Әлем • 06 Мамыр, 2021

Медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде жұмыстан шығуға тыйым салынды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оман Сұлтанатында билік медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде жұмыстан шығуға тыйым салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Медицина қызметкерлеріне пандемия кезінде жұмыстан шығуға тыйым салынды

Бұл талаптың енгізілуі COVID-19 вирусының жаңа жағдайларының көп тіркелуімен және жергілікті ауруханалардың медициналық қызметкерлеріне артылған жүктеменің ұлғаюымен байланысты. Үкімет тыйым салудың дәл қазіргі уақытта ең қажетті шара екенін айтады.

Франция келушілер міндетті түрде карантиннен өткізілетін елдердің тізімін кеңейтеді. Мұндай шаралар коронавирустың жаңа штамдарының таралуын болдырмау мақсатында қабылдануда. Бұған дейін билік Бразилия, Үндістан, Чили, Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина және Гвианадан келгендер үшін міндетті 10 күндік карантин белгілеу туралы жарлық шығарған болатын.

Камбоджа Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдарына «қызыл» аймақтардағы оқиғаларды жариялауға және жедел жәрдем көліктерін түсіруге тыйым салды, себебі ел инфекцияның рекордтық өсуімен күресуде. Билік ауруханаларда төсек орындардың жетіспеушілігіне байланыысты мектептер мен банкет залдарын медициналық орталықтарға қайта бейімдеп жатыр.

6 мамырдан бастап Бавария билігі COVID-19-ға қарсы вакциналанған адамдар үшін әлеуметтік шектеулерді алып тастайды. Бұл туралы аймақ басшысы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ол екпе салдырған және ауырып жазылған адамдар туыс-таныстарымен кедергісіз кездесулерге бара алатындығын және оларға коменданттық сағат талаптары қолданылмайтындығын, мекемелер мен дүкендерге барған кезде ПТР тестінің нәтижелері талап етілмейтіндігін атап өтті. Баварияның қалған тұрғындары үшін коменданттық сағат әлі де 22:00-ден 05:00-ге дейін әрекет етеді.

Бүгін Үндістанда коронавирустан көз жұму жағдайлары мен инфекцияны жұқтыру көрсеткіші бойынша жаңа рекорд жаңартылды. Өткен тәулікте: 412 618 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болса, 3 982 адам аурудан қайтыс болды.