромобильді әскерінің №68665 әскери бөлімінде болып, казармалық-тұрғын үй қоры, әскери қызметшілерді тамақтандыруды ұйымдастыру, қару-жарақ пен әскери техника үлгілері, сондай-ақ әскери бөлімді материалдық-техникалық жабдықтау барысымен танысты. Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев қатысқан жұмыс кеңесінде Қарулы Күштердің 2021-2023 жылдардағы қажеттіліктерін жеткілікті қаржыландыру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау және пандемия кезіндегі әскери қызметті атқарудың ерекшеліктері талқыланды. Отырысқа қатысушылар сонымен қатар армияның жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін одан әрі нығайтуға, әскери қызметшілер мен  олардың отбасының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаларды талқыға салды. Атап айтқанда, әскери полиция, әскери қызмет мәселелері, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастарына қатысты заң жобалары қаралды.

 * * *

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Ләззат Сүлеймен, Динар Нөкетаева, Сұлтанбек Мәкежанов «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымымен кездесті. Серіктестікке қарас­ты басылымдардың бас редакторларымен өткен кездесуде бас­пасөздің бүгінгі мәселелерімен танысты. Сенат қабырғасында қабылданған заңдар мен Парламенттік тыңдаулар туралы журналистерге айтып берді. Ұлттық құндылықтар мәселесінің де басты назарда екенін жеткізді.

Сенаторлар ұлттық баспасөзде көтеріліп жатқан мәселенің барлығына бірдей мүмкіндігінше назар аударылатынына сендірді. Ұлттық тәрбие, жер мәселесі, ұлттық бірегейлік пен жаһандану жағдайында тіл, діл тазалығын сақтап қалу, әсіресе балалар басылымының жай-күйі, жалпы баспасөзге жазылу, басылымдарды тарату ісінде кездесіп отыратын кедергілер туралы газет-журналдардың бас редакторлары мен сенаторлар дөңгелек үстел сипатындағы отырыста жан-жақты талқылады.

 * * *

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында болды. Сенатор сапары Бородулиха ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көруден басталды. Депутат құрылыс барысымен таныса келіп, еліміздегі бұқаралық және балалар спортын дамытуға жоғары деңгейде ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Сенатор мұндай нысандардың құрылысы бұқаралық спортты дамытуға серпін беретінін, демек, салауатты өмір салтын ұстанушылар саны арта түсетінін жеткізді.

Сенатордың дәрігерлермен және орталық аудандық аурухананың басшыларымен кездесуінде ауданның денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы туралы айтылды. Қазір инфекциялық стационарда 22, жансақтау бөлімінде 4 орын болса, 50 төсектік орын резервте жабдықталып тұр.

Ольга Булавкина ауданның шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу барысында фермерлерді ірі қара мал басын көбейтуге және асыл тұқымды базаны жақсартуға арналған бордақылау алаңдарын жасауда белсенді болуға шақырды.

 * * *

Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысы жұмыс сапары барысында «Астана» өңірлік қолбасшылығы басшылығымен және №31775 әскери бөлімнің әскери қызметшілерімен кездесті. Қарағанды қаласында орналасқан механикаландырылған бригадада болған кезде депутат офицерлермен және сержанттармен бірге әскери бөлімдегі әскери қызметшілердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту және  олардың еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелерді талқыға салды. Сергей Ершов сонымен қатар №36352 «Спасск» әскери бөліміндегі оқу орталығының әскери қызметшілерімен кездесті. Әскери қызметшілер кездесу барысында зейнеткерлікке шыққаннан кейін ипотека төлеуге ақшасының жетіспеуі немесе денсаулығына байланысты шұғыл комиссияланғанда созылмалы науқасы бар балалары бар әскери отбасылардың қосымша тұрғын үй алу құқығының болмауы, рапорт жазған кезден бастап емес, әскери қызметті бастаған сәттен бастап тұрғын үйге кезекке қою, ипотека алғанда банктік пайыздық мөлшерлемелерді төмендету қажеттігі және басқа мәселелер туралы айтылды.

Қарағанды облысына сапары барысында депутат қазіргі уақытта Қазақстан халқын вакцинациялауда кеңінен пайдаланылатын Спутник V вакцинасы шығарылатын Қарағанды фармацевтика кешенінің қызметкерлерімен де кездесті.